• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
Спорт 04 Шілде, 2017

Жарыстар күнделігі (04.07.2017)

178 рет
көрсетілді

Су спорты Қазақстандық суда жүзуші, Рио Олимпиа­дасының чемпионы Дмитрий Баландин Болгария ашық чемпионатында брасс әдісімен жүзуден 2 алтын, 1 қола медаль иеленді. 100 және 200 метрге жүзуде Дмитрий алдына жан салмады. Екі қашықтықта да бірінші келді. Ал 50 метрге брасс әдісімен жүзуде қола медальды қанағат тұтты.  Дмитрий Баландин Болгария ашық чемпионатынан кейін 14-30 шілде аралығында Венгрия астанасы Будапештте өтетін әлем чемпионатына қатысады. Айта кетейік, бұл отандасымыздың Рио Олимпиадасынан кейінгі алғашқы халықаралық жарысы.

Альпиниада Алматыда Астана күніне арналған дәстүрлі «Нұрсұлтан шыңы-2017» альпиниадасы өтті. Аталмыш шараға 5 мың адам қатысқан. Оның ішінде Еуропа мен Азия елдерінен келген қонақ­тар да бар. 4 376 метрді бағындыруға тілек білдіру­шілер арасында кәсіпқой спортшылар, балалар мен ересектер де болды. Нәтижесінде, ерлер арасындағы бәсе­кеде Малик Абду-Асет шыңды 1 сағат 55 минут­та бірінші болып бағындырса, әйелдер арасында Айжан Жомбатыр шыңға 2 сағат 27 минутта шықты. 

Теннис  Халықаралық теннис ассоциациясы теннис­шілердің рейтингін жаңартты. Шілде айының басындағы ерлер арасындағы рейтинг бойынша қазақстандық теннисші Михаил Кукушкин 118-орнын сақтап қалса, Александр Бублик бір саты төмендеп, 135-орынға сырғыды. Ал, қыздар арасындағы рейтингте Қазақстанның бірінші нөмірлі ракеткасы Юлия Путинцева 43-орыннан көрінді. Ярослава Шведова екі саты төмендеп, үздік 50 спортшыны қорытындылап тұрса, Зарина Диястың рейтингтегі орны өзгерген жоқ. Ол – 130-сатыға жайғасқан.

Кәсіпқой бокс Қазақстандық кәсіпқой боксшы Мирас Жақыпов Қытайда өзінің екінші кездесуін өткізіп, 1 раундта техникалық нокаутпен жеңіске жетті. Жартылай жеңіл салмақта жұдырықтасатын отандасымыз жергілікті Тик Туэрхунжиангпен шаршы алаңға шыққан болатын.  Еске сала кетейік, Мирас Жақыпов кәсіпқой бокстағы алғашқы кездесуін осы жылдың қаңтар айында өткізіп, қытайлық боксшы Гуанджи Женді ұпай санымен ұтқан еді. 

Әли БИТӨРЕ, «Егемен Қазақстан»