Қазақ қазақ болғалы талай көшті бастан өткерген. Билеушісіне бой ұсынғысы келмесе немесе өкшелеген жауынан құтылғысы келсе, қотарыла көшіп, іздегенге орнын сипатып кеткен ғой. Бұл қазақы тактика кеңестік тоталитарлық жүйе тұсында да қолданылды. Қуғын-сүргін мен ашаршылықтан қынадай қырылғанша көшіп кетіп, жан сауғалағанды дұрыс көрген. Бұл жағдай сол кезең үшін ең бір оңтайлы шешім болатын.
Сол көшкен елдің қатарында Төменарық ауылдық кеңесіне қарасты «Қандарал» ұжымшарының да тұрғындары бар болатын. 1930 жылы жоғарыға ауа көшкен елдің керуенін күзетіп, көшін түзеген ер-азаматтардың бірі Жүнісбек қарияның ұлы 18 жасар Құдас еді. Қазақ елінде болып жатқан лаң Өзбекстан, Тәжікстанды айналып өткендей. Керісінше, канал қазып, жер шұқынып, мақта еккен шаруашылықтар сырттан келген қол күшіне аса зәру болып шықты. Әсіресе, темір жол стансаларына мақта мен жеміс-жидек, басқа да халықшаруашылық тауарларын тасымалдауға түйе керуенімен барған қазақтарды кірекештікке пайдалану аса қолайлы болды. Осы жерде айта кетер бір дерек, Қазақ өкіметі ауа көшкендерді елге күштеп қайтаруға көп күш жұмсаған. Бәлкім, елге жаны ашудан бұрын, жұмыс күші жетпегендіктен де болар. Осы кезде КОКП Орталық Комитеті мен Халық Комиссарлары Кеңесінің «техникалық дақылдар өсіретін аймақтардағы тұрғындарды тұрақтандыруға» арналған қаулысы қабылданып, көшкен ел Тәжікстан мен Өзбекстанға тұрақтап қалды. Сол кезде ер-азаматтың көпшілігі тіршіліктің тауқыметімен шаруашылықтың сан саласында еңбек етсе, оқуға тек шамасы барлардың ғана қолы жетті. Солардың бірі болып Құдас Жүнісбеков 1936 жылы Душанбе қаласында Қаржы-экономика техникумында білім алды. Ол сияқты оқи алғандардың қатары көп те болмады.
«Арқада күн жайлы болса, арқар ауып несі бар» деген, барған жері жайлы болса, ағайынның Ауғанға ауып несі бар дейміз ғой, өзбек, тәжік жерінде де басқан ізін аңдып, елден қуып барған белсенділерден тыншу көрмеген ағайындар одан әрі Ауғанстанға өтіп кетіп жатты. Пәнәйі себеппен өте алмай қалғандардың бірі еді менің әкем. Шекара асқан ағайын араға алпыс жыл салып, Иран, Түркияны айналып, тек 1994 жылдан бастап елге қайта орала бастады. Қатары өспеген, өнбеген, тек әйтеуір тұқымы өшпеген. Соған да шүкір дедік.
...Техникумды тәмамдаған Қ.Жүнісбеков 1936-1939 жылдары қызыл әскер қатарына алынып, Душанбе қаласында 20-байланыс эскадронының командирі, 1939-1941 жылдары Қорғантөбе облысының Колхозабад және Куйбышев аудандарына аудандық әскери комиссариаттың комиссары болып қызмет істеді.
Соғыс басталғанда Тәжікстанда жасақталған 122-ұлттық полктың командирі ретінде майданға аттанған Қ.Жүнісбеков Саратов қаласында болған оқиғаны елеусіздеу етіп айтқан екен. Қалада екі-үш күн аялдаған полк бір әскери нысанды күзетеді. Солдаттарды аралап жүрген Құдас жол шетінен құндақталған екі-үш айлық нәрестені тауып алады. Өз қолымен алып барып, балалар үйіне өткізеді. Балалар үйінің меңгерушісі нәрестенің аты-жөнін сұрайды ғой. Бұл қайдан білсін? Содан баланы «Жолашар Құдасұлы Жүнісбеков» деп өз тегіне жаздыртады.
«Әкеміздің осы әңгімесіне онша назар аудара қоймаған едік. Кейін, 80-жылдары Ресейдің телеарналарына хат жазып, хабарласып көріп едік, дерегі табылмады. Қандас болмаса да әкеміздің атын алып жүрген бауырымыздың хабарын осы күнге дейін күтудеміз», дейді Құдастың кенже ұлы Шаяхмет Жүнісбеков.
Қ.Жүнісбеков соғысты 2-Украин майданының Воронеж қаласы маңындағы майдан шебінде қарсы алады. Оның соғысқа қатысқан осы алғашқы сәті туралы жаңақорғандық журналист Қазақбай Әлібеков 1968 жылдың 24 ақпанында «Коммунистік еңбек» (қазіргі «Түркістан») газетіне «Абзал азамат» деген мақала жариялаған еді. Воронеждегі шайқаста алыстан атылған зеңбірек оғының жарықшағы Құдастың қолының қарын және жүрек тұсын жарақаттайды. Жарықшақ кительді ойып, гимнастерканың жүрек тұсына тігілген партиялық билетін тесіп өтіпті. Кейіннен осы оқиғаға байланысты дивизиялық газетте Құдас туралы «Партбилет – солдат өмірін сақтап қалды» деген мақала да жарияланған екен.
Соғыс өртіне қақталып, небір қиын сәттерді бастан өткізген Қ.Жүнісбеков әскери шені өсіп, 1943 жылы атқыштар батальонының командирі болып тағайындалады. Осы кездегі солдаттардың әрекетін қас-қабағынан танитын кәнігі командирлерге тән психологиялық сезімталдық Құдас көкеде де болған екен. Ол кісі: «Шабуылға шығар алдында солдаттарды сапқа тұрғызып, мән-жайды түсіндіреміз. Сонда олардың арасынан шабуылдан қайтпай қалатындарын көз жанарларынан танушы едім. Адам ажалмен бетпе-бет келгенде өлмейді. Оған дейін-ақ оның рухы тәнін тастап кететіндігіне талай куә болдым. Сондайларды түрлі себептермен әскери тапсырмалардан алып қалып та көрдім, бірақ болмайды екен, олар блиндажда жатып та ажал құшып жатты. Сондағы көзім жеткені – адамды ажалдан құтқарып алу пенденің қолынан келмейтін іс екен, тек сұм соғыс тоқтағанда ғана ажалға сабыр болады екен», деп отыратын.
1942-1943 жылдары 2-Украин майданында атқыштар ротасының командирі, 1943 жылы атқыштар батальонының командирі болған Қ.Жүнісбеков 1944 жылы ауыр жараланып, гвардия капитаны дәрежесінде елге оралады. 1944-1946 жылдары Тәжікстан Республикасы Ішкі істер министрлігі мен Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті жанындағы сот-прокуратура органдарының сектор меңгерушісі, 1947-1948 жылдары Қорғантөбе облыстық партия комитеті жанындағы соғыс комиссариатының меңгерушісі, 1948-1949 жылдары Колхозабад аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып қызмет істеді.
1950 жылы Тәжістан КП ОК-нің жанындағы Жоғары партия мектебін тәмамдап, елдің саяси өміріне белсене араласты. 50-жылдары Тәжікстанда су-электр стансалары көптеп салына бастады да, олар Бүкілодақтық екпінді құрылыс болып жарияланды. Солардың бірі Төменгі-Варзобский ГЭС-ін іске қосудағы қажырлы еңбегі үшін тікелей Орталық Комитетке қарайтын осы ГЭС партия комитетінің хатшысы Құдас Жүнісбеков Тәжік КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталады.
1957 жылы Оңтүстік Қазақстан облыстық партия комитетінің арнайы шақыруымен туған елге оралып, 1957-1958 жылдары Түркістан ауданындағы Шаға ауылдық кеңесінің төрағасы, 1959-1960 жылдары Жамбыл кеңшарында партком хатшысы, 1961-1968 жылдары Түркістан «Киіз үй» фабрикасының бас инженері және директордың орынбасары қызметтерін атқарған. Тәжікстан мен Өзбекстанда тарыдай шашылып жүрген қаншама шаңырақты елге қосты осы кезде. 1968 жылы соғыста алған ауыр жарақаттан 56 жасында дүниеден озды.
Ұлы Отан соғысындағы және бейбіт еңбектегі қызметі «Александр Невский» және «Қызыл Жұлдыз» ордендерімен, «Сталинградты азат еткені үшін», «1941-1945 жылдарғы Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін», «1941-1945 жылдарғы Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 20 жылдығы», «Ерен еңбегі үшін» және т.б. медальдармен марапатталған. Сол сияқты, Түркістан Әскери округінің қолбасшысы, Армия генералы И.Федюнинскийдің Жеңістің 20 жылдығымен құттықтаған алғыс хаты, Оңтүстік Қазақстан облыстық әскери комиссары полковник Д.Садовойдың Қарулы Күштердің 50 жылдығына орай Құттықтау хаты, Жеңіс күніне орай Түркістан ауданы басшыларының Құттықтау хаттары да ұрпақтарының көзінің қарашығындай сақтап келе жатқан жәдігерлер қатарында бүгінгі күні.
Екінші дүниежүзілік соғыс, осы соғысты аяқтаған кеңес халқының Ұлы Жеңісі алыстаған сайын оған деген көзқарас та өзгеріп келеді. Заман да, қоғам да, сонымен бірге, адам да өзгерді емес пе?! Қазіргі кезде шетел болып саналатын Тәжікстаннан әскерге аттанған Құдас Жүнісбеков сияқты ардагерлердің есімдері ұмытылып бара жатқандай ма? Әсте олай емес. Құдас Жүнісбековтің соңында өшпес өнеге қалды, үлкен әулет өсіп-өнді. Олар осы күнге дейін атақоныс – туған жері мен елінің дамуына өз үлестерін қосып келеді.
Біз – соғыс өртіне шарпылған аға буынның ұрпағымыз. Содан да бейбітшіліктің қадірін жақсы білеміз. Бүгінгі және болашақ ұрпақ та бейбітшілікті алып келген Ұлы Жеңістің құнын біліп, қадіріне жетеді.
Сапарбай ПАРМАНҚҰЛОВ, «Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ