• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
Қазақстан 14 Шілде, 2017

«Яндекс.Такси» мен Uber бірігеді

217 рет
көрсетілді

«Яндекс.Такси» мен Uber ТМД елдері бойынша онлайн-сапар қызмет бизнестерінің бірігетінін жариялады. Аталған екі компания жеке көлік пен автобустарға балама болатын «жеке қоғамдық көлік» жүйесін шығаруға ынталы, деп хабарлайды TJournal порталы.

«Яндекс.Такси» компаниясының бас директоры Тигран Худавердянның айтуынша біріккен платформа маусым айында алты елдің 127 қаласында құны 7,9 миллиард рубль болатын 35 миллион рет қызмет көрсеткен.

«2011 жылы «Яндекс.Такси» құрылғалы бері сервиске бірнеше мың көлік жүргізушілері тіркелді. Біз Ресей мен өзге бес ел ішінде табысқа жеткен жобаға айналдық. Бұл ондаған миллион адамдардың сеніміне кіруге мүмкіндік берді. Жұмысымыздың Uber-мен бірге жалғасуына қуаныштымыз», дейді Тигран Худавердян.

Такси қызметіне тапсырыс беруді әдеттегідей екі қосымша арқылы жасауға болады. Ал жүргізушілер бірыңғай платформаға бірігеді. Бас директордың сөзінше, бұл шара көлік санын көбейтіп, тапсырыс күту уақытын азайтуға көмектеседі. Компаниялар өзара роумингтік келісімшартынан соң, Uber қосымшасынан «Яндекске» және кері тапсырыс беруге болады.

Uber мен «Яндекс.Такси» ортақ компанияға 225 және 100 миллион қаржы құйған. Бизнестің 59,3 пайызы «Яндекске», 36,6 пайызы Uber-ге және 4,1 пайызы қызметкерлерге тиесілі болады. Құзырлы мекемелер келісімді 2017 жылдың төртінші тоқсанында жасап бітіруі қажет.

Сонымен қатар, жуырда Мәскеуде іске қосылған UberEATS тамақ жеткізу қызметі жаңа компанияның ішінде жұмысын жалғастырады. Енді Uber шығарған сервисте «Яндекс.Карта» технологиясы қолданылады.

Ресми ақпараттарға жүгінсек, «Яндекс.Такси» мен Uber онлайн-сапарлардың тарифтері туралы нақты келтірілмеген. Тек TJournal порталында компания өкілдерінің айтуынша, тарифтер құнына айтарлықтай өзгерістер енгізілмейді.

Компания баспасөз қызметінің хабарлауынша, «Яндекс.Такси» жүргізушілерінің саны көбейгендіктен, қызмет құнын арттыру коэффициенті салыстырмалы түрде аз қолданылуы мүмкін.

Естеріңізге сала кетейік, биыл 13 шілдеде «Яндекс.Такси» мен Uber компаниялары бірігетіндіктерін жариялады. Бұл жаңалықтан кейін Мәскеу биржасындағы «Яндекстің» акциялары 20 пайызға өскен.

Ақпарат: Uber  компаниясы 2009 жылы құрылған. Қазір әлемнің 470 қаласында таралған. Ал Қазақстанда 2016 жылдың маусым айында іске қосылған.

2011 жылы құрылған «Яндекс.Такси» компаниясы әлемнің 108 қаласында қызмет көрсетеді. Елімізде 2016 жылдан бастап жұмыс істеп келеді. Әзірге компаниялар еліміздің екі ірі қаласы – Алматы мен Астанада ғана қызмет көрсетеді.

Айгүл Шернияз,

«Егемен Қазақстан»