• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
04 Шілде, 2017

Қанағатшылдық пен қарапайымдылық

342 рет
көрсетілді

Уақыт өткен сайын көп­теген өзге­рістерді бас­тан кеші­рудеміз. Тірші­ліктің қай саласын, қай тұсын алып қарасаңыз да жаңа­шыл­дықтың, басқаша бір көз­қарастың пайда болғанын аңғарасыз. Яғни уақыт ағымы­мен келген өзгерістер өмірге, әрекет-тіршілігімізге деген түсінікті, көзқарасты да бас­қаша қалыптастыруға үн­дейді. Демек, жаңа заманның жасам­­паз­ды­­ғына жұтылып кетпеу үшін ескірген көз­қарастардан арылып, дүбірлі дүниенің даңғыл жолына түсуді  жаңаша ойлауымыз қажет.

Елбасы Н.Назарбаев өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бүкіл елдің қолдауына ие болған еңбегінде алдыңғы қатарлы елдермен иық түйістіріп, тереземізді тең ету мақсатында өркениетті дәуірдің даралық дамуына сана-сезімімізді бейім­­деу уақыт талабы екен­дігін атап көрсетті. Мемлекет басшысы  қанымызға сіңген көптеген дағдылар мен таптаурын болған қасаң қағидаларды өзгерт­пейінше, біздің толыққанды жаңғы­руымыз мүмкін еместігін, праг­матизмнің талай жарқын үлгі­лерін бабаларымыздың өмір салтынан табуға болатынын айтты. Расында да, өткен тарихтан, ата-бабаларымыздың шынайы тіршілігінен үлгі етерлік, өнеге аларлық нәрсе көп. Тек терең зерделеп, тәлім-тәрбие­лік мәнін бүгінгі жастарға жеткізе білу маңызды. Елбасы өз еңбегінде  жерге аса немқұрайлы қарау­дың ащы мысалын келтірді.  «Халқымыз ғасырлар бойы туған жердің табиғатын көздің қарашығындай сақтап, оның байлығын үнемді, әрі орынды жұмсайтын теңдесі жоқ экологиялық өмір салтын ұстанып келгенін» еске салды. Иә, бабаларымыз жердің қадір-қасиетін өте жақсы білген. Мысалы,  кең-байтақ даламыздың құнарын, табиғи байлығын өз қажетіне тиімді ете үнемдей пайдаланған. Мыңдаған төрт түлік малын жайлауға жай жібере салмаған. Сол аймақтағы жайлауда өсетін шөптің бой көтеретін, оның пісіп-жетілетін уақытын есептеп, тапталып қалмауын ескеріп малын жайған. Шетелдік фермерлердің жерді тақта-тақтаға бөліп тастап, бірін  50 күн немесе келесісін 30 күн пайдаланатынын ақпарат құралдары жариялап жатады. Мен айтар едім, шетел емес өз ата-бабаларымыз осылай жердің құнарын сақтай бөліп-бөліп пайдаланған. Яғни, бабалар тіршілігінен алар үлгі-өнеге көп. Өкінішке қарай, қазір жерді гектарлап алғанымен дұрыс пайдаланбайтындар көп, бос жатады немесе ары кеткенде жоңышқа егеді. Елбасы айтқандай, «жаңғыру жолында бабалардан мирас болып қанымызға сіңген, бүгінде тамырымызда бүлкілдеп жатқан ізгі қасиеттерді қайта түлетуіміз керек». Яғни, бір күндік оймен, қара бастың қамымен табиғи байлығымыздың құнын жоғалтпай, ысырап етпей, құнарын сақтай отырып пайдаланғанымыз жөн. Хакім Абай өзінің он сегізінші қара сөзінде: «Тегінде, адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ. Онан басқа нәрсеменен оздым ғой демектің бәрі де – ақымақтық» дейді. Осы орайда, Елбасы Н.Назарбаев мінез-құлықтың прагматизмі дегеніміз − нақты мақсатқа жетуге, білім алуға, саламатты өмір салтын ұстануға, кәсіби тұрғыдан жетілуге басымдық бере отырып, осы жолда әр нәрсені ұтымды пайдалану екенін айтты. «Прагматизм – өзіңнің ұлттық және жеке байлығыңды нақты білу, оны үнемді пайдаланып, соған сәйкес болашағыңды жоспарлай алу, ысырапшылдық пен астамшылыққа, даңғойлық пен кердеңдікке жол бермеу деген сөз. Қазіргі қоғамда шынайы мәдениеттің белгісі – орынсыз сән-салтанат емес. Керісінше, ұстамдылық, қанағатшылдық пен қарапайымдылық, үнемшілдік пен орынды пайдалану көргенділікті көрсетеді» – деді Елбасы  «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты еңбегінде. Бұл біздің қоғам үшін дер кезінде айтылған, әрбір сөзінің астарында терең ой, нақты мақсат жатқан, жол көрсететін, даналы сөз. Дарқан көңілді қазақпыз. Ысырапшылдыққа жиі жол береміз. Әсіресе, той-жиынымызда. Одан арылатын кез келді. Жалпы, Мемлекет басшысы айтқан ой дастарқанға ғана қатысты емес, ауқымы кең мәселе. Мемлекеттік қызметші мен қарапайым халықтың арасындағы қатынас та мәдениеттіліктің деңгейін білдіреді. Қарапайымдылық, ұстамдылық, қанағатшылдық пен үнемшілдік әрқайсымыздың бойымыздан табылуы тиіс. Майқы би: «Қанағат қарын тойғызар, Қанағатсыз жалғыз атын сойғызар» деп бекер айтпаса керек. Ежелден қазақ тойды «халықтың қазынасына» балаған. Себебі, тойда халықтың өнері, салт-дәстүрі мен бата-тілегі тоғысады. Ал қазіргі тойларда, өкінішке қарай,  олай болмай тұр. Тірнектеп жинаған қазынасын мағынасыз төгіп-шашатындар көп. Ораза кезінде де ысырапшылдыққа жол беріп алдық. Бұл тұрғыда ойланатын, көзқарасты өзгертетін кез келді. Прагматизм дегеніміз­дің өзі нақты іс-әрекетті көр­­­сетеді. Елбасы­­­­мыз қ­а­зір­­гі дүниетанымның өз­­­­ге­руі­­не праг­­матикалық тұрғыдан қа­рау­­­ға ша­қы­рады. 

Ағабек СҮГІРӘЛИЕВ, «Құрмет» орденінің иегері Оңтүстік Қазақстан облысы