• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
Кино 14 Шілде, 2017

Еуразияның кино ендігі

243 рет
көрсетілді

22-28 шілдеде Астанада Кино мейрам феноменіне айналған әйгілі «Еуразия» кинофестивалі өтеді. Бұл туралы фестивальдың дайындық жұмыстарына байланысты өткізілген баспасөз мәслихатында хабарланды.

Биылғы халықаралық бай­қау­дың бір ерекшелігі – пре­мь­ер­алық фильмдер арасындағы бә­се­­ке күшті болмақ. Фестивальдың бағ­­дарламалық директоры Елена Ларинованың айтуынша, кинофестиваль көрсетіліміне алыс және жақын шетелдер, Қазақстан мен Орталық Азияда түсірілген 296 фи­льм енген. Олардың ішінен ірік­теліп алынған 101 фильм не­гізгі конкурсқа қатысады. 14 фи­льм­­нің әлемдік премьерасы, 11 ки­но­туындының азиялық тұсау­ке­сері өтпек. Бұлардан бөлек көрермен назарына тағы бірнеше бағдарлама аясында түрлі жанрдағы фильмдер ұсынылмақ. Атап айтар болсақ, «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясымен бірігіп ұйымдастырған «6 плаза» дамушы елдер бағ­дар­ла­масына 66 ел қатысып, ең үздік фи­льмдер анықталмақ. Тағы бір қы­зық жобалардың қатарында «Бес құрлық» балалар фильмдерінің бай­қау­ын атауға болады. Сондай-ақ, ки­не­матографияның және отандық ки­ноның дамуына қомақты үлес қос­қан жетістіктері үшін отандық кинематографтарға берілетін ұлттық «Тұлпар» жүлдесін сарапқа салуға қатысатындардың дені жас режис­серлер болып отыр. Алматыда қыр­күйек айында салтанатты түрде табысталатын ұлттық марапатқа 14 қазақстандық картина, түркітілдес елдердің атынан 4 фильм ұсынылған.

Биылғы байқаудың негізгі кон­­курсына Сәбит Құрманбектің «Орал­ман» фильмі Қазақстан аты­нан қатысады. Режиссердің ай­туын­ша, фильм идеясына Азаттық сайты­нда жарияланған Ауғанстанда ата-анасы совет билігінен қашқан этни­калық қазақ – «Уәли командир» туралы мақала түрткі болған. «Оралман» фильмі биыл Иранда өткен халықаралық «Фаджр» кино­фес­тивалінде «Азияның үздік фи­льмі» жүлдесіне ие болған-тұғын. Кон­­к­урсқа қатысушылардың ара­сын­да Қырғызстан, Испания, Вье­тнам, Индонезия, Қытай, Жа­по­ния, Корея, Түркия, Ресей ки­не­матографистерінің фи­льмдері кір­ген.

Қазақстандық киножобалар на­­рығына қатысуға Еуропа мен Азияның кинобизнес саласындағы алдыңғы қатардағы мамандары келмек. Олар киноқорлар мен ірі кино нарығының басшылары, танымал продюсерлер, сату бойынша агенттер мен дистрибьюторлар Қазақстан киноөндірісімен етене танысып, кей жобаларды бірге ұйымдастырмақ. Іріктеліп алынған жобалардың ашық тұсаукесер-пит­чинг кезінде авторлары таныстырып, халықаралық сарапшылар тара­пынан үздік танылған жоба «Қазақфильм» киностудиясының қолдауына ие болады. Осы орайда фестивальдың қазылар алқасының мүшесі, белгілі режиссер Талғат Теменов қандай фестиваль болмасын қазақ киноөнерінің өркендеуіне жұмыс істегені жөн екендігін айтады.

– Біз Рашид Нұғыман екеуміз фес­тиваль басталғалы бірге келе­міз. Талай жұлдыздар, талай есім­дер ашылды. Әлемдік кино жұл­дыздары Қазақстанға арна­йы ша­қы­рылып отыр. Олармен бұрын­нан таныс болсақ та, олар үшін Қазақстан мәдениеті – жаңалық. Мем­лекетіміздің тәуелсіз ел бол­ға­нына енді ғана 25 жыл толды. Ки­но­фестивальдер – кино өнері тура­лы көзқарастар мен пайымдарды бір арнаға тоғыстыратын алаң. Ең бастысы, көрермендердің жаңа кинотуындыны ашуы фестивальдың негізгі мәні болмақ, – дейді қазылар алқасының мүшесі Талғат Теменов.

Әйдік фестивальдың бас қонағы ретінде Голливудтың танымал актерлары шақырылған. «Алтын глобус» (2003), «Оскар» (2003) лау­реаты Николас Кейдж, 40-тан ас­там фильмде ойнаған америкалық актер Эдриен Броуди, қытайлық келбетімен танылған атақты Бай Лин сынды мегажұлдыздардың қа­ты­­суымен болатын шеберлік сы­нып­­тары мен шығармашылық кеш­тер сияқты арнайы бағдарламалар жос­пар­ланған.

ХIII Халықаралық «Еуразия» кинофестивалі халықаралық қазылар алқасына Канн кинофестивалінің лауреаты Сулейман Сиссе жетекшілік етпек. Мұның өз кезегінде Азия мен Еуропа, АҚШ елдерінің жемісті ын­тымақтастығы үшін жаңа мүм­кін­діктер әкелетіндігін айтқан халық­аралық фестивальдың бас директоры фестиваль деңгейі жыл өткен сайын биіктеп келе жатқанын алға тартады.

– «Еуразия» кинофестивалін өт­кізудегі басты мақсат – қазақ­стан­дық кино өндірісті дамыту. Келетін қонақтар да көп. Әлемнің әр түкпірінен кәсіби мамандар, әлемге әйгілі өнер жұлдыздары қатысады. Осы апта қызу болғалы тұр, – дейді Рашид Нұғыман.

XIII Халықаралық «Еуразия» кинофестивалі Қазақстан Респуб­ли­касының мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысымен «Ұлт­тық кинематография өнері мен ғылымдарының академиясы» қо­ғам­дық бірлестігімен іске асырылады. ЭКСПО-2017 көрмесіне орайластырылып өтіп жатқан халықаралық кинофестивальдың «Мәдениеттер көпірі» тақырыбы отандық кино­биз­нестің дамуына, сондай-ақ, кинофес­тиваль демеушілерінің өнімдерін жарнамалауға жол аша түсетіні сөзсіз.

Ая ӨМІРТАЙ, «Егемен Қазақстан»