Кеше Прокурорлардың халықаралық қауымдастығының Орталық, Шығыс Еуропа және Орталық Азия елдері үшін 6-шы өңірлік конференциясы аясында Қазақстан Республикасының Бас прокуроры Асхат Дауылбаевтың Сауд Арабия Корольдігінің Бас прокуроры Шейх Мохаммад бин Фахдпен, Албанияның Бас прокуроры Ина Рамамен, Түрік Республикасының Бас прокуроры Хасан Эрбильмен, Прокурорлардың халықаралық қауымдастығының президенті Джеймс Гамильтонмен, сондай-ақ Малайзия Бас прокурорының орынбасары Датук Идрус бин Харунмен екіжақты кездесулері өтті.
Кездесу барысында тараптар қадағалау органдарының қызметінің қалыптасуы мен даму тәжірибесі жайында өзара ақпараттар алмасып, екіжақты ынтымақтастықтың келешектерін талқылап, қарым-қатынас салаларын одан әрі дамытуға және жалғастыруға мүдделілік танытты.
Әңгімелесушілер азаматтардың бостандықтары мен құқықтарын қамтамасыз ету, мемлекеттің экономикалық мүдделерін қорғау, халықаралық құқық қорғау тәжірибесін үйрену аясындағы қарым-қатынасты нығайту тұрғысында форумды өткізудің маңызды екенін атап өтті.
А.Дауылбаев Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының аймақтық ынтымақтастықтың пәрменді тетігі болып табылатын Прокурорлардың халықаралық қауымдастығы аясындағы халықаралық қатынастарды дамытуға ерекше назар аударатынын атап көрсетті, деп хабарлады Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының баспасөз қызметі.