• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
06 Шілде, 2017

Алтын байрақты Астана

343 рет
көрсетілді

Байқар болсақ, «астана» деген сөз қазақта ежелден бар. Мұның өзі халқымыздың бағзы замандардан бері іргелі ел, тегеурінді бел болғандығын айғақтап көрсеткендей. «Тауға да керек астана, тасқа да керек астана» деп қазақтың аяулы ақыны Төлеген Айбергенов жырлағандай, ұйысқан ұлыс, еншілескен ел болған соң астаналы жерге, асқаралы белеске елордасы да тігілмей тұрмасы анық. Бұл ақиқатты қазақ тарихының қатпарлы шежіресінен көреміз.

Арғы дәуірлерде ата-бабаларымыз құрған қай мемлекеттің астанасы болсын қазақ үшін қастерлі әрі қымбат. Нақ соның дәлеліндей, Алтын Орданың астанасы – Сарайшық, Ақ Орданың астанасы – Сығанақ, Қазақ хандығының астаналары – Сайрам мен Түркістан, Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының әуелгі астаналары Орынбор мен Ақмешіт атаулары бүгінгі гүл жайнап құлпырған бостан елордамыздың көшелерін көркейтіп тұрғаны қандай ғанибет. 

Астана – мемлекеттіліктің, елдіктің атрибуты. Осы тұрғыдан келгенде, қазақ­тың соңғы ханы Кенесары ақ киіз­ге көтерілген, сонау Алаша хан зама­нынан бері бағаналы орда, басты жұрт саналған Ұлытау да қазақтың бұрынғы бір астанасы, мәңгілік құрмет тұтылар қасиетті төрқазығы десек, қате айтпаспыз. Сол сияқты, қала тұрғы­зылмаса да, Абылай ханның ордасы тігілген, хан ставкасы орныққан, жарты ғасырға жуық уақыт бойы хандық билік жүзеге асырылған киелі Көкшетау –Бурабайды да елдігіміздің астана жұрты, байрақты байтағы деп бағалағанымыз орынды болмақ. 

Елдің астанасы, бас қаласы ұғы­мы оның перзенттерін қашан да тебірен­діріп толқытады. Кезінде әсем Алматыға қаншама ән-күй, өлең-жыр арналмады десеңізші. Майданнан оралған Қасым ақын алтын үйек астанасына сағынышын өлеңмен мөлдіретіп: «Күлкі-жасы аралас, Ақын да бір жас бала. Тербет өзің, мауқың бас, Алтын бесік – Астана. Жүрмін жортып қызықтап, Көше қоймай баспаған. Сыбырлайды жапырақ, Жалт қарайды тас маған», – деп емірене толғанып, сүйікті астанасының ай маңдайын ең бір әдемі жыр жақұтымен безендіреді.  

Бас қала ретіндегі миссиясын абы­роймен ардақтаған Алматы, Елба­сымыз дәл анықтап айтқанындай, тәуел­сіздіктің бесігі болса, бүгінгі жауһар қала, жасампаз Астана тәу етер Тәуел­сіздігіміздің дүр гауһарлары жар­қырап тізілген алтын тәжіне айналғандығы әлем мойындағаны ақиқат. Бұрынғы про­винциялық қала Ақмоланың елорда ретінде таңдалуы мейлі тарихи, мейлі географиялық, мейлі экономикалық немесе демографиялық тұрғыдан да өзін ақтайтын болып шықты.   Бүгінгі елордамыздың бір сәт бұрын­ғы тағылымды тарихына көз жүгірт­кен артық та болмас. Сарыар­қаның сайын сақарасындағы Ақмола – Қараөткел, Есіл – Нұра атырабы ықылым замандардан бері тоғыз жолдың торабы, түрлі өркениеттер мен мәдениеттердің табысып тоғысқан тарауы болған. Тарихтың атасы сана­латын Геродот өз еңбектерінде Жал­пақ жапан дала арқылы өтетін мар­шрут­тарды, солардың бойымен осы жерлерден жүретін керуендерді атайды. Оның бұл айтқандары кейін Ұлы Жібек жолы ретінде белгілі болып, жер-жаһанға танылады. Міне, осы Сарыарқа төсіндегі Ұлы Дала арқылы өткен керуен жолдары қалалардағы қолөнер мен ұсақ кәсіпшіліктің дамуына, сау­даның өркендеуіне әсер еткен. Қазіргі Астанадан бес шақырымдай жерден ортағасырлық Бозоқ қаласының жұрты табылды. Бұл ежелгі қаланы тәуелсіз Қазақстан елордасының бұдан мың жыл бұрынғы ізашары деп айтуға әбден болатын сияқты. 

Ал енді осыдан екі жүз жыл шамасы бұрында, он тоғызыншы ғасырдың отызыншы жылдарында осынау дала­дағы аттас мекеннің орнында Ақмола қаласы бой көтеріп, патша өкіметінің әскери, экономикалық һәм сауда-сатттық мүддесіне қызмет етті. Осы арада бекініс орнап, отарлау саясатын іске асырды. Ақмола бекінісін қазақ халқына азаттық көксеген көкжал Кенесары ханның сарбаздары атойлап шабуылдап алғаны да тәуелсіздік жолындағы ерлік күрестің бір өршіл де жарқын парағы болып табылады. Сонда Хан Кене азат еткен Ақмола бекінісінің орнында бүгінгі тәуелсіз еліміздің төрқаласы жасанып бой түзеуі де керемет ырым, жақсылықтың, жарқын болашақтың нышаны емес пе?!

Қазақстанның инновациялық дамуы­ның, өнер-мәдениетінің көшбас­шысы, алтын байрақты Астанамыз жасай берсін. Астана тойы құтты бол­сын, ағайын!..

Қорғанбек АМАНЖОЛ,  «Егемен Қазақстан»