• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
Аймақтар 13 Шілде, 2017

Қостанайда жол қозғалысы ережесінің электрондық оқулығы жасалды

120 рет
көрсетілді

Жергілікті полицейлер мен «Өрлеу» біліктілікті көтеру ұлттық орталығының бірігіп, тұсаукесерін өткізген «Мектеп мұғалімдеріне арналған жол қозғалысы ережесінің сандық ресурсы» –инновациялық жоба болып табылады.

Ол бойынша енді жол қозғалысы ережесін қолыңда планшет, ноутбук, компьютер болса үлкен-кіші үйрене беруге болады. Оны тек мұғалімдер ғана емес, үйде ата-аналар да пайдалана алады. Электрондық оқулықты жасағандар бұл ноу-хаудың елімізде әлі баламасы жоқ екенін айтты.

«Өрлеу» біліктілікті көтеру ұлттық орталығы Қостанай облыстық филиалының директоры Марионелла Слесарь сандық ресурстың инновациялық жоба екенін айта келіп, жол қозғалысы ережесін үйретуде оның балаларға қызықты болатынын жеткізді. Облыстық ішкі істер департаменті Жергілікті полиция қызметінің бастығы, полиция полковнигі Нығмет Ысмағұлов бұл жобаның балалардың жолдағы жарақатының азаюына септігі тиетінін айтты.

«Балалар мен жасөспірімдерге жол қозғалысы ережесін оқытудың өте қолайлы, оларға қызықты формасы, әдістемесі болады деп үміттенеміз» деді Нығмет Ысмағұлов.

 Жол қозғалысы ережесінің сандық ресурсы Жітіқара аудандық мәслихатының депутаты Гүлсара Жаманқұлованың қолдауымен тұсаукесерге арналып, қазақ және орыс тілдерінде буклет болып басылып шықты. Алдағы уақытта электронды оқулық Қостанай облысы мен республикадағы барлық мектептерге таратылып беріледі. Сонымен қатар оны «Өрлеудің» сайтынан да көшіріп алуға болады.

«Ресурс қол жетімді платформада дайындалған.  Сондықтан оны компьютерлерге түрлі сипатпен енгізуге болады. Оны қарау үшін интернет желісіне қосылудың қажеті жоқ, барлық мультимедиялық контент, керекті бағдарламалар ресурстың өзінде сақталады» деді Марионелла Васильевна.

Нәзира Жәрімбетова, «Егемен Қазақстан» ҚОСТАНАЙ