Бесқарағай ауданынан 80 шақырым жерде Сосновка деген ауыл бар. Табиғаттың өзі молынан сыйлаған көне орман белдеуінің күнгейі бізге тиесілі де, теріскейі – Ресейдікі. Борас ауылынан жиырма шақырым ұзаған соң қалта телефоны көрші елдің «Билайн-роумингіне» еріксіз көшеді де, хабарласу қиынға соғады екен. Бұл жергілікті тұрғындарға бірқатар қиындықтар туғызып отыр.
– Жақын арада «Билайн» стансасы жұмыс істей бастаған соң шекарамен шектес ауылдар еркін хабарласу мүмкіндігіне ие болмақ. Ал «Хабар», «Қазақстан», «Ел арна» телеарналарын жергілікті тұрғындар тамашалап отыр. Тіпті республикалық «Егемен Қазақстан», облыстық басылымдарды да оқырмандар уақтылы алады, – деп Бесқарағай ауданының әкімі Қалихан Байғонысов біраз жайлардан мағлұмат береді.
Қарағайлы шекара заставасының 2034 әскери бөлімін подполковник Қанат Болатханов басқарады. Ол кісімен хабарласқанда өз міндеттеріне тоқтала келіп, арлы-берлі өтіп жатқан адамдардың құжаттарын қатаң тексеретіні жайлы айтқан еді. Ал «Солтүстік» аумақтық басқармасына қарасты Бесқарағай шекара коменданты Әнуар Қайыров біз келгенде іссапарда жүр екен. Сосновка ауылындағы Қарағайлы шекара заставасының бастығы, аға лейтенант Раухат Төлеген қарсы алып, өздері атқаратын міндеттерімен таныстыра бастады.
– Біздің комендатурада жиырмаға тарта сарбаз қызмет етеді. Барлығы іскер азаматтар, шекара қырағы күзетте, орманды өрттен қорғау, бергі жаққа жат пиғылды адамдардың өтіп кетпеуін қатаң бақылауға аламыз. Үш мемлекет Кеден Одағына біріксе де, шекараның өз заңы, талабы бар. Ендеше, бөгделердің теріс әрекеттеріне тұсау саламыз, – дейді Раухат Төлеген.
Аудан әкімі Қалихан Байғонысов шекарашылармен емен-жарқын әңгімелесіп, Тәуелсіз Қазақстанның 20 жылда қол жеткен табыстарына тоқтала кетті.
– Қазір Қазақстанды бүкіл әлем біледі, өткен жыл ЕҚЫҰ-ға төрағалық жасап, Саммитті жоғары деңгейде өткізу, Қысқы Азия ойындарында топ жару ел ертеңінің жарқын екенін дәлелдейді. Біздің мемлекет Қытай, Ресеймен шектеседі. Міне, сондықтан да сіздер жауапты міндетті атқарып жатырсыздар, шекара қатаң күзетте болса, адамдар алаңсыз тұрмыс құрып, еңбек ете бермек, – деп аудан әкімі сөзін түйіндеді. Ал Раухат Төлеген өздерінде техника-құралдарының жеткілікті екенін тілге тиек етті.
Шекарашылар қатаң тәртіп бойынша жұмыс істейді. Мұнда телефон қатынасы жақсы жолға қойылған, газет-журналдар уақтылы жеткізіліп тұрады. Тұрмысқа қажетті жағдайдың бәрі жасалған.
* * *
Сосновка ауылдық округінің әкімі Абдулхамит Ораловпен әңгімелесіп отырмыз. Шалғайда жатқандықтан, мұнда журналистер ат ізін сирек салатын тәрізді. Сондықтан болар, ауыл әкімінің айтары көп екен, ағынан жарылып, біраз жайдың сырын ағытты.
Сосновка ауылында енді бірер күннен кейін елеулі оқиға болатын сыңайлы. Әсем етіп салынған екі қабатты ауылдық әкімдіктің үйіне кірдік. Бұл жерде дәрігерлік амбулатория, учаскелік инспектор, тұрмыстық қызмет көрсететін мекемелер орналаспақ. Аудан әкімі Қалихан Байғонысов бұл мекемені тез арада жөндеуге өңір басшысы Бердібек Сапарбаевтың ықпалы болғанын айта кетті. 21 миллион теңге бөлінген, қажетті жабдықтар сатып алынған.
Екі орта мектеп шәкірттерге есігін айқара ашқан. Балабақша да бар. Округте 5,5 мың ірі қара, 13 мың қой, 1400 жылқы өседі. Егістіктен биыл бітік өнім алыныпты. 61 шаруа қожалығының ішінен Қ. Мукиновтың шоқтығы биік. Оның қарамағында 250 сиыр, 470 жылқы бар. Қазақтың ақбас сиыры мен жебе жылқысын өсіріп жатыр. Т. Өтеновтің қожалығында еңбек ететіндердің де еңселері биік.
– Ауылымыз орталықтан шалғайда жатса да, тұрғындардың тірлігі түзу, ертеңгі күнге сеніммен қарайды. Тәуелсіздіктің жиырма жылдығы қарсаңында бірқатар шаралар жүзеге асты. Ағаш көшеттері отырғызылып, көшелер жөнделді. Аудан басшылығына алғыс айтамыз, үнемі қамқорлық жасап отырады, – деді ауыл әкімі.
Оңдасын ЕЛУБАЙ,
Шығыс Қазақстан облысы,
Бесқарағай ауданы.