Басқосуға Германия Бундестагының депутаты Г.Цертик, ЕО істері және халықаралық істер жөніндегі департамент басшысы Й.Бентманн, Германия Федеративтік Республикасының (ГФР) Қазақстан Республикасындағы елшілігінің 2-ші хатшысы К.Гронсфельд, Ресей немістері жерлестігі ұйымының федералдық төрағасы В.Айзенбраун қатысты. Кездесу барысында Д.Мыңбай Германиядан келген қонақтарды ҚХА-ның құрылу тарихымен, конституциялық мәртебесімен, қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайту бойынша міндеттері және жүргізетін жұмыстарымен, сондай-ақ, Парламент Мәжілісіндегі Ассамблея депутаттарының қызметімен, ҚХА-ның халықаралық ынтымақтастық бағытындағы жұмысымен таныстырды. ҚХА Төрағасының орынбасары елдер арасындағы қатынастардың ашық сипатын, Президент Н.Назарбаев пен Федералдық Канцлер А.Меркельдің тұрақты түрде тікелей байланыста болатынын атап көрсетіп, Қазақстан немістерінің қоғамдық бірлестіктерінің «Возрождение» («Wiedergeburt») қауымдастығының қызметі туралы әңгімеледі. Д.Мыңбай Елбасы бастамашылық жасаған қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын тиімді іске асырудың ел үшін маңыздылығын айтты. Х.Кошик этносаралық қатынастардың үйлесімін орнатуда, бірлік пен мәдениетаралық үнқатысуды нығайтуда көптеген елге үлгі болып отырған Қазақстанның дара көшбасшылығын атап көрсетті. Шетелдік қонақтар «Астана опера» әртістерімен және Павлодар музыкалық колледжінің студенттерімен бірге Павлодар облысында өткен неміс мәдениеті мен классикалық неміс музыкасының фестиваліне қатысқандары, оның барысында Қазақстан немістерінің мәдениетін, тілі мен дәстүрлерін дамыту үшін барлық жағдайлар жасалғанына іс жүзінде көз жеткізгендері туралы әңгімелеп берді. Кездесуді қорытындылай келе, Д.Мыңбай Х.Кошик пен Г.Цертикті Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті XXVII сессиясына қатысуға шақырды.
Нұрлыбек ДОСЫБАЙ, «Егемен Қазақстан»