• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
Футбол 05 Шілде, 2017

«Астана» футбол клубы жаңа ойыншыларын таныстырды

398 рет
көрсетілді

Елордалық «Астана» футбол клубы қала мерекесіне орай «Хан Шатыр» ойын-сауық орталығында «АстанаFF» фристайл клубымен бірлескен «Футбол астанасы» мерекелік шарасын ұйымдастырды.

Аталған шара аясында жазғы трансферде клуб сапын толықтырған екі жаңа ойыншылары – Ласло Кляйнхайслер мен Марин Томасовты жанкүйерлерге таныстыру рәсімін өткізді. Футболшыларды команда жанкүйерлеріне клубтың атқарушы директоры Қайсар Бекенов таныстырып, ресми түрде спорттық жейделерін табыстады.

29 жастағы хорватиялық жартылай қорғаушы Марин Томасов «Астана» командасына хорватияның «Риека» командасынан бір жылдық жалға алу келісімшартымен ауысқан болатын. Марин Хорватия чемпионатының 2015/16 маусымында үздік футболшы атанған. Transfermarkt.de сайты Томасовтың трансфер құнын екі миллион еуроға бағалаған.

Ал 23 жастағы венгриялық жартылай қорғаушы Ласло Кляйнхайслер «Астана» сапына германиялық «Вердер» командасынан ауысып келді. Ласло да елордалық клуб сапында бір жылдық келісімшарт негізінде доп тебетін болады. Кляйнхайслер Венгрия ұлттық құрамасымен 13 ойын өткізіп, бір гол соққан. 2016 жылы өткен Еуро-2016 чемпионатында ол Австрия құрамасына қарсы ойында нәтижелі пас ұзатып, матчтың үздік ойыншысы атанған болатын. Ласло Кляйнхайслер өткен маусымда германиялық «Дармштадт» және Венгрия чемпионатындағы «Ференцварош» командаларында жалда ойнаған.

Сонымен қатар, «Футбол астанасы» жобасы аясында теннисболдан қалалық турнир ұйымдастырылды. Көрермендер арасында викториналық сұрақтар ойнатылып, фристайлшылар сайысы өтті. Теннисбол турнирінде жеңімпаз атанған, викториналық сұрақтар мен ойындарға қатысқан жанкүйерлерге «Астана» футбол клубының атрибуткаларымен «Балдәурен» балаларды сауықтыру орталығына жолдама табысталды.

Шара соңында «Астана» командасының қақпашысы Ненад Эрич, қорғаушы Игорь Шитов, жартылай қорғаушсы Срджан Граховац және клубқа жаңадан қосылған Ласло Кляйнхайслер мен Марин Томасов жанкүйерлерге қолтаңба беріп, естелікке суретке түсті.

«Астана» клубы ертең қала күні қарсаңындағы мерекелік күнтізбеге енген Қазақстан премьер-лигасының 20-тур аясында қызылордалық «Қайсар» клубынмен ойнайды.

Айта кетейік, «Астана» 12-шілде күні Чемпиондар лигасының екінші іріктеу кезеңі аясында сырт алаңда латвиялық «Спартакс Юрмала» командасымен матч өткізеді.

 

Әли БИТӨРЕ,

«Егемен Қазақстан»