Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Орталық және Шығыс Еуропа мен Орталық Азия елдері үшін халықаралық ассоциация прокурорларының 6-шы өңірлік конференциясына қатысушылар мен меймандарына құттықтау жолдады. Онда былай делінген:
«Қазақстанда алғаш рет өткізіліп отырған прокуратура қызметкерлерінің форумы 45 елдің бас прокуратураларының, халықаралық прокурор қауымдастығының, аса ірі халықаралық ұйымдар, оның ішінде БҰҰ, ЕҚЫҰ, Еуропа заңгерлері және басқа ұйымдардың өкілдерін жинады.
Сіздердің беделді форумдарыңыздың күн тәртібіне – біздің құқық қорғау жүйеміз үшін және Қазақстанның халықаралық әріптестері үшін көкейкесті мәселелер енгізілген.
Олардың арасында қылмыстық-құқықтық заңгерлік саласынан тыс прокурордың рөлін жоғарылатуды қамтамасыз ету, ұлттық прокуратуралардың халықаралық ынтымақтастығын нығайту бар».
Қазақстан Президенті өзінің құттықтауында, сондай-ақ қазіргі әлемнің жаһандық трансформациялану кезеңін басынан өткеріп отырғанын, ортақ сынақтарға тиімді жауаптар іздеп жатқанын, адамзат дамуының жаңа үлгісін іздестіру де осы қатарда тұрғанын атап көрсетеді. Бүгінде, дейді Қазақстан басшысы, мемлекеттердің азаматтардың құқықтары мен бостандығын қорғау ісінде өзара іс-қимылын өрістету, кәсіпкерлік пен еркін бәсекелестікті қолдау, жинақталған тәжірибелермен және ақпараттармен тұрақты түрде алмасып отыру, құқық қорғау қызметінің жаңа пішіндерін күш біріктіре отырып жасау маңызды.
Біздің бәріміз үшін Қазақстанның елордасы – Астана өңірлік басқосу өткізудің орнына айналып отырғаны қуанышты. Мұндай ірі шаралар қазіргі заманғы мемлекеттер прокуратураларының күш-жігерін жұмылдыру үшін, прокурорлық қызметтің халықаралық танылған стандарттарын жасау үшін үлкен маңызы бар.
Нұрсұлтан Назарбаев құттықтауының соңында мәслихат барысында жасалған ұсынымдамалар іс жүзінде сұранысқа ие болатынына, бірлескен қызметтің нәтижелілігін арттыратынына және Еуразия құрлығындағы елдердің заңдылығын нығайтуға және құқықтың үстемдік құратынына оң ықпал ететініне сенім білдірген.
«Сіздерге сындарлы және жемісті жұмыс тілеймін!», деп қорытындылайды Қазақстан басшысы өзінің құттықтауын.