• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
Қазақстан 14 Шілде, 2017

Мемлекет басшысы Өскеменде «Нұрлы жол» саябағын ашты

325 рет
көрсетілді

Бүгін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жұмыс сапарымен Өскемен қаласына келді. Мемлекет басшысы ең әуелі «Нұрлы жол» саябағының ашылу салтанатына қатысып, бұл жерде өңірдегі Шілікті, Берел қорғандары мен Аблайкит ғибадатханасынан табылған жәдігерлермен және аймақта бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында қолға алынған жобалармен танысып, облыстың қоғамдық ұйым өкілдерімен жүздесті.

Бес гектар аумақты алып жатқан «Нұрлы жол» саябағының жанында Драма театр, оңалту орталығы, Назарбаев мектебі, Жекпе-жек сарайы, орталық бассейн, О.Рыпакова атындағы жеңіл атлетикалық манеж сынды спорттық-мәдени нысандар орын тепкен. Жасыл желекке оранған саябақтың қақ ортасында «Нұрлы Жол» монументі орналасқан. Жоба авторы Сәрсен Сейітовтің айтуынша, туынды еліміздегі береке-бірлік пен ырыс-ынтымақты паш етеді. Мемлекетіміздің туы түстес стелланың қос бағанасы бір жағынан Еуропа мен Азияның түйісуін бейнелесе, екінші жағынан, Өскемендегі Ертіс пен Үлбі өзендерін бедерлейді. Ұзындығы 22 метр монументтің төбесінен қалықтаған қыран бейнесін көруге болады.

«Мұндай демалыс орнын тамашалаудың өзі бір ғанибет. Бұл саябақ Өскемен қаласының тұрғындары мен қонақтарының көңілінен шығады деп ойлаймын. Өндірісті шаһарда тағы да бір жасыл желекпен көмкерілген орынның пайда болғаны қуантады», - деді Президент.

Елбасы саябақ ішін аралап, Зейнолла Самашев, Әбдеш Төлеубаев, Карл Байпақов сынды археологтармен, өңірдегі ірі кәсіпорындар мен кәсіпкерлермен кездескеннен кейін аймақтың қоғамдық ұйымдарының өкілдерімен тілдесті.  

Ең алдымен сөз алған Қазақстан-Америка еркін университетінің проректоры Марина Кикина жақында Астанаға арнайы барып, ЭКСПО көрмесін тамашалап, ерекше әсер алып қайтқанын айтты.

«Мен Семей өңірінен келдім. Сіздің жасампаз еңбегіңіздің арқасында еліміздің асығы алшысынан түсіп тұр. Күрмеуі қиын мәселелердің барлығы Сарыарқа төрінде шешімін тауып жатыр. Қазіргі уақытта төрткүл дүниенің назары Астанада өтіп жатқан ЭКСПО көрмесінде. Көрмені өзім де тамашалап қайттым. Қалашықтың қақ ортасында Қазақстан павильионының қасқиып тұрғанын көріп қатты қуандым. Бұл – ғажап дүние. Екінші айтарым, қазіргі таңда қасиетті Семей қаласы күннен күнге көркейіп келеді. «Нұрлы жол» бағдарламасы мен Сіздің жақында ғана жарияланған «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» мақаласының аясында ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатыр. Қазір Семейде 20 көп қабатты үй, 5 мың орындық «Абай арена» стадионы салынып жатыр. Қала халқы бұған риза», - деді бұдан кейін сөз тізгінін алған Семей қаласының ардагерлер кеңесінің төрағасы Амантай Доғалақов. 

Мемлекет басшысы Семей өңірін әркез назарынан тыс қалдырмайтынын, қалада жасалып жатқан жұмыстардың барлығын бақылап отыратынын айтып, қазіргі таңдағы Шығыс Қазақстанның даму қарқынына жоғары баға берді.  

«Шығыс өңірін ерекше жақсы көремін. Бұл – ұлы Абайдың, Шәкәрімнің, Мұхтардың елі. Өндірісті өңір, индустриалды өлке. Ауыл шаруашылығы өркен жайған аймақ. Облыстың даму қарқыны қуантады. Аймақтың бюджеті де ауқымды. Облыс бюджетінің 60 пайызы әлеуметтік салаға бағытталып отыр. Әсіресе денсаулық пен білім саласына бөлінетін қаржы жылдан жылға ұлғайып келеді. Өңір 99 пайыз балабақшамен қамтылған. Бұл – еліміз бойынша ең жоғары көрсеткіш. Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында да аз жұмыстар атқарылып жатқан жоқ», - деген Президент ЭКСПО халықаралық көрмесінің маңыздылығына тоқталып, барша қазақстандықтарды ауқымды шараны тамашалауға шақырды

Азамат ҚАСЫМ, «Егемен Қазақстан»

ӨСКЕМЕН

Суреттерді түсірген: Мәнап МҰРЗАТАЕВ