Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті жастарға тәуелсіздіктің құнын, маңызын ұқтыратын, болашаққа сеніммен қарауға түрткі болатын шараларды іске асыруда. Атап айтсақ, қараша айында ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай «Болон үдерісі және Қазақстанның жоғары білім беру жүйесіндегі реформалар» тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтпек. Жастарға тәлімдік-отаншылдық маңыз берер бірқатар іс-шаралар атқарылмақ.
Ұлы бабаларымыздың мерейтойларын, тарихи маңызы зор даталарды атап өту дәстүрге айналған. Бұл үдеріс факультеттерде жалғасын тауып, рет-ретімен өтуде. Мұны біз тарихымызды, бабаларымызды құрметтеу, мақтаныш ету деп ұғынып отырмыз. Студенттер арасында түрлі ұлттық-мәдени үйірмелердің іргесі қаланды. 16 елден келіп оқып жатқан білімгерлер ұлтаралық татулық, келісім мен ынтымақта өмір сүруде.
Менің байқағаным, көптеген шет мемлекеттерден келген студенттер біздің елімізге құрметпен қарайды, бағалайды, ең бастысы біздің Президентіміздің саясатын қолдайды. Бұл бізге, біздің жастарымызға үлкен мақтаныш.
Жамбыл АЙМЕНОВ, Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің вице-президенті.