Кезінде бұған кейістік білдірген Сейдахмет Бердіқұлов «Жүрсің-ау бір қиырда...» атты әңгіме жазғаны еріксіз еске түседі. Сондағы «Котэ Махарадзе ұшырасқан сайын «Фернандестің (мексикалық комментатор – автор) г-оо-лы құлақтан кетпейді» деп тоқсан минут сөйлеуге грузиншесі, орысшасы, немісшесі жеткенде, Фернандестің шеберлікке сөз таппайды, бас шайқай береді. Мен оған қазақта Фернандес емес, Котэ достың өзіндей бір маман болмағанына тек өзім айыпты адамдай жүрегім шаншып, қысыламын» деген жолдарды оқығанда сіздің де көңіліңіз құлазып, көкейіңізде көп ойлар оянары анық. Жаңағы жазбаның жарық көргеніне отыз жыл өтсе де, аяулы ағамыздың асыл арманы әлі орындалмай тұрғаны өкінішті-ақ.
Жанымызды бала жастан баураған дүние болған соң ба, спорттық тартыс-тарды тамашалаудан қазір де тартынбаймыз. Баяғыдай түн ұйқымызды төрт бөліп, жанкүйерлік жасамағанымызбен жаһандық жарыстардан берілетін тікелей хабарларға оқта-текте көз тас-тап қоятынымыз бар. Телеарналарда көрсетілетін футбол, волейбол, баскетбол, хоккей секілді ойын түрлерінің өзіне тән өрнектерін дөп басып, көрермен көңілін көншітуге жарайтын көшелі әріптестеріміз әрине, жоқ емес. Мәселен, анау Амангелді Сейітхан, Есей Жеңісұлы, Ғалым Сүлеймен... Аты-жөндерін бөле-жара атаған бұл інілерім көрген-білгендерін көркемдеп-ақ айтады. Бірақ «Тайбурылдың қырық үш күндік кемдігі» бәрібір байқалады. Әйтеуір бірдеңелері жетіспейді. Қысқасы, айыз қандырып «аңыратпайды».
Ал енді аузынан сөзі түсіп, эфирде «езіп» отыратын кейбір көкмылжың дәлдүріштердің даусын естігенде екі құлағыңды тас бекітіп тастағың келеді. Ондайлардың орынсыз теңеулері мен олақ тіркестерінен ит сүрініп, шошқа батпақтайды.
Осындайда кешегі кеңестік кезеңде Одаққа олжа салған Синявский, Озеров, Махарадзе сияқты сай тасындай саңлақтар ойға оралады. Ескі кинохроникалардан ерекше үнін еміс-еміс естігеніміз болмаса, біздің буын Вадим Синявскийді онша біліңкіремейді. Оның шешендік шеберлігі жөнінде ертеректе әйгілі футболшы Эдуард Стрельцовтың мемуарынан («Вижу поле») оқыған едік. «Алаңда атойлаған 22 ойыншының кімдер екенін білсем жетіп жатыр. Теріс қарап отырып-ақ репортаж жүргізе берем» депті сабазың мықтылығын салмақтап. Біртуар тұлға Озеровтің де орны бөлек-тұғын. Көгілдір экраннан көрсетілетін спорттық сайыстардың ішіне кіріп кете жаздайтын, жарықтық. Жағымды дауысы жарғақ құлағымызда қалды. Өздері де спортшы болған Майоров, Маслаченко, Еремина жан алып, жан беріскен жарыстардың табиғатын жазбай танитын.
Комментаторлардың ішінде өз басым Котэ Махарадзені айрықша жақсы көретінмін. Әсіресе, Тбилисидің «Динамосы» қатысқан матчтарды майын тамыза суреттейтін. Грузияның маңдайға басқан мақтаныштары Давид Кипиани, Александр Чивадзе, Виталий Дараселия сияқты дара жұлдыздарды аспандағы айға да, күнге де теңейтін. Және сонысы жарасып тұратын. Білмейтін бәлесі жоқ. Жанкүйерлерді жалықтырмайтын. Таппайтын сөзі тағы кемде-кем. Мысалы, ойын бастала салысымен шиеленісіп кеткен кездерде әзіл-шынын араластырып «Ала доп әуе айналып жерге түскенше, мен сіздерді команда құрамындағылармен таныстыра қояйын» дейтінін қайтерсің. Дюссельдорфта «Карл Цейсты» ұтып, Еуропа Кубок иелерінің жеңімпазы атанғанда тбилисилік динамошыларды қуана құттықтап, «бұл грузин... кешіріңіздер... Совет футболының табысы» деп алдымен өз ұлтын ұлықтағаны есімізден кетер ме?..
1998 жылы Астананың әлемдік тұсаукесер тойында КСРО мен Қазақстанның ардагер футболшылары кездесетін, одан берілетін репортаждарды майталман Махарадзе жүргізетін болып келісілді. Алайда, денсаулығына байланысты Котэ батона елордамызға келе алмады. Сөйтіп, біздің корифей комментаторды жүзбе-жүз көрсек, интервью алсақ деген ойымыз орындалмай қалды. Жол түсіп, Тбилисиге барғанымда жан жары, атақты театр және кино актері Софико Чиаурели екеуі тұрған үйдегі музейді тамашалаудың да сәті түспеді. Оның есесіне Котэ көкем талай репортаж жүргізген, Месхи мен Метревели ойқастаған Борис Пайчадзе атындағы стадионға соғып, жайқалған жасыл алаңына табан тигіздім...
Қазақтың маңдайына қайран Котэдей бір комментатор бітер күн қашан туар екен?!
Талғат БАТЫРХАН, «Егемен Қазақстан»