Зайсан ауданының әкімі Серік Зайнулдиннің бастамасымен Сарытерек ауылында «Туған жерге тағзым» акциясы бойынша көңілге шуақ ұялататын әдемі бір жиын болып өтті. Өңір басшысы Бердібек Сапарбаев өткен жылы Зайсанға келген сапарында кәсіпкер Талғат Дүйсенбаев кері қайтарған Мәдениет үйін күрделі жөндеуге 65 миллион теңге тауып берген. Сол қаржыға Мәдениет үйі жөнделіп, 200 орындық клуб, 18 кабинеті бар емхана, әлеуметтік дәріхана, тойхана, күрес бөлмесі, кітапхана, учаскелік инспектор, ауылдық әкімдік үйі орналасты.
С.Зайнулдин ауыл тұрғындарын құттықтап, соңынан үш қаламгерге – Әмина Сақажанова, Серік Құсанбаев, Бекен Жапаровқа «Зайсан ауданының құрметті азаматы» деген атақты табыс етті. Сарытеректіктер ән мен күйді тамашалап, облыс, аудан басшыларына алғысын айтты.
Оңдасын ЕЛУБАЙ, Шығыс Қазақстан облысы.