Әскери самбодан ұйымдастырылған халықаралық жарысқа 300-ге жуық спортшы қатысты. Сайыстың бірінші күнінде 52 келі салмақта ел намысын қорғаған жас балуан Есентай Имаханов күміспен күптелсе, өзбек спортшысына жол берген Төлеген Нұрғалиев қола медальды қанағат тұтты.
2016 жылы Түрікменстандағы Азия чемпионатында үздік үштіктен көрінген ауыр салмақтағы Ерасыл Қажыбаев алтыннан алқа тағынды. Ол ақтық сында былтырғы Азия чемпионатының жеңімпазы иран балуанынан айласын асырды. «Семей» спорт академиясының биылғы алғашқы түлегі Қуандық Стамполов та Ерасылдың жеңісін қайталап, ел мерейін асқақтатты. Өзге салмақтарда сынға түскен Аян Рамазанов күміс, 81 келідегі жас спортшы Қуаныш Ратаев пен әйелдер сапында күрескен Айдана Сұлтанбекова қола жүлдегер атанды.
Азамат ҚАСЫМ,
«Егемен Қазақстан»
СЕМЕЙ