Делегация мүшелері Грузия Жоғарғы сотының төрағасы Нино Гвенетадзе ханыммен кездесті. Грузия тарапынан кездесуге Әділет министрлігі мен Бас прокуратураның, Ішкі істер министрлігі мен Конституциялық соттың, Жазаны орындау және пробация минис- трлігі мен Адвокаттар қауымдастығының, Заң көмегі қызметі мен Заң фирмалары қауымдастығының және Әділет жоғары кеңесінің өкілдері, сон- дай-ақ Тбилиси қалалық және апелляциялық соттарының судьялары қатысты. Әңгіме барысында Грузиядағы сот реформалары мен қылмыстық сот төрелігі жүйесінің мәселелері талқыланды. Грузия тәжірибесінің ерекшелігі, қылмыстық сот ісін жүргізудің еуропалық үлгісіне көшудің қысқа мерзім ішінде жүзеге асырылып, оның өте тиімді қолданылып жатқанын атап өткен жөн. Кездесу соңында қазақстандық делегацияның басшысы Грузия тарабына жылы қарсы алғаны үшін алғысын білдірді және құқықтық салада өзара іс-қимылды одан әрі кеңейту қажеттігін айтты. Тбилиси қаласында сол күндері «Активтерді қайтару және киберқылмыстылық» тақырыбында Халықаралық прокурорлар қауымдастығының VIII Шығыс-Еуропа және Орталық-Азия өңірлік конференциясы өткен болатын. Шараға әлемнің 27 елінен 150 өкілі мен 7 халықаралық органдардан және ұйымдардан өкілдер келген еді. Біздің тарапымыздан оған Бас прокурордың орынбасары Марат Ахметжанов қатысты. Прокурорлар ұрланған, оның ішінде электронды валюта түріндегі активтерге тыйым салу мен тәркілеу бойынша халықаралық ынтымақтастықтың, құқықтық көмек туралы сұраулардан тыс ресми емес ынтымақтастықтың, тыйым салынған мүліктерді басқарудың көкейкесті мәселелерін талқылады. Форум шеңберінде М.Ахметжановтың Грузия, Украина, Белоруссия, Ұлыбритания, Өзбекстан бас прокуратураларының басшыларымен, сондай-ақ ХПҚ басшылығымен келіссөздері өтті. Екіжақты кездесу барысында әңгімелесушілер транс- ұлттық ұйымдасқан қылмыспен, есірткі бизнесімен, киберқылмыстылықпен, экстремизм және терроризммен күрес шеңберінде ынтымақтастықтың ең маңызды бағыттары бойынша тәжірибе алмасты. Сондай-ақ, жиын барысында құқық қорғау жүйесін реформалау, шарттық-құқықтық базаны кеңейту мен нығайту саласындағы қол жеткізілген жетістіктер жайлы әңгіме қозғалды.
«Егемен-ақпарат»