• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
Қазақстан 14 Шілде, 2017

Сандықтаудан жеткен сарқыт

332 рет
көрсетілді

Кеше киносүйер қауым үшін қуанышты жаңалық болды. Отандық кинотуындылардың қатары тағы бір көркем фильммен толықты. Елордадағы «Chaplin Mega Silk Way» кинотеатрында «Біз Сандықтауданбыз» атты комедиялық фильм тұңғыш рет үлкен экранға жол тартты.

Сөз басында тұсауы жаңа кесіл­ген фильмнің сюжеттік желісі туралы аз-кем баяндайтын болсақ, негізгі оқиғалар Астанада және ел­ор­даға жақын ауылдардың бірінде өте­ді. Астанада тұратын қалталы аза­маттардың бірі жаңа үй сатып алады. Сүйікті жары, бойжеткен қызы бар отағасы қазақтың жөн-жо­ралғысын сақтап, қоныстойға ауыл­дағы туған-туыс, құрбы-құр­дастарын шақырады. Бірақ олар ауылдағы ағайындар Астанаға тай­лы-тұяғы қалмай, шұбырып келеді деп күтпесе керек?! Қысқасы, қала мен ауыл халқының тұрмыс-салты, менталитеті тоғысқан тұс­та­ғы қайшылыққа толы қызықты оқи­ғалар, қуанышты сәттер фильм сце­нарийіне арқау болыпты. Ауыл мен қала жастарының арасында тұтанған сезім арқылы махаббат тақырыбы қамтылған. Бұл бір қа­ра­ғанда таптаурын сюжет, жаттан­ды сценарий болып көрінуі мүмкін. Алайда өзіміз күнде куә болып жүрген жайттарды, проблемаларды кино тілімен күлдіре отырып сөйлеткенде, еріксіз езуімізге күл­кі үйірілді. Оның үстіне, қазақ ки­но­сының қоры комедияларға бай деп те айта алмасымыз тағы бар. Бұл орайда, сценарий авторы Нарғыз Ирсалиеваның еңбегін атап өткен жөн.

Фильмде басты рөлдерді сом­даған Қазақстанның еңбек сі­ңір­ген қайраткері Түймехан Атым­та­ева, М.Әуезов атындағы Қазақ мем­лекеттік академиялық драма театрының актерлері Ақыш Омар, Майра Омар, Гүлбаршын Қы­лыш­бай, тағы басқалары өз рөл­де­рін шебер сомдап шықты деуге болады. Инабат Әбенова, Дастан Байбосынов, Жеңіс Әбдіғазин, Сағындық Тоқпаев, Ерғұлан Жан­пей­ісов сынды жастар да аға буын­ның тасасында қалмауға тырысып баққаны байқалады. Яғни, ре­жис­сері Елена Шестакова мен бас про­дю­сері Елена Гомердің жас актерлер­ге артқан сенімі ақталған.

– Біз ақжарқын мінезімен қала тұр­ғындарының жүрегін жаулап, жан дүниесін баурап алған ауыл адамдарын көрсеткіміз келді. Мен өзім Ақмола облысы, Сандықтау ауданы, Балқаш ауылының тумасымын, бұл өңір халқының мінез-құлқын жақсы білемін. Бұл жақтың табиғаты әсем, адамдары бауырмал, шынайы. Жаңа фильм арқылы өзім туып-өскен жердің ну орманын, көгілдір көлдерін көрерменге көрсетіп, қызықтыруға тырыстым. Көрермендердің көрсетілімнен кей­інгі көтеріңкі көңіл-күйіне қа­рағанда, мақсатымызға жеткен си­яқтымыз,– дейді Елена Гомер.

Бір айта кетерлігі, фильмнің аз уақыт ішінде сапалы түсірілуіне Сандықтау ауданы мен Балқаш ауы­л­ының әкімдіктері де қол­дау көр­сетіпті. Осылайша, Санд­ық­тау­дың әкімі Асылбек Исмағамбетов өзі басқаратын ауданның көрікті жер­лерін кино арқылы халыққа наси­хаттап, өңірде туризмді дамытуды көздеген.

Түсіруші команданың жұмы­сы­на да қол соққан жөн. Ақпан айында жұмысқа кіріскен олар бас-аяғы бір­неше айда картинаны толық аяқ­тап үлгеріпті. Сөйтіп, кино мау­сымы қызатын, үлкен премьералар үл­к­ен экранға жол тартатын тұста көрермен назарына ұсынылып отыр. Премьерасы сәтті өткен туындының көрермендері көп болады деген сенім мол.

Арнұр АСҚАР, «Егемен Қазақстан»