• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
Бокс 12 Шілде, 2017

Олжас Сәттібаев: Қоңқабаев пен Левитсіз де Куба боксшыларын жеңеміз

247 рет
көрсетілді

Бүгін Дүниежүзілік бокс сериясының финалына шыққан қазақстандық «Астана арландары» бокс клубы 15-шілде күні «Куба қабландары» командасына қарсы өтетін жекпе-жек алдына БАҚ өкілдеріне арнайы ашық жаттығу жиынын өткізді.

Жаттығу барысында команда капитаны, Рио Олимпиадасының қатысушысы Олжас Сәттібаевты әңгімеге тартып, финалдық кездесу алдындағы команданың дайындығы туралы сұраған болатынбыз.

– Финалдық айқасқа жігіттер сақадай сай. Бұйырса, 18 күндік дайындықта төккен теріміздің нәтижесін көріп, ЭКСПО-2017 көрмесі аясында Астана мен бүкіл Қазақстанға үлкен қуаныш сыйлаймыз деген сенімдеміз. Өз елімізде, жанкүйерлеріміздің қолдауының арқасында жеңіске жету үшін бар күшімізді саламыз. Командаластарым да соған ниетті.

– Қарсыласыңды қаншалықты зерттеп үлгердің?

– Финалдағы кубалық қарсыласым Йосвани Вейтиа Сотомен осы жобаның 2015 жылғы финалында жолығып, жеңіске жеткенмін. Бұл жолы да сол жеңісімді қайталағым келеді. Жалпы, біз бір-бірімізді жақсы білеміз десек те болады. Бапкерлеріммен бірге оның жекпе-жектерін көріп, әлсіз тұстарын таптық. Соған сай алдын-ала жоспар да құрып қойдық. Дегенмен, барлығын шаршы алаң шешетін болады.

– Аса ауыр салмақтағы Қамшыбек Қоңқабаев пен 91 килодағы Василий Левиттің алдағы кездесуге шықпайтыны белгілі болды. Олардың жоқтығы командаға қаншалықты әсер етеді?

– Ол боксшылардың жоқтығы командаға соншалықты қатты әсер ете қоймайды. Себебі, біз Қамшыбек пен Василийсіз де жеңіске жетеміз. Әрине, командада еліміздің бірінші нөмірлі тәжірибелі боксшыларының болғанын қалап едік. Дегенмен, екеуі де белгілі себептермен командаға көмектесе алмайтыны өкінішті. Құдай қаласа, Дүниежүзілік бокс сериясының үш дүркін чемпионы атануға барымызды саламыз.

Әңгімелескен

Әли БИТӨРЕ «Егемен Қазақстан»