• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
14 Шілде, 2017

Дала демократиясы мен демографиясы

1264 рет
көрсетілді

Осыдан біраз жыл бұрын демограф ғалым, саясаттану ғылымдарының докторы Мақаш Тәтімовпен азаматтық некеден өрбіп жатқан ұрпақ жайлы ашық пікірталасқа түсіп, бір тоқтамға келе алмай, тарқасып едік.

Даудың басы демографиялық ахуалдан басталып, Батыста үштен бір бала азаматтық некеден туылатынына тіреліп, демограф ұлтымыз қалай көбейсе де, қыздарымыз оң жақта отырып болса да балалы бола берсін дегенге сайған. Кезінде бұл пікірталас «Сайгез» телебағдарламасынан бірнеше рет көрсетілді. Демограф ағамыздың қаз­ір көзі жоқ, бірақ сөзі айна-қатесіз мұ­ра­­ғаттарда қалды. Сондықтан, ой бұр­ма­лануына жол беріле қоймас.

Демограф азаматтық неке шақыр­ма­саң да өзі-ақ есіктен кіріп, біздің өмі­рі­мізге араласып кетті дей келе, мұны заң­дас­тырудың мүмкін еместігін, бұл тек қа­на адамның ар-ожданының сынағы еке­ндігін алға тарта отырып, өз уәжін бы­лай дәйектегені есте: «Керек десең, біздің ата-бабаларымыздың некесі де – азаматтық неке. Олар ешқандай АХАЖ бөліміне бармаған. Некесін қидырған да жүре берген. ...Талғардан Таразға көшпекші болып, үйді сатайық десек, менің әкем мен шешем екеуінің де заңды некеде тұрған құжаты жоқ! Не істейміз? Әкем: «Ой, сендердің қағаздарыңның құны маған бес тиын. Дүниеде сендер барсыңдар. Одан артық маған ештеңенің керегі жоқ» деп ұрсып тастады».

– Иә, ешқандай қағаз да, құжат та адами жауапкершілікке  кепіл бола алмайды. Бірақ, айналып келгенде, заңды некелесу адамға қанша дегенмен жауапкершілік жүктейді емес пе? Елімізде неге ажырасулар көбейіп кетті? Сіз менің ата-анам ешқандай некеге тұрмаса да тату-тәтті өмір сүрді, өзінің тапқан балаларын жауапкершілікпен тәрбиеледі дейсіз. Ол кезде қазіргі олқылықтың ор­нын да­ланың жазылмаған заңдары, бұ­зыл­ма­ған дәстүрі толтырды ғой. Ал зай­ыр­лы қоғамда өмірде жоқ қағаздың, құ­жаттың, жауапкершіліктің орнын қалай толтыруға болады? – дедік біз. 

Егер ер азаматтың саны аз, өмірі әйелдерге қарағанда төмен болса... оның ішіндегі дүдәмал еркектер мен көбейіп кеткен кәрі қыздарды не істейміз? Өмірдің заңы осылай. Бұл жерде ешқандай мораль айтудың қажеті жоқ. Демек, қоғамның бұл дертін жеңілдететін және емдейтін тек қана  – азаматтық неке. Болды. Сіз он жерден айтыңыз, он жерден қарсы келіңіз, енді оны ешкім тоқтата алмайды. Өзінің деңгейіне жетпейінше тоқтамайды. Азаматтық некенің үлесі Шығыс елдерінде 33-34 пайызды құрайды екен. Ал енді бізде 10-12 пайыз, әлі өзінің толық деңгейіне жеткен жоқ. Бірақ, жетеді!.. Әрине, айту парыз, тазалық та, мораль да керек. Бірақ демография өз заңдылығымен алға жылжи береді, – деді Мақаш Тәтімов.

– Кешіріңіз, Мақаш аға, – дедік біз, – Қазақстанда 22 пайыз некесіз туған балалар бар. Ал Америкада ол көрсеткіш – 38 пайыз! Мысалы, сол некесіз балалардан әкелері бас тартып отыр. Заңдастырылудан қашқандарды алаяқтар дейміз. Азаматтық некенің ең қауіпті жері сол. 22 пайыз деген, бұл – ұлт үшін  өте қауіпті...

Содан кейін өз тарапымыздан мына уәжді алға тарттық... Көрші Ресейде жыл сайын 400  мың бала некесіз туады екен. Академик Рыбаков Түркиядағы фо­румда мұны қасіретті мәселе ретінде әлем жұршылығының назарына салды. «400 мың бала, әрине, бұл ресми дерек... оның сыртында қаншама бала былай ту­ып жатыр» деп ашынды... Форумда 50 ел­дің аузы дуалы ақсақалдары  – қалай бол­ғанда да отбасы құндылығы мен ха­лықтық дәстүрді сақтау, адамдардың  жау­апкершілігін нығайту керек деген мәмілеге келді...

– Сіздің бұл сөзіңіз де оған ешқандай кедергі жасай алмайды. Мәселен, сол азаматтық некеден баланы туғызбай қой­сақ, қазақтың туу коэффициенті 28-ден  22-ге түсіп қалады. Сіздің сөзіңіздің мо­ральдық құны – он мыңдап, жүз мың­дап дүниеге келем деп жатқан бала­лар­дың жолын жауып тастаумен тең!

Бұдан соң, тіпті, гастербайтерлерден де бала құшақтап қалып жатқан қыздарымыз айтылды. Азаматтық некеден басталған пікірсайыс аралас некеге ауысып, бірақ демограф мұның ұлттың демографиялық қауіпсіздігіне үлкен қатер төндіретініне келісті. Көр­шілерімізде қазір 40 миллион жас бойдақ жігіт бар, яғни, ұзын-саны ел­де­гі қыздардан көп. Қазір оларда не жұ­мыс, не отбасы жоқ. 40 миллионның 1 ғана пайызы – 400 мыңы Қазақстанға ен­се, елдің бүкіл демографиялық суретін сөз­сіз бұзып жібереді, деді ғалым. 

Әрине, демограф ретінде Мақаш аға­мыздың ұстанымымен келісуге де бо­лар, келіспеуге де болады. Жазмышқа қар­сы тұруға кімнің құдіреті жетеді. Алай­да, ұлттың ұлы саясаты қан таза­лы­ғын сақ­тап, бойжеткендеріміздің баянсыз ба­­қытына бағдар болмас па? Көлденең көк аттыдан болса да сәби сүйсем дей­тін ша­расыздықтан туған шараналар ер­тең өс­пей ме? Мен кіммін деген сұрақ кө­кей­ін теспей ме?  

Бізді тағдырдың тезінен, тарихтың өзі­нен суырып алып шыққан дала демократиясы мен өз демографиясы емес пе еді?!

Айнаш ЕСАЛИ, «Егемен Қазақстан»