Қазіргі таңда Қазақстан 182 мемлекетпен дипломатиялық қарым-қатынас орнатып, өрісін кеңейтіп отыр. Бұл – еліміздің сыртқы саясат саласы бойынша жүргізілген табысты жұмыстарын сипаттайтын көрсеткіштердің бірі.
Тәуелсіздіктің 25 жылында отандық дипломатия өзінің қалыптасу кезеңінен өтті. Осы кезең аралығында атқарылған шаралардың нәтижесін көптеген жарқын мысалдармен атап өтуге әбден болады. Әсіресе, білікті мамандар тобын жасақтауға және қазақстандық университеттер негізінде «кадрлар ұстаханасын» қалыптастыруға қол жеткізілгені көңілге мақтаныш сезімін ұялатады.
Тәуелсіздігімізді алған кезеңде мемлекетіміздің алдында сыртқы саясаттың мүлдем жаңа тұжырымдамасын қалыптастыру міндеті тұрды. Қазақстанның сыртқы саяси стратегиясын белгілеп берген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бұл міндеттерді орындаудағы өлшеусіз еңбегіне халық куә. Осы орайда, Конституция бойынша Президент халықаралық қатынастарда Қазақстанның атынан өкілдік ететін ең жоғары лауазымды тұлға болып табылатынын айта кеткеніміз жөн.
Егемендіктің елең-алаңында сыртқы саяси стратегияны қалыптастыру барысында ел басшылығы көпвекторлық ұстанымды жүзеге асыру қажеттілігін терең түсінді. Қазір де бұл ұстаным еліміздің сыртқы саяси қызметіндегі негізгі бағдар болып келеді.
Қазіргі таңда Қазақстан аймақтық және жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы маңызды бастамаларымен ерекшеленуде. Мәселен, біздің еліміз ЕҚЫҰ үлгісі бойынша аймақтағы қауіпсіздікті нығайтуға бағытталған Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңесті (АӨСШК) құруды ұсынды. Бүгінде ол табысты қызмет етуде.
Сонымен қатар, Қазақстан 2010 жылы бұрынғы Кеңес Одағы елдері арасынан бірінші болып ЕҚЫҰ-ға төраға болды. Ұйымның төрағасы ретінде Қазақстан ЕҚЫҰ-ның Астана саммитін өткізуі еліміздің бітімгершілік әлеуетін көрсетті және демократия қағидаттарына қолдау білдіретінін танытты. Қазақстан қазіргі таңда қарқынды дамып келе жатқан болашағы зор ұйымдардың бірі – Шанхай ынтымақтастық ұйымы аясындағы ықпалдастық мәселелеріне баса назар аударуда. Ал ШЫҰ-ның Астанада өткізілген соңғы жиынында аталған ұйымға Үндістан мен Пәкістанның толық құқылы мүше болып қабылдануы бұл құрылымның жаһандық ауқымдағы беделін биіктете түсті.
Біздің еліміз жаһандық бітімгершілік бастамалардың белсенді қатысушы ретінде өзін лайықты танытып келеді. Мәселен, Қазақстанның халықаралық аренадағы орнын нығайтуда Астананың «Азия Женевасы» атанып, маңызды келіссөздер өткізуге бейтарап алаң ұсынуы айрықша тоқталып өтер жайт. Елордада өткен Сирияға қатысты бейбіт келіссөздер осы елдің ресми билігі мен қарулы оппозиция делегациясын, сондай-ақ, Ресей, Түркия, Иран, АҚШ және БҰҰ өкілдерін бір үстел басына жинады. Келіссөздердің төртінші кезеңінің нәтижелері бойынша қауіпсіздік аймақтарын белгілеу туралы меморандумға қол қойылды. Осылайша, қазақстандық дипломатия қақтығысты бейбіт реттеу үдерісіне ықпал етуге өз үлесін қосты. Бұл өз кезегінде еліміздің бітімгер мемлекет ретіндегі мәртебесін айқындай түсуге әсер етеді.
Қазақстан дипломатиясының ең биік нәтижесі БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне тұрақты емес мүшелікке өтуі болды. Қазақстанның Қауіпсіздік Кеңесіне Орталық Азия елдері арасында бірінші болып мүшелікке қабылдануы көп жайтты аңғартады. Бұл әлемдік қоғамдастық тарапынан елімізге көрсетілген зор құрмет екені даусыз.
Қорыта айтқанда, Қазақстанның дипломатиялық қызметі сыртқы саясатымызды жүзеге асыруда өзінің кәсіби жоғары деңгейін көрсетуде. Қазақстандық дипломаттардың қарқынды қызметінің нәтижесінде еліміз әлем елдерімен өзара түсіністікке негізделген әріптестік орнатып отыр. Осы орайда Елбасы тапсырмаларынан туындайтын міндеттерді табысты жүзеге асыру барысындағы отандық дипломаттардың еңбегінің нәтижесі анық көрінуде. Осынау еселі еңбектің арқасында еліміздің қауіпсіздігі мен ұлттық мүдделеріне төніп тұрған қауіп жоқ.
Зарема Шәукенова, Президент жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының директоры