Қазақстан Президентінің үстіміздегі жылғы 26 қыркүйектегі Жарлығымен Қостанай облысының жергілікті соттарына жаңа төрағалар мен судьялар тағайындалды. Алдымен Қостанай қалалық сотының төрағалығына Самалбек Мұхтаров бекітілді. Ол бұрын Ақмола облысындағы Бурабай аудандық сотының төрағасы болып қызмет істеген болатын. Ал осыған дейін Қостанай қалалық сотын басқарған Асылбек Жұмағұлов мамандандырылған ауданаралық қылмыстық істер жөніндегі соттың төрағасы болып тағайындалды, аталған соттың бұрынғы төрағасы өз қалауымен осы соттың судьясы қызметіне ауысты. Денисов аудандық сотын басқарып келген Бақтыбай Исмұхамбетов енді Қарасу аудандық сотының тізгінін ұстады. Осы соттың бұрынғы төрағасы Алтай Ерғалиев Қостанай қалалық сотының судьясы болып тағайындалды.
Қостанай облыстық сотының пленарлық мәжілісінде облыстық сот төрағасы Бағлан Мақұлбеков жергілікті соттардағы осы ауыс-түйістерді айтып, жаңа төрағаларды таныстырды. Сонымен қатар, жиналғандар Қостанай облыстық сотының судьясы Алексей Кобцевті құрметті демалысқа шығарып салды. Ол Қостанай облыстық сотында 38 жыл қызмет етті, соның ішінде 16 жыл облыстық соттың төрағасы лауазымы қызметін атқарған. Білікті судья және шебер ұйымдастырушы Кобцевті Қостанай облысындағы соттарда қызмет істейтін судьялар өзіне ұстаз тұтады.
Ардагер әріптестерінің құрметіне рахмет айта отырып, мейірман қазақ жерінде судья болып қалыптасқанын мақтан тұтып, өзіне тапсырылған халық пен Президент сенімін ақтай білгенін қанағат ететінін жеткізді.
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА.
Қостанай.