• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Үкімет 04 Шілде, 2017

Үкіметте тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелері қаралды

160 рет
көрсетілді

ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы қазақстандық заңнаманы шетелдік нормалар мен ережелерге сәйкестендіру мен жетілдіру мәселелері қаралды, деп хабарлайды primeminister.kz

ҚР ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласын жетілдіру мақсатымен 2016 жылғы сәуірде заңнамаға бірқатар өзгерістер мен толықтырулар енгізілгенін атап өтті. Сонымен қатар құрылыс нормаларымен қарастырылмаған, «Бизнес», «Элит», «Эконом» санаттары секілді, тұрғызылып жатқан тұрғын үйлердің сыныптамасына жарнама жасауға, сонымен қоса, биологиялық белсенді қоспалардың жарнамасын орналастыруға тыйым салынған.

ҚР ұлттық экономика министрлігі жекелеген тауар нарықтарында тұтынушылардың құқықтарын қорғау мен электронды сауда қатысушыларының қызметтерін тұтынушылардың құқықтарын сақтау кепілдіктерін айқындау арқылы реттеу жұмыстарын күшейтуді жоспарлауда. Жарнама жариялау, соның ішінде, оны орналастыру уақыты, анықтығы мен тауарлардың тұтынушылық қасиеттері бойынша талаптарды күшейту көзделген.

Ұлттық заңнама тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелерін реттейтін шетелдік нормалар мен ережелерге сәйкес келтіріледі. Кәсіпкерлік субъектілерінің сапа стандарттары мен тауарлардың қауіпсіздігін қадағалау бойынша жауапкершіліктері күшейтіледі.

ҚР ҰЭМ-нің жүргізіп отырған жұмыстарында тұтынушылық сауаттылық, сондай-ақ, тұтынушылардың азаматтық белсенділігінің деңгейін арттыруға және олардың тауарлар, құқықтары мен міндеттері туралы ақпараттануына ерекше көңіл бөлінеді.

«Тұтынушылардың құқықтарын қорғаудың институционалдық негізін жетілдіру тұтынушылардың құқықтарын бұзудың алдын алуға, нарықтарды сапалы тауарлармен молықтыруға және де Қазақстандағы тұтынушылардың қорғалу деңгейін арттыруға мүмкіндік береді»,- деп сөзін түйіндеді Т. Сүлейменов.

Отырыс барысында қаржы қызметтерін тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелері жөнінде ҚР Ұлттық банк төрағасы Д. Ақышев, медициналық қызмет көрсету сапасын арттыру туралы ҚР денсаулық сақтау министрі Е. Біртанов сөз сөйледі. Жұртшылық тарапынан «Қазақстан тұтынушыларының ұлттық лигасы» басқарма төрайымы С. Романовская сөйледі.

Үкімет отырысының мәселелерін қарау қорытындысы бойынша ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев ҚР Ұлттық экономика министрлігіне, орталық және жергілікті атқарушы органдарға тұтынушылардың құқықтарын қорғау бойынша белсенді шаралар қолданып, халыққа бұқаралық ақпарат құралдары арқылы тұтынушылардың құқықтары туралы кеңінен ақпарат таратуды тапсырды.