Биыл еліміздің дамуына күрт өзгеріс енгізген бұл тарихи құжаттың қабылданғанына жиырма жыл толмақ. Осы ретпен 1998 жылдың 6 мамырында Президент Жарлығымен Ақмола Астана қаласы атанғанын, арада екі апта өткен соң «Қазақстан Республикасы астанасының мәртебесі туралы» Заң қабылданғанын айта кеткен жөн. Бүгінде 6 шілде Президент Жарлығымен елімізде Астана күні және жалпыхалықтық мереке ретінде кеңінен аталып өтеді. Одан бергі уақытта егемен еліміздің тұрғындары өздерінің жаңа елордасы –Астанада үшінші мыңжылдықты қарсы алды. Бір сөзбен айтқанда, 6 шілдені мемлекетіміздің тарихи тағдырын айқындауға нақты бетбұрыс жасалған күн деп түсінгеніміз жөн. Өйткені, осы күннен бастап Астанада ел мен халық тағдырына, оның болашағына қатысты әлеуметтік-экономикалық маңызы өте жоғары өміршең шешімдер қабылдана бастады. Егер біз Алматыны тәуелсіздіктің бесігі деп бағалаған болсақ, Астанаға тәуелсіздіктің бойтұмары деп алқа таққанымыз орынды деп санаймыз. Қалай десек те, егемен елдің астанасының өсіп-өркендеуі мен көркеюі – жазылмаған заңдылық. Әрі мұның өзі бүкіл Қазақстанның өркендеуі деп өте орынды айтылып жүр. Түркітілдес халықтар, соның ішінде, өзіміздің ата-бабаларымыз хандар орналасқан аумақты Орда деп атаған. Тілдік сөз қолданысымызға Елорда мен Ақорда атауларының еркін кірігіп кетуі де сондықтан болса керек. Сондай-ақ, ұлттық болмыс-бітіммен және елдік мінез-құлықпен кескін-келбеттің көрініс алатын тұсы да Астана болуға тиіс. Себебі, қай елде де ұлттың бетке ұстар зиялы қауымы мен ірі шығармашылық тұлғалары сол елдің астанасында тұрып, қызмет жасайды. Тұтас ел мақтан тұтарлық ғылым, әдебиет пен өнер туындылары да негізінен мемлекеттің орталығында туындайды. Республикамыз мемлекет құраушы ұлт – қазақтарға ғана емес, сонымен бірге өзге этностар мен ұлыстардың өкілдеріне де құтты мекен болып келеді. Елдің дамуының басты кілті – тұрақтылық пен бірлікте, тыныштық пен татулықта емес пе? Осы үлгі мен үрдістің өзі де бас қаламыз – Астанадан бастау алса игі. Әлемдегі қай елдің болсын астанасының тек өзіне тән даму ерекшелігі болмай тұрмайды. Ал біздің елордамыздың басты ерекшелігіне келсек – мұнда оның тұрғындарының арасында елдік рух пен мемлекеттік мінез-құлық атойлап тұрғанын қалар едік. Бүгінгі Астананың көркі мен келбетіне ешкім сын таға алмайды. Ол жылдан жылға «тотыдайын таранып, сұңқардайын сыланып» келеді. Астанадағы алып құрылыстар уақыт өткен сайын қанатын кеңге жая түсуде. Әрине, мұның өзі бірінші кезектегі өте қажетті де, маңызды іс. Философиялық көзқарас тұрғысынан қарастырғанда, сонымен бір мезгілде сандық тұрғыдан да, сапалық тұрғыдан да елорданың бас иесі мемлекет құраушы ұлт екені айқын аңғарылып тұруға тиіс. Бұл қағидат жалпы адамзаттық әлеуметтік үрдіске қайшы келмейді. Бұдан шығатын түйін – Астананы қазақыландыру мәселесінің ұдайы назарда болуы қажет екендігі. Біз мұны айтқанда ұлттық шектеушілік пен ұлттық томағатұйықтық ұғымдарын тықпалап отырмағанымызды ашық айтқымыз келеді. Қараңыз, қазақ деген ұлт атауына «стан» жалғауы жалғанып тұр. Ендеше, мұның өзі қазақтардың отаны, қазақтардың мекені деген ұғымды білдірмей ме? Бір сөзбен айтқанда, осы арадан елдің мерейі мен мәртебесінің үстем әрі бітім-болмысының тұтас болуы деген мәнді мәселе туындайды. Астана – тек бүгінгі күнмен өмір сүре алмайды. Оның келешегі жас ұрпаққа сапалы білім және саналы тәрбие беру ісімен тығыз байланысты. Біздің білуімізше, Астанада осы игі істердің негізі мен бастамасы бар. Бұған қоса жастарға этномәдени білім мен тәрбие беру ісі шешімін тапқанын қалаймыз. Мұндай жағдайда олардың бойындағы отаншылдық рух пен өз еліне адал қызмет ету жөніндегі таным-түсініктері одан әрі тереңдей түспек. Сондай-ақ, ел азаматтарының үлкен-кішісінің бәрі бірдей өзін өзі ұдайы жетілдіріп, өз танымдары мен ойлау жүйесін жаңғыртуға ұмтылса – елдігіміз де солғұрлым еңселене түспек. Мемлекет басшысы рухани жаңғыру мәселелеріне қатысты барша қазақстандықтарға ұсынған бағдарламалық мақаласында: білімді, көзі ашық, көкірегі ояу болуға ұмтылу біздің қанымызда бар қасиет демеп пе еді?! Бұдан ел мен ұлттың табысты болуының ең басты факторы білім екенін тағы да тани түсеміз. Айталық, құндылықтар жүйесі дегеніміз ауқымы өте кең ұғым. Әрі оны әркім әр түрлі тұрғыдан түсініп, әр түрлі тұрғыдан бағалауы мүмкін. Бұл арада айтайын дегенім, осы жүйеде білім – бәрінен биік тұрса, бұдан тек ұтысқа шыға аламыз. Бүгінгі басты тақырыбымызға қатысты айтқанда, Астананың жоғары оқу орындарында білім мен тәрбиені жан-жақты өрістетуге барлық жағдайлар бар. Ендеше, осы үрдіс еліміздің барлық өңірлеріне сіңісті болып жатса нұр үстіне нұр. Әр елдің астанасы – өз ұлтының танымдық болмысы мен қайталанбас келбетінің айнасы. Ұлттық салт-дәстүрлері мен бай тарихи мұрасының басты көрсеткіші. Астананың қалаптасуы мен тарихы тұтастай мемлекеттің дамуымен және өсіп-өркендеуімен өзектес. Халықтың өз елордасына деген көзқарасы мен ықыласы неғұрлым жоғары болса, оның ел арасындағы еңсесі де солғұрлым биіктей түспек. Астана – елдің тынысы мен жай-күйін жан-жақты әрі терең түрде барлап отыратын барометр. Ел тұрғындары әлеуметтік-экономикалық және рухани тұрғыдағы өзгерістерді осы арқылы өлшеп-пішіп, ыстық-суығын сезініп отырады. Оның барша ел тұрғындарының алдында мәртебесі биік болуының басты сыры да осында. Сондай-ақ, Астана – ХХІ ғасырда қазақ мемлекеттілігінің басты идеялық ұстанымын айқындай алатын бас қала, елдігіміздің еңселі көрінісі, тұтастай ұлт болып ұйысуымыздың басты алғышарты. Бұған қоса, Астана – Президент мақаласында айтылғандай, жаңғыруға деген ішкі ұмтылыс пен алға қарай дамудың ең басты қағидасы. Өмір сүруіміз үшін өзгере білуіміз керектігінің таптырмас моделі. Алтай ТАЙЖАНОВ, философия ғылымдарының докторы, профессор
Қазақстан
•
04 Шілде, 2017
Тәуелсіздік бойтұмары
440 рет
көрсетілді
1994 жыл. 6 шілде. Дәл осы күні Қазақстанның астанасы Алматыда өткізілген Жоғарғы Кеңестің мәжілісінде республика Президенті Нұрсұлтан Назарбаев сөз сөйлеп, еліміздің экономикалық, экологиялық, саясат және демографиялық мәселелеріне терең талдаулар жасады. Келесі бір кезекте Мемлекет басшысы бұл мәселелердің түбегейлі шешімі астананы Ақмолаға көшіру арқылы табылатынын тайға таңба басқандай тұжырымдап берді. Арада үш жыл өткен соң, 1997 жылдың қазан айының 20-ы күні Президент Ақмола қаласын «Қазақстан Республикасының астанасы деп жариялау туралы» Жарлыққа қол қойды.