«Тұрғындардың өз күшімен салынған тұрғын үй көлемі де 74% өскендігін атап өткен жөн. Осыған қарап халықтың жалпы өмір сүру деңгейін пайымдауға болады. Биыл «Қызылорда-Жезқазған» тас жолының бойынан тағы 150 гектар аумаққа егжей-тегжейлі жоспарланған жоба дайындалды. Бұл 1200 отбасыға жеке тұрғын үй салуға мүмкіндік береді», деп атап өтті әкім.
Тұрғындарға несиелік тұрғын үйді барынша қолжетімді ету үшін «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ несиелерін беруде алғашқы төлемді 30%-дан 15%-ға дейін төмендету жөнінде мәселе қарастырылуда.
«Халықтың әлеуметтік жағынан аз қамтылған бөлігінің мүдделерін қорғау мақсатында жаңа тұрғын үйге орналастыру уақытын созып отырмыз. Облыс әкімдігі бұл мәселеде Үкімет тарапынан қолдау болады деп үміттенеді, өйткені, бұл жағдай өзге өңірлерге де тән. Дегенмен, аталған жағдай «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі»АҚ бақылауында қала береді», деп атап өтті облыс әкімі.
Айта кету керек, мемлекет қаражатының есебінен осы жылдың басынан бері 980 пәтерлік 19 тұрғын үй пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін 1809 пәтерлік 41 көппәтерлі үй, оның 11-і халықтың әлсіз қорғалған топтары үшін (яғни, жалгерлік тұрғын үй) пайдалануға беріледі деп жоспарланған.