• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
Аймақтар 12 Шілде, 2017

Жарма ауданында Әди Шәріповтің 105 жылдығы аталып өтті

600 рет
көрсетілді

Қазақтың көрнекті жазушысы, мемлекет және қоғам қайраткері Әди Шәріповтің 105 жылдығына орай қаламгердің кіндік қаны тамған Жарма ауданында бірқатар мәдени іс-шаралар ұйымдастырылды.

Қазақстан Жазушылар Одағының төрағасы Нұрлан Оразалин, жазушының жары Клара Мыңжасарқызы, филология ғылымдарының докторы, профессор Фаузия Оразбаева, Руда Зайкенова, Гүлжаһан Орда, Серікқазы Қорабаев бастаған қонақтар ең әуелі қаламгер туып-өскен, кейін есімі берілген Әди Шәріпов ауылына ат басын тіреп, елдімекен тұрғындарымен кездесті. Келесі күні аудан орталығы Қалбатауда «Қазақ әдебиетінің өзекті мәселелері» атты республикалық ғылыми-теориялық конференция өтіп, Алматыдағы М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институты мен Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің ғалымдары мазмұнды баяндама жасап, тұлға жайында естеліктерін айтты. «Қасиетті өлке, қазыналы өңір – Жарма ауданында елінің, жерінің даңқын шығарған танымал тұлғалар аз емес. Солардың бірі де бірегейі – әдебиетші ғалым, қаһарман партизан, белгілі жазушы Әди Шәріпов. Әдекеңнің есімі жерлестерінің, ұрпақтарының, халқының жадында мәңгілік сақталады. Жазушының туған ауылы Әди есімімен аталып, аудан орталығындағы бір көшеге аты берілгені жерлестерінің ардақты ұлына деген құрметі деп білеміз. Дара тұлғаның 105 жылдығына орай жазушының рухына тағзым ете келген қадірлі қонақтарымызға, зерттеуші-ғалымдарға алғысымызды білдіреміз», - деді Жарма ауданының әкімі Нұрлан Сыдықов конференцияның ашылу салтанатында сөйлеген сөзінде.

Қазақстан Жазушылар Одағының төрағасы Нұрлан Оразалин қаламгердің шығармашылығы, соңында қалдырған мұралары, азаматтық болмысы, кісілік келбеті жайында ой қозғап: «Әди Шәріпов алаштың ардақтылары Мұхтар Әуезов, Құдайберген Жұбанов, Сәкен Сейфуллиннен дәріс алған, Ілияс Жансүгіровпен бірге еңбек еткен, олардың құнды мұраларын ұрпаққа жеткізе білген көреген жан. Ахмет Байтұрсыновтың «Әдебиет танытқыш», М.Әуезовтің «Қилы заман» сынды еңбектерін көзінің қарашығындай сақтап, елу жыл өткен соң баспаға тапсыруы ерлікпен пара-пар іс» дей келіп, жазушының есімін ұмытпай ұлықтап жатқан жерлестеріне алғысын жеткізді.

Көп жылдан бері қаламгердің шығармашылығын зерттеп жүрген филология ғылымдарының докторы, профессор Гүлжаһан Орда Әди Шәріпов оқу министрлігін басқарған жылдары қазақ тіліндегі білім ордаларын қайта ашуға атсалысып, қазақ тілін өркендету мақсатында мектеп мұғалімдерінің әдістемелік оқу құралы ретінде «Қазақ тілі мен әдебиеті» журналын, «Қазақстан мұғалімі» газетін шығаруға мұрындық болғанын тілге тиек етті. Шара соңында сөз алған жазушының асыл жары Клара Жағыпарқызының әсерлі сөзі жиналған жұртшылықты ойға шомдырып, дара тұлғаның жарқын келбетін бір сәт көз алдарына елестеткендей болды. «Әдекең туған ауылы туралы жиі айтатын еді. Өмірінің соңында қатты науқастанып жатып, туған жеріне алып баруымды өтінді. Өкінішке қарай науқасының ауырлығына әрі дәрігерінің кеңесіне байланысты бұл өтінішін орындай алмадым. Үш күннен соң Әдекең өмірден озды. Мен өзім де өтінішін орындай алмай қалғаныма өкініш білдіріп, кейін «Аяулы Әдекем» атты еңбегімді жаздым. Әди қазақ әдебиетіне келген жастардың болашағына үлкен сеніммен қарап, бағыт-бағдар беріп, ағалық ақыл-кеңесін аяған емес. Бүгінде олардың қазақтың марғасқа ұлдары болып жүргеніне мақтанышпен қараймын. Кеңестік заманда солақай саясаттың зардабын да аз тартқан жоқ, бірақ Тайыр Жароков, Шаһмардан Есенов, Жұмабек Ташенов сынды ел ағалары рухани күш беріп, әркез қасынан табылды. Жазушының 105 жылдығына орай осындай тағылымды кездесу ұйымтастырған Жарма ауданының әкімдігіне, аудан басшысы Нұрлан Бәтташұлына аналық алғысымды айтамын», - деді.

Шара аясында Алматы мен Астанадан, Семейден арнайы келген зиялы қауым өкілдері аудан кітапханасына жазушы жайында жазылған кітаптарын тарту етіп, биыл Жарма өңірінде аудандық деңгейде өткен «Әди оқулары» келешекте республикалық дәрежеде ұйымдастырылса деген ұсыныстарын жеткізді.

Азамат ҚАСЫМ, «Егемен Қазақстан»

Шығыс Қазақстан облысы, Жарма ауданы