«Өрлеу» біліктілікті көтеру ұлттық орталығы Қостанай облыстық филиалының директоры Марионелла Слесарь сандық ресурстың инновациялық жоба екенін айта келіп, жол қозғалысы ережесін үйретуде оның балаларға қызықты болатынын, зеріктірмейтінін жеткізді. Облыстық ішкі істер департаменті Жергілікті полиция қызметінің бастығы, полиция полковнигі Нығмет Ысмағұловтың айтуынша, бұл жобаның балалардың жолдағы жарақатының азаюына септігі тиетін болады.
Жол қозғалысы ережесінің сандық ресурсының тұсаукесерге арналған буклеті Жітіқара аудандық мәслихатының депутаты Гүлсара Жаманқұлованың қолдауымен қазақ және орыс тілдерінде басылып шықты. Алдағы уақытта электронды оқулық Қостанай облысы мен республикадағы барлық мектептерге таратылып беріледі. Сонымен қатар оны «Өрлеудің» сайтынан да көшіріп алуға болады.
– Ресурс қолжетімді, баршаға түсінікті платформада дайындалған. Сондықтан оны компьютерлерге түрлі сипатпен жүктеуге болады. Оны қарау үшін интернет желісіне қосылудың қажеті жоқ, барлық мультимедиялық контент, керекті бағдарламалар ресурстың өзінде сақталады, – деді Марионелла Васильевна. – Бағдарлама жол қозғалысы ережесі бойынша нормативтік-құқықтық құжаттар, типтік оқу бағдарламасы, сабақтар мен қосымшалар дайындау, кішкентай балалар үшін жол ережесін сақтау туралы тақырыптық мультфильмдер секілді төрт бөлімнен тұрады.
– Биылғы жылдың бірінші жартысында облыс өңірінде жасөспірімдер зардап шеккен 30 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Одан бір бала қаза тауып, 32 бала түрлі деңгейдегі жарақат алды. Жарты жылда 6 жол-көлік оқиғасы жасөспірімдердің кінәсінен орын алған. Зардап шеккен 18 бала жаяу жүргінші, екі бала велосипед айдап бара жатқан, 10 бала көлікте жолаушы жүріп бара жатқан. Тағы бір мәлімет, ең көп жарақат алғандарға 10 және 14 жасқа дейінгі, екінші орынға 7 жастағы және үшінші орынға 7 мен 10 жасқа дейінгі балаларды қоюға болады. Жол қозғалысы ережесінің сандық ресурсы нақ осы санаттағы балаларға арналып жасалғаны қуантады, – деді облыстық ішкі істер департаменті Жергілікті полиция қызметінің бөлімше бастығы, полиция подполковнигі Айгүл Бекмағамбетова.
Нәзира ЖӘРІМБЕТ, «Егемен Қазақстан»
ҚОСТАНАЙ