Кеше Астанада «Көрме» көрмелер кешенінде VIII халықаралық «ҚазАвтоЖол-2011. Жабдықтар, құрылыс және жол кешенінің сервистік индустриясы» көрмесі өз жұмысын бастады. Көрменің ашылу салтанатына Көлік және коммуникация министрі Берік Камалиев қатысты.
Көрменің жұмысын аша отырып, министр қазіргі таңда ел экономикасының индустриялық-инновациялық дамуына ерекше назар аударылып отырғандығын атап өтті. Көлік дәліздерін дамыту, мемлекеттің транзиттік әлеуетін іске асыру мәселелері бірінші кезектегі міндеттер болып табылады. Оған дәлел ретінде қазіргі уақытта еліміз автожолы саласындағы бұрын-соңды болмаған серпілісті келтіруге болады. Қарқынды дамып келе жатқан экономиканың бұл саласына жаңа технологиялар, инновациялық зерттеулер қажет, деді ведомство басшысы.
«Қазавтожол» көрмесі алдыңғы қатарлы компаниялардың технологияларымен танысу, тәжірибелер алмасу және ынтымақтастықты орнату үшін мүмкіндік туғызатын келіссөздер алаңы болмақ. Өйткені бұған тек ТМД елдері ғана емес, алыс шетел өкілдері де қатысуда.
Биылғы жылғы көрмеге жетпіске жуық компаниялар өз өнімдері мен қызмет түрлерін ұсынса, шара аясында жекелеген компаниялардың семинар өткізуі жоспарланған. Онда олар өз өнімдері мен қызмет түрлерін кеңінен таныстыруға мүмкіндік алмақ.
Әбдірахман ҚЫДЫРБЕК,
Суреттерді түсірген Орынбай БАЛМҰРАТ.