• RUB:
    5.51
  • USD:
    475.37
  • EUR:
    514.97
Басты сайтқа өту
08 Қазан, 2011

Жалғыз досым – жүрегім атты жыр кеші өтті

991 рет
көрсетілді

Ақтөбедегі Достық үйінде ақтөбелік жырсүйер қауым белгілі ақын, көсем­сөзші, Мейірхан Ақдәулетұлының 60 жылдығына арналған «Жалғыз досым – жүрегім» атты жыр кешінде жүздесті. Ақынның мерейтойына Алматы мен Астанадан Фариза Оңғарсынова бастаған ақын-жазушылар да келіпті. Салмақты ой, салиқалы шешімге құрылатын Мейірхан Ақдәулетұлының өлеңдері сөз қадірін білетін қазақ баласын өзіне баурап алатыны біз айтпасақ та белгілі. Сондықтан да жыр кешіне жиналғандар залға лық толды. Алдымен ақын мерей­тойына орай «Қазақстан — Ақтөбе» телеарнасы түсірген «Жалғыз досым — жүрегім» атты фильм көрсетілді. «Мен — жусанға інімін, Шеңгел болып кектенем. Көкпек жаққан көне үйдің Көжесімен көктегем», — деген жыр жолдарымен басталған фильмде ақын­ның өмірбаяны, туып-өскен ортасы, шығармашылық жолы туралы баян­далады. Мейірхан Ақдәулетұлы – өз өлеңінен өмірлік пәлсәфа тудыратын, сол арқылы өмірдің мәні мен маңызын аша­тын ойлы ақын.Оның өлеңдері өзі жайлы айтып отырып, ортасының қамын қозғай­тын, халқына қызмет ететін ойларды қаузайтын көп қатпарлы, терең мағыналы болып келеді. Сырлы жыры­мен оқыр­мандарының көңіл көкі­регінен орын алған ақынның өлеңдеріне деген ыстық ықыластың суымайтындығы да сондық­тан. Ол сондай-ақ, жұрт іздеп жү­ретін, сүйініп те сүйсініп оқитын көсем­­сөзші. Мейірхан аудармасындағы Ф.Тютчев, А.Ахматова, А.Вознесенский сынды орыс ақындарының өлеңдері, М.Аджидің «Қып­шақ даласының жусаны» тарихи эссесі, К.Аширдің «Қабыл — Адам Ата перзенті» драмасы, Т.Буркхард, Э.Фромм, Д.Суздуки және бас­қалардың философиялық-мәдениеттану­шылық бағыттағы көлемді еңбектері қалың қазақтың игілігіне айналған қабырғалы еңбектер. Ақын мәде­ниет­танушы ретінде де танымал тұлға. Белгілі ақын, әріптес інісі Ертай Ашықбаев жасаған баяндамада Мейірхан Ақдәу­лет­ұлының осы қырлары жан-жақты ашылды. Қазақ поэзиясына өзіндік қол­таңбасымен келген ақын жырларының ерекшеліктері мен өзіндік өзгеше бітім-болмысы Ертай баяндауында анық аңғарылып, жұрт­шылық жүрегіне жол тапты. Ақын інісіне құттықтау сөзін арнаған Қазақ­станның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлық­тың лауреаты, ақын Фариза Оңғарсынова Мейірхан Ақдәу­лет­ұлының өлеңін де, өзін де отыз жылдан астам уақыттан бері жақсы білетінін жеткізді. –Қаламгерлік биігіне азаматтық келбеті сай Мейірхан сынды жан­дарды ұлттың алтын қазығы деп білемін. Алтын қазықты ел азбайды, – деп түйіндеді ақын апамыз өз ойын. Кеште Қажығали Мұханбетқалиұлы, Жұма­бай Шаштайұлы, Байбота Серік­бай­ұлы Қошым-Ноғай, Шамшиддин Паттеев, Таласбек Әсемқұлов, Елена Әбді­халықовалар мерейтой иесіне ізгі тілек, ілтипатты ой білдірді. Ақынды облыстық мәслихаттың хатшысы Балғали Ордабаев, Ақтөбе қаласының әкімі Нұрмұхамбет Әбді­беков, облыс орталығындағы жоғары оқу орындарының басшылары құт­тықтады. Жыр кешінде өлеңін орыс тілінде өретін белгілі ақын Амантай Өтегенов өзінің әріптесіне арнаған өлеңін оқыды. Сатыбалды СӘУІРБАЙ, Ақтөбе.