Елбасының «Болашаққа бағдар – рухани жаңғыру» мақаласындағы «патриотизм кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни туған жерге деген сүйіспеншіліктен басталады» деген мағынасы терең сөздер жас ұрпақты ата-баба аманатына адал болуға , рухани құндылықтарды қастерлеуге жетелейді. Тәуелсіздіктен кейін дүниеге келген буын атамекеннің қадір-қасиетін жақсы түсінеді. Оған қатысты кез келген акцияларға белсене қатысады. Бір сөзбен айтқанда, жалпыұлттық патриотизмнің көріністерін біліммен де, нақты істермен де дәлелдеп келеді. Соның бір үлгісіне «Туған жер» және «Қазақстанның 100 есімі» жобалары аясында өңір мектеп оқушылары арасында құрылған экспедициялық топтарды атар едік. Жуырда олардың бір легі өлкенің 13 ауданын аралап, тарихи-мәдени орындарды, көрікті жерлерді тамашалап қайтты.
– Экспедицияның басты мақсаты – жастардың бойында елге, жерге деген сүйіспеншілік сезімді қалыптастыру. Біз алғашқы сапарды Есіл ауданынан бастап, жұртшылық жадында «Сары әулие» есімімен қастерленетін Құлсары батырдың басына зиярат еттік. Былтырлары оның қорымына үлкен кесене тұрғызылған болатын. Мұндай қасиетті орындар облыста көптеп саналады, – дейді әл-Фараби атындағы мектеп-лицейдің директоры Күлімкөз Смаилова.
Оның жетекшілігіндегі топ Айыртау, Уәлиханов, Ақжар, Аққайың аудандарында болып, 1100 шақырым жолды еңсерген. Ағынтай мен Құлсары батыр мазарлары, Айғаным қонысы, Шоқан Уәлихановтың мұражайы, Қалмаққырылған төбесі оқушыларға ерекше әсер еткен. Мырзағұл ауылы жанындағы Теке, Саумалкөлдегі Имантау мен Шалқар көлдері, Талдысай өзені – әрқайсысының тылсым жұмбақтары мен қатпарлы сырларын білмекке құмартқан.
Ғ. Мүсірепов, Тимирязев аудандарындағы ұлылар мекен еткен, ізі қалған киелі жерлермен жүріп өткен.
Жас балғындар өлкенің ерекше тарихы, тамаша адамдары, әсем табиғаты, сәулет өнері мен мәдениеті жайлы танымдық ақпараттар жинастырып, жеке альбом құрастыруды, қысқаметражды фильм дайындауды көздеп отыр.
Өңірімізде бастау алған этнографиялық экспедиция мұнымен аяқталмақ емес. Алда киелі Түркістан жеріне сапар шегіп, тарихи ескерткіштермен танысу жоспарланған.
Өмір ЕСҚАЛИ, «Егемен Қазақстан»
Солтүстік Қазақстан облысы