Петропавл темір жол стансасына әдеттегіден өзгеше пойыз келіп тоқтады. Саяхат «Ресей темір жолы» АҚ-тың бастамасымен ұйымдастырылып, Мәскеуден Қиыр Шығысқа бет алыпты. Қазақстанда Петропавл стансасында аялдап, жұртшылық жылжымалы көрме-дәріс кешені орнатылған вагондардың өзгеше жабдықталуын бір күн бойы тамашалады. Оның таныстырылымына облыс әкімі Серік Біләлов қатысып, өз сөзінде Кеден одағы құрылғалы аймақтың Ресей, Беларусь мемлекеттерімен сыртқы экономикалық байланыстарының жақсара түскенін атап өтті.
Көрме осы заманғы озық технологияларға негізделген инновациялық жетістіктерді жан-жақты бейнелеуімен ерекшеленеді. Ұйымдастырушылардың айтуына қарағанда, жылжымалы көрме-дәріс кешені өз сапарын 3 тамызда бастап, 50-ден астам қаланы басып өткен. 16 мыңға жуық адам инновация жетістіктерімен танысу мүмкіндігіне ие болған. «Роснано» мемлекеттік корпорациясы құрамына енетін ірі компаниялардың көрмеге қойылған замануи нанотехнологиялары айрықша назар аудартты. Бейнероликтерді, диаграммаларды пайдалана отырып «Қазіргі ядролық технологиялар», «Теміржолдың инфрақұрылымы», «Энергия үнемдеу», тағы басқа тақырыптар бойынша жан-жақты мағлұмат алуға болады.
Көрме петропавлдықтардың үлкен қызығушылығын тудырып, бір мыңдай адам тамашалады.
Өмір ЕСҚАЛИ, Солтүстік Қазақстан облысы.