• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
Футбол 18 Шілде, 2017

"Астана" өз алаңында "Спартакспен" тең түсті

196 рет
көрсетілді

Чемпиондар лигасының екінші іріктеу кезеңінде елордалық "Астана" өз алаңында Латвияның "Спартакс" (Юрмала) командасымен кездесіп, 1:1 есебімен тең түсті.

Жерлестеріміз матч бастала сала ойын тізгінін өз қолдарына алды. Алғашқы минуттарда-ақ латвиялықтардың қақпасына бірнеше жойқын соққы дарытып үлгерді. Кезекті айып добында Джуниор Кабананганың да есеп ашатын мүмкіндігі болып еді. Бірақ "Спартакс" қақпашысы өз орнынан табыла білді.

Өз кезегінде қонақтар да қарап қалмады. Дегенмен ара-тұра қарымта шабуылға шыққанмен, Юрий Логвиненко бастаған қорғаушылар осалдық таныта қоймады.

Кездесудің екінші бөлігі де осы қарқынмен жалғасты. Елордалық ұжым бірінші болып гол соғуға ұмтылды. Алғашқы екі минутта-ақ қонақтар қақпасына екі қауіпті соққы бағытталды. Бұл жолы да алаң иелеріне сәттілік жолдас болмады. 

Дегенмен, 58-минутта Патрик Твумаси шеберлігінің арқасында екі-үш қарсыласының арасынан алыс бұрышты дәл көздеп, алғашқы голды салды.

Осы голдан кейін ес жиып, алға ұмтылған Марек Зуб шәкірттері ақырындап ойын тізгінін өз қолдарына ала бастады. Допқа да көбірек иелік етті. Нәтижесінде, 72-минутта Эдгард Варданян Александр Мокин қақпасын дәл көздеп, таразы басын теңестірді.

Кездесудің 80-минутында "Астана" сапынан Роман Мұртазаевтың гол салатын ыңғайы келіп еді, бірақ орайы келген тұсты ұтымды пайдалана алмады. Араға бес минут салып Джуниор Кабананга қақпа маңындағы талас кезінде дәл соққы жасап қақпа торын тулатқан. Алайда, қаптал төрешісі жалаушасын көтеріп, оффсайдты тіркегенін білдірді.

Қалған уақытта осы есеп тіркеліп, "Астана" келесі кезеңге жолдама алды.