• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
Аймақтар 30 Маусым, 2017

Шымкентте Еуро-4 және Еуро-5 стандартымен жанармай шығарыла бастады

165 рет
көрсетілді

Шымкент мұнай өңдеу зауытын жаңғырту жобасының бірінші кезеңі аяқталды. Нәтижесінде мұнай өңдеу тереңдігі 80 пайызға артып, өнім шығару көлемі жылына 6 млн тоннаға, жанармай өндірісі 3 есе көбейді. Ең бастысы – жанармай сапасы Еуро-4 және Еуро-5 экологиялық стандартына көшті, деп хабарлайды ОҚО әкімінің баспасөз қызметі.

Тарихи оқиғаға қатысты өткен салтанатты жиынға Қытай Халық Республикасының CNPC компаниясы бас директоры Биан Дыжы мен Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев қатысып, зауыт жұмысына сәттілік тіледі.

«Елбасымыз халыққа арнаған Жолдауында елімізді өз мұнай өнімдерімен қамтамасыз ету керектігін баса айтқан болатын. Осы тапсырмаға сай Шымкент мұнай өңдеу зауытында жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Бұл жұмыстар «Үдемелі индустриялық-инновациялық даму» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асырылып отыр. Қазірде аталған бағдарламаның аясында Қазақстанның үш ірі мұнай өңдеу зауытын жаңғырту және қайта жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бүгін міне бірінші кезеңнің іске асуына куә болып отырмыз», – деді Жансейіт Түймебаев.

Жаңғырту жұмыстарының бірінші кезеңінде Шымкент мұнай өңдеу зауытында шикізатты ыдыстарға саңылаусыз құятын қондырғы іске қосылды. Сондай-ақ қуаты жылына 1,5 млн тонна дизель отынын гидротазалайтын және жылына 4 мың тонна күкірт өндіретін қондырғы іске қосылып жұмыс істей бастады. Айта кетейік, инновациялық тың технологиялар автоматты түрде басқарылады.

Мамандардың айтуынша, бұдан былай ауа ластанбайды. Ең бастысы – зауыттағы жұмыстардың бәрі қауіпсіз іске асырылатын болады. Кәсіпорын мұндай мүмкіндікке «Үдемелі индустриалды инновациялық даму» бағдарламасы аясында қол жеткізіп отыр.

Естеріңізге сала кетейік, 2 кезеңнен тұратын Шымкент мұнай өңдеу зауытын жаңғырту жобасы «Үдемелі индустриалды инновациялық даму» бағдарламасы аясында 2011 жылы басталған болатын. Жобаның бас мердігері – Қытайлық СРЕСС компаниясы. Жобаны іске асыруға 30-да аса жергілікті мердігер компания тартылған. Бүгінде зауыт акциясы «ҚазМұнайГаз-ӨМ» АҚ мен қытайлық «СNPC» компаниясына тиесілі.

Сондай-ақ зауытта жылына 4 мың тонна күкірт шығарылады. Құрылымдау жұмыстарының екінші кезеңі толық аяқталса, зауыт еліміздегі әлемдік талаптарға сай ірі кәсіпорынға айналатын болады. Жыл сайын Шымкент мұнай өңдеу зауытынан ішкі, сондай-ақ сыртқы нарықтарға 4 млн тоннаға жуық мұнай өнімдері тиеп жөнелтіледі.