Арғы ата-бабаларымыз ежелгі халық саналып, адамзат өркениетіне өзінің лайықты үлесін қосқан, еңселі халық болғанымен, соңғы 300 жылда біз біреудің қол астына қарап, жалтаңкөз болып өмір сүрдік. Келімсектер жерімізді «патшаның меншігі» деп қағазына енгізіп, өзімізді сулы-нулы жерлерімізден қуып, құмды, шөл-шөлейт аймақтарға ығыстырды. Оған да көніп, өсіп-өніп отырғанымызда, большевиктер өкімет басына келіп, қызыл қырғын басталды. Қолдан жасалған аштықтан жартысы қырылып, біразымыз жер ауып кеттік. Ұлттық рухымыз басылып, сағымыз сынды. Аштықтан аман қалғанымызға шүкірлік айтып, тамақтан басқаның не керегі бар деп, «отырса да тәубе, тұрса да тәубе» дейтін қасқа кедейдің тобанаяқ қалыбына түстік. Сол қырғыннан енді ғана ес жиып келе жатқанда «халық жауларын әшкерелеу» деген репрессиялық науқан тап келіп, ұлтымыздың сүт бетіне шығар қаймақтарын тегіске жуық қырып тастады. Бұл енді бас кетіп, мойын қалған нағыз зар заман еді. Бұрынғы бұрынғы ма, қазақтың күні енді тіпті қараң болды. Бұрын сағы сынса, енді жағы сынып, қит етсе қамап, ұрып-соғып, халықты табадағы балықтай шыжғырды. Осы кезден бастап қызыл өкімет қазақты менсінуді де мүлде қойды. Көп адам көңіл қоймайды, көп қырылсақ та біз Екінші дүниежүзілік соғыста ғана бір көтеріліп қалдық. Қазақтың қатарда жүріп мылтық атқандығы ғана емес, нағыз қайсар, ержүрек, өзіндік дара мінезі бар халық екендігі осында көрінді. Қанша көзге ілмейміз десе де батыл айқасып, батырлық көрсете алатын мыңдаған ерлеріміздің бары танылды. Бір Бауыржанның өзі неге тұрады? Ол соғыс кезінде соғыс туралы жазылған ең үздік кітаптың басты қаһарманы болды және сол кітаптағы оқиғалардың бәрі оның өз басынан кешкендері еді. Жазушы А.Бек оның айтқандарын қағазға түсіргендігінің арқасында ғана үздік кітаптың авторы атанып, атағы аспанға шықты. «Волоколамск тас жолын» алыс шетелдердегі айтулы қайраткерлер мойындап, одан өз әскерлерінің үлгі алуын қалады. Басқа түгіл, «әлемдегі ақылды халық» деп танылған еврейлердің өзі әскери академияны бітірген офицерлеріне қарумен бірге Баукең туралы кітапты табыстап, өзінің әскери жолындағы өмірлік қағбасы осы болуы керектігін ескертті. Атағы бүкіл әлемге мәшһүр болған Фидель Кастро мен Че Гевара бұл кітапты өздеріне үлгі етумен қатар, полковник Момышұлын Кеңес Одағына жалынып, қайта-қайта шақырып жүріп, еліне келтіріп, арнайы қонақ етті. Бірақ соғыс біткен соң да КСРО-да қазақты кем тұту қайта басталып, бәз-баяғы қалыпқа түсті. Өзге түгіл Баукеңнің өзін көзге ілмей, Батыр атағын бермеуімен қатар, басқа да жағынан шөміштен қақты. Бас штабтың академиясын бітіргеніне қарамай, генерал атағы берілмеді. Ірілі-уақты шенеуніктерінің өзі Баукеңді көзге ілгілері келмеді. Мысалы, сол Кубаға барған сапарында бүкіл елдің аузында болып, «Бостандық аралын» шулатып жатқан отандасының құрметіне КСРО-ның сол кездегі елшісі А.Алексеев қабылдау жасамақ түгіл, Моңғолияның елшісі өткерген қабылдауға қатысқанда, жанына келіп амандасуға да жарамаған. Әрине, Баукеңнің оған түкіргені бар, бірақ осы мінезден-ақ қызыл империя шенеуніктерінің кіші халықтарға деген теңгермеушілігі көрініп тұрды. Егер Баукеңнің орнында басқа ұлт өкілі болғанда, ол құрақ ұшып, асты-үстіне түсер ме еді!.. Тағы бір мысал. 1945 жылы ұлы Абайдың 100 жылдығы болып, Алматыдан, облыстар мен аудандардан қазақтың игі жақсылары барып, Жидебайда тойлап жатқанда сол шараға ауданның бірінші басшысы болып есептелетін ұлты өзге азамат бармай, үйінде жатқан екен... Бұл да сол қазақты менсінбеушіліктің, теңгермеушіліктің айқын көрінісі, осы үдерістің жоғарыдан төменге дейінгі аралықты түгел қамтығанының нақты бір айғағы. Міне, осындай да жағдайлардың бастан өткенін ескеріп, азаматтарымыз тәуелсіздіктің қадірін ешқашан ұмытпай, жадына түйіп жүруі керек екені күмәнсіз. Ал мұның өз кезегінде болашағымызға сабақ болатыны анық.
Жақсыбай САМРАТ, «Егемен Қазақстан»