• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
Медицина 05 Шілде, 2017

Әйгілі балуан курсанттармен кездесті

143 рет
көрсетілді

Еліміздің Ұлттық қауіпсіздік комитетіне қарасты Шекара қызметі академиясының курсанттары қазақтың әйгілі балуаны Дәулет Тұрлыхановпен кездесті. Аталған шараны академияның тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі басқармасының 4-ші бөлім бастығы, подполковник Нұрлан Молжанов ұйымдастырды.

Дәулет Болатұлын тағатсыздана күткен курсанттар балуанға лайықты құрмет көрсетіп, зор қошеметпен қарсы алды. Мәртебелі меймандарды академия бастығының орынбасары, полковник С.Бисекеев таныстырды.

Дәулет Болатұлы жас шекарашыларға спорт әлеміне қалай келгені жайлы кеңінен әңгімелеп, ағалық ақыл-кеңестерін айтты. Спортта да, мемлекеттік және қоғамдық қызметте де айтулы жетістіктерге жеткен қайраткер азамат кішкентайынан-ақ спорт десе ішкен асын жерге қоятынын, мектеп қабырғасында жүргенде-ақ күреске деген құлшынысы күшті болғандығын, мектеп және ауданаралық жарыстарға қатысып, жүлделі орындарға қол жеткізгендігін айтты. Сондай-ақ кездесуде спортшының боз кілемдегі өнері жайлы бейнефильм көрсетіліп, шекарашы курсанттар көкейдегі сауалдарына тұщымды жауап алды. Жиында балуанның серіктері Д.Тұрлықанов жайлы бірқатар кітаптарды шекарашыларға тарту етсе, шекарашылар да кеш қонақтарына ғасырға жуық тарихы бар академия жайлы жинақ пен 85 жылдық мерейтойға арналған арнайы төсбелгі сыйлады.

Айта кеткен ләзім, кездесуге қазақстандық футбол ардагері Михаил Гурман, Қазақстанның халық әртісі Нағима Есқалиева, Жамбыл атындағы мемлекеттік филармонияның директоры Жеңіс Сейдуллаұлы және белгілі әншілер Медеу Арынбаев пен Бейбіт Қорған қатысып, әсем әннен шашу шашты.

Жанат Жабырбеков, 

ҚР ҰҚК Шекара қызметі академиясының

баспасөз хатшысы