Кеше Астанадағы Тәуелсіздік сарайында «Қазақстан: 20 жыл орнықты даму, инвестициялар мен тұрақты ынтымақтастықтың жаңа көкжиегі» деген тақырыпта VI KAZENERGY еуразиялық форумы өз жұмысын бастады.
Құдіреті күшті табиғат тақырланып бара ма, қасиетті Жер-ана өз үстін мекендейтін жеті миллиард адамзаттың сұранысын қанағаттандыруда жылдан-жылға күрделі қиындықтарға тап болуда. Жаһандану үрдісі белең алған сайын ортақ планетамызда азық-түлік тапшылығы, энергетикалық тапшылық атты тығырықтар бой көтере бастады. Қасиетіңнен айналайын, ата-баба қалдырған асыл мұра – атамекеннің арқасында Қазақстан үшін таяу болашақта дүние жүзін дүрліктірген азық-түлік тапшылығынан да, энергетикалық тапшылықтан да келер үлкен қауіп жоқ. Дегенмен, әлемдік экономикалық байланыстарға тұтаса кіріккен Қазақстан үшін бұл жаһандық проблемаларды шешуге үлес қосу адамзат ертеңі үшін жауапкершілік тұрғысындағы маңызды міндеттердің бірі. Міне, арайлы Астананың сәулетті Тәуелсіздік сарайында бас қосқан әлемнің озық ойлы сарапшылары, ғалымдары, ірі мұнай-газ компанияларының өкілдері осы бір өзекті мәселені тілге тиек етті. Бұл дәстүрлі форум осы жолы Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай өткізіліп отыр.
Сонау бір жылдары енді ғана егемендік алған еліміз өліара шақта Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен жас тәуелсіз мемлекетке инвестиция тарту мәселесін күн тәртібіне шығарды. Елбасының сара саясатымен Қазақстан 1991 жылдан бастап, елде түбегейлі әлеуметтік-экономикалық реформалар жүргізу, ашық нарықтық экономиканың негізін қалау, сырттан келетін инвесторларға және бизнеске қолайлы да тиімді жағдай жасау шараларын бірінші кезекке қойды. Тарих бұл бағыттың дұрыс та табысты екендігін дәлелдеді. Осы өтіп жатқан VI KAZENERGY еуразиялық форумы Қазақстанның тәуелсіздік жылдарындағы елдің энергетикалық саласында жүргізген өркениетті де ашық саясатының тиімділігін тағы да дәлелдеп отыр.
VI KAZENERGY еуразиялық форумы отырысын ашқан KAZENERGY ассоциациясының төрағасы Тимур Құлыбаев еліміз тәуелсіздік алған осы жылдар ішінде экономикасы тұрақты да қарқынды дамып келе жатқан мемлекет ретінде әлемдік қауымдастықтың белсенді мүшесі бола білді, деп атап көрсетті. Сонымен бірге ол шетелдік инвесторлармен жүргізілген жүйелі жұмыстар нәтижесінде 2010 жылы Қазақстан жаһандық мұнай рыногында өз үлесін екі есе арттырып, уран өндіруден (жылына 17,8 мың тонна) әлемде бірінші орынға шыққандығын айтты. Болашаққа белгіленген меже бойынша, еліміз 2015 жылдары мұнай және конденсат өндіруді жылына 95 миллион тоннаға, табиғи газ шығаруды 15 миллиард текше метрге жеткізбек. Тимур Құлыбаев алғашқы кезекте сөзді Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Кәрім Мәсімовке берді. Үкімет басшысы форумға қатысушыларға маңызды жұмыстарында сәттілік тілеп, бұл халықаралық басқосудың біздің еліміз үшін ерекше жыл болып саналатын биылғы ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына орайлас өткізіліп отырғандығын ерекше атап өтті.
Индустрияландыру Қазақстанның қарқынды даму бағытында әрқашан шешуші рөл атқарып келеді. Шетелдік энергетикалық компаниялар біздің еліміздегі ең бірінші инвесторлар болды және бүгінде де Қазақстанның ірі инвесторлары болып қалуда. Сондықтан біз шетелдік инвесторларымызға ерекше маңызды көңіл бөлеміз. Бұл инвесторларымыздың көпшілігі бүгін осы залда отыр, деді өз сөзінде Үкімет басшысы. Қазіргі кезде әлемдік экономикалық даму үрдісінде бәсеңдік байқалады, АҚШ-тың қаржылық ахуалының нашарлауы және Еуропадағы қарыз дағдарысының қордалануы сенім тұғырын шайқалтып, рецессия қаупін туғызуда. Инвесторлар кейбір үкіметтердің шешуші саяси қадамдар үшін қолдау көрсету мүмкіндігіне күдікпен қарайтын болды. Үлкен көлемде инвестициялық капиталдар тартатын индустриялар үшін бұл ерекше ауыртпалық туғызуда. Осыған байланысты Қазақстан Үкіметі инвестициялар тартуда және оларды сақтап қалуда айрықша белсенділік қажет екендігін жете түсінеді.
Жаһандық климаттың өзгеруі барған сайын үлкен қатер төндіруде. Энергетикалық қауіпсіздік және экологиялық қатерлер энергетикалық табиғи қорлардың азаюына әкеп соғуда. Адамзат алдында тұрған бұл қатерлер жаһандық ауқымда бірігуімізді, сөйтіп, ортақ қиындықтарды жеңуімізді қажет етеді, деп жалғастырды сөзін Кәрім Мәсімов. Оның айтуынша, Қазақстан бұл проблемаларда тиімді ортақ шешім табуға тырысады. Бұл жерде мәселе экологиялық жағынан қауіпсіз экономикалық даму жағдайына қол жеткізу болып табылады. Еліміз энергетикалық тиімді экономика қалыптастырудағы жаңа технологияларға барынша басымдық беруде. Биыл тамыз айында Үкімет «Энергетикалық тиімділік және энергия үнемдеу туралы» заңды мақұлдады. Бұл заң өнеркәсіптегі энергия қуатының көлемін 2015 жылы 10 пайыз, ал осы он жылдықтың аяғында 25 пайызға төмендетуді көздейді.
Бұл ретте біз атом энергетикасын дамытуда алғашқы қадамдар жасап жатырмыз. Маусым айында біз энергетикалық дамудың жаңа бағдарламасын қабылдадық, бұл бір жағынан Қазақстанда алғашқы АЭС салу мәселесін де қарастырады. Ал Жапонияның Фукусима АЭС-інде болған қайғылы оқиға бізді бұл саланы дамытудағы жаңа мүмкіндіктер туралы ойлануға мәжбүрлейді. Дегенмен де, біздің ойымызша, Қазақстанның энергетиканың бұл саласын дамытуда үлкен мүмкіндіктері бар. Біздің ойымызша, Фукусима оқиғасы ең алдымен, барынша қауіпсіз энергетикалық саланы қалыптастыру үшін баршамызға сабақ болуы керек, деді Үкімет басшысы.
Одан әрі Кәрім Мәсімов бүгінгі форумға қатысушылардың шығыс пен батыста энергетикалық қауіпсіздіктің алғышарттарын қалыптастыруда ерекше рөл атқаратынын атап көрсетті. «Біз өзіміздің шикізат тасымалдау бағыттарымызды әртараптандыруға барлық жағдайды жасап келеміз. КТК-ның тасымалдау қуатын кеңейтудің бірінші кезеңі басталды, бұл құбырдың тасымалдау қуатын 30 миллион тоннаға арттыруға мүмкіндік береді. 500 шақырымға созылған Бейнеу-Бозой-Шымкент газ құбыры Батыс Қазақстан аймағын оңтүстіктің тұтынушыларына жалғастырады. Тиісінше, бұл Қытайға баратын Орталық Азия құбыр жолын байланыстырады. Энергетикалық саланың экономикалық даму үрдісін қалыптастырудағы маңызды сала екендігін біз барынша жете түсінеміз», деді сөзінің соңында Премьер-Министр Кәрім Мәсімов.
Келесі кезекте сөз алған Еуропалық одақтың энергетика жөніндегі комиссары Гюнтер Оттингер. – Мен Астанаға келгеніме өте қуаныштымын. Шынында да Азияның ортасында жаңадан жайқалып өсіп келе жатқан Астанаға келу мен үшін жағымды жаңалық болып саналады, – деп бастады өз сөзін. – Сонымен қатар Қазақстан Үкіметі мен бүгінгі форумның ұйымдастырушыларына арнайы шақырулары үшін шынайы ризашылығымды білдіремін. Форумға халықаралық қатысушылардың құрамына қарап-ақ Қазақстанның тәуелсіздік алғаннан бері қандай жетістікке жеткенін, сондай-ақ қазір халықаралық энергетика саласында бұл елдің қаншалықты маңызды рөл атқаратындығын байқауға болады. Қазақстан ЕО үшін Орталық Азия аймағындағы басты әріптес болып табылады. Нұрсұлтан Назарбаев мырзаның өткен жылғы Брюссельге сапары екі тарапқа да жақсы серпіліс берді. Нәтижесінде ЕО мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынас бұрынғыдан бетер жақсара түскенін айта кету керек. Қазіргі таңда Еуропалық одақ энергетикалық сала және Орталық Азиямен арадағы қарым-қатынасты өздерінің алдыңғы қатарлы саяси басымдықтары ретінде белгілеп отыр.
ЕО Қазақстандағы ең ірі біріккен инвестор болып табылады. Қазақстанға келетін тікелей шетелдік инвестицияның жалпы көлемінің жартысынан көбі ЕО-ның үлесінде. Осы инвестицияның үштен екі бөлігі энергетика, тау-кен саласына салынады. Жуырда ЕО Кеңесі Әзербайжан және Түркіменстанмен транскаспийлік газ құбыры құрылысын салу үшін Еуроодақтың келіссөздер жүргізуін мақұлдады. ЕО үшін мұндай құбыр құрылысы Оңтүстік дәліздің дамуына үлкен үлес қосады. Көпшілігі бұл мақұлдаудың ЕО-ның инфрақұрылым жобасын қолдауға арналған халықаралық келісім-шартты бекітуді өзі ұсынған бірінші жағдай екенінен бейхабар. Сондықтан біз өз тарапымыздан болашақта Қазақстанның Оңтүстік дәліз құрылысына қатысуын қалаймыз, деді Г.Оттингер. Біз инвестициялардың келуін құптаймыз, сонымен қатар еуропалық рынокқа жаңа жеткізушілерді енгізу үшін қажетті мүмкіндіктер жасайтын біздің рыноктарымызды жалғастыратын транзиттік мүмкіндіктерді де қуана мақұлдаймыз. Біз Оңтүстік дәліздің шынайы жүзеге асуы үшін жұмыс жасап жатырмыз. Біз жақсы бағалармен және үздік тұтынушылармен тұрақты рынок құру өте маңызды деп есептейміз. Жаңа газ құбыры Каспийдің шығыс жағалауынан экспортты дамыту үшін жаңа мүмкіндіктер ашпақ. Сонымен қатар Еурокомиссар Қазақстан мен ЕО елдері арасында энергетика саласындағы әріптестіктің нығая түсетіндігіне, осы салада жаңа келісімге қол жеткізуге сенім білдірді. Оның пікірінше, ЕО пен Қазақстанның энергетикалық әріптестігінің іргетасы мықты, бірақ одан да жоғарыға қол жеткізуге мүмкіндік бар.
Біз Қазақстан мен ЕО арасындағы энергетика саласындағы әріптестік бойынша өзара қарым-қатынас және түсіністік меморандумын пайдаланамыз. Бұл сонымен қатар ядролық салаға, энергетикалық қауіпсіздік мақсатында бірлесе қызмет істеуге, энергетикалық саладағы әріптестікке де байланысты. Сонымен бірге біз ЕО мен Қазақстан арасындағы ядролық саладағы ынтымақтастыққа да зор маңыз береміз. Бұл ретте энергетикалық салада пайдаланатын таза көмір мәселесі, энергетикалық тиімділік және баламалы энергия көздерін ашу мәселелеріндегі ынтымақтастықты дамытуға да мүдделіміз.
Форумда сөз алған Дүниежүзілік мұнай кеңесінің президенті Рэндалл Госсен бүгінде 65 мемлекет мүше болып отырған бұл халықаралық ұйымның жаһандық энергетикалық қауіпсіздіктегі рөліне тоқталды. Оның айтуынша, бұл кеңеске мүше мемлекеттер бүкіл адамзат мүддесі үшін әлемдік мұнай қорын тиімді басқару мен пайдалануды мақсат тұтады.
Одан әрі «Қазақстан энергетикалық саласының 20 жыл тұрақты дамуы және оның Еуразия энергетикасындағы рөлі: жетістіктер, даму қарқыны, проблемалары және болашағы» деген тақырыпта баяндама жасаған Мұнай және газ министрі Сауат Мыңбаев Қазақстан энергетикасының 20 жылдық тұрақты даму жетістіктеріне тоқтала келіп, төмендегі деректерді келтірді. 1991 жылы Қазақстанда мұнай өндіру көлемі 25,2 миллион тонна болса, 2011 жылы 80,4 миллион тонна болмақ. Ал 2020 жылы бұл көрсеткіш 132,1 миллион тоннаға жетеді деп күтілуде. Газ өндіру 1991 жылы 7,8 миллиард текше метр болса, 2011 жылы 40,5 миллиард текше метр, 2020 жылы 92,2 миллиард текше метр болмақ. Оның ішінде тауарлы газ өндіру көлемі 1991 жылы 5 миллиард текше метр болса, биылғы жылы бұл көрсеткіш 26 миллиард текше метрге жеткізілмек, деп атап көрсетті. Бүгінгі таңда Қазақстанда мұнай мен газ өндірудің 61 зерттелген келісім-шарттар бар. Ел тәуелсіздігінің 20 жылдығы ішінде бұл салада қол жеткізген жетістіктер аса ауқымды. Қазір Қазақстанның көмірсутегі шикізатын экспорттайтын әлеуетті тасымал құбырлары бар. Атап айтқанда, бүгінде Қазақстанның көмірсутегі шикізаты «Атырау – Самара», «Каспий құбыр желісі консорциумы», «Атасу – Алашанькоу», «Баку – Тбилиси – Жейхан» құбырлары және Ақтау порты арқылы әлемдегі тұтынушыларына тасымалданады. Алдағы уақытта экспорттау бағыттарын кеңейту мәселесі де күн тәртібінде тұр. Мәселен, 1991 жылы бұл құбырлар арқылы 13 миллион тонна мұнай экспортталса, 2011 жылы 72 миллион тонна қазақ мұнайы сыртқа шығарылмақ.
Сонымен бірге министрдің мәлімдеуінше, біздің энергетикалық сала кәсіпорындарының басты міндеті ішкі рынокты мұнай өнімдерімен толық қамтамасыз ету болып табылады. 20 жыл ішінде бұл мақсатта да ауқымды шаралар іс жүзіне асырылды. Алайда, бүгінгі таңда Қазақстанның 3 мұнай өңдеу зауыты елдің ішкі рыногын сапалы жанар-жағармаймен толық қамтамасыз етуге мүмкіндігі жетпейді. Бұл бағытта отандық 3 мұнай өңдеу зауытының қуатын арттыру және шығаратын өнімдерінің сапасын көтеру мақсатындағы модернизациялау жұмыстары қолға алынған.
Еліміздің мұнай өңдеу және мұнай-химия өндірісін қалыптастыру және модернизациялау жөнінде ірі жобалар белгіленіп, жүзеге асырылуда. Бұл мақсатқа көлемді инвестиция тартылған. Атап айтқанда, Атырау мұнай өңдеу зауытын қайта құру және модернизациялау жобасы шеңберінде ароматты көмірсутегін өндіру жөніндегі кешен құрылысы салынуда. Бұл алдағы уақытта жылына 133 мың тонна сапалы бензол, 496 мың тонна параксилол шығаруға мүмкіндік бермек. Сонымен бірге осы жоба аясында Атырау мұнай өңдеу зауытында мұнайды тереңдетіп өңдеу кешенінің құрылысы іске қосылады. Павлодар және Шымкент мұнай өңдеу зауыттарын қайта құру және модернизациялау жобалары да еліміздің ішкі рыногын жоғары сапалы мұнай өнімдерімен қамтамасыз етуді шешудегі қадамдар болып табылады. Интеграцияланған газ-химия кешенінің құрылысы бірінші кезекте жылына 500 мың тонна полипропилен өндіруге, екінші кезекте 800 мың тонна полиэтилен шығаруға мүмкіндік жасайды. Осы инвестициялық жобалар ауқымында жылына 400 мың тонна өнім шығаратын Ақтау жол битумы зауытының өндірісін де атап өтуге болады.
Форум фотокүнделігі
Астанадағы VI KAZENERGY еуразиялық форумының алғашқы күнінің жұмысы осы басқосуды ақпараттық жағынан қолдауға келген шетелдік және жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен өткен баспасөз мәслихатымен қорытындыланды. Баспасөз мәслихатына «Самұрық Қазына» ҰӘҚ-тың басқарушы директоры Айдын Кәрібжанов, Дүниежүзілік мұнай кеңесінің президенті Рэндалл Госсен, Болгария Республикасының экономика, энергетика және туризм министрі Трайчо Трайков, Энергетикалық хартия конференциясының төрағасы Селим Кунералп, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқармасының төрағасы Қайыргелді Қабылдин және басқалар қатысып, өткізіліп отырған халықаралық энергетикалық форумның маңызына жан-жақты тоқталып, журналистер тарапынан қойылған көптеген сұрақтарға жауап берді.
Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ,Венера ТҮГЕЛБАЙҚЫЗЫ.
Суреттерді түсірген Орынбай БАЛМҰРАТ.