ІЖӨ 4,2 пайызға өсті
Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменовтің хабарлауынша, елдің ішкі жалпы өнімі биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында 4,2 пайызға өскен. Министрдің мәлімдеуінше, ел экономикасының ахуалы биржалық тауарларға бағаның тұрақтануы, Қазақстанның негізгі сауда серіктесі елдеріндегі экономикалық белсенділіктің артуы, сонымен қатар әлемдік экономиканың өсімі тұрғысынан артқан. Әрине, сыртқы жағдайдың тұрақсыздығы мен сыртқы саудадағы бағаның өзгермелілігі ел экономикасына әсер етпей қоймайды. Шыны керек, өткен жылдың өзінде әлемдік шикізат құнының құбылуы бізді де біраз әлекке салған. Биыл да мұнай соншалық қымбаттап, қарық қыла қойған жоқ. Мәселен, биылғы маусым айында мұнай бағасы барреліне 46,9 долларға дейін құлдырады. Дегенмен, алты айдың қорытындысы бойынша, ол барреліне 52,2 доллар деңгейінде қалыптасты, бұл 2016 жылғы осы кезеңмен салыстырғанда үштен бір есе жоғары. Бастысы, соңғы кезде барлық негізгі металдарға бағаның өскендігі білініп отыр. Осыған да байланысты шығар, ХВҚ бағалауына сәйкес, 2017 жылы экономикалық белсенділіктің қайта жаңартылуы әлемдік экономиканың 3,5 пайызға дейін өсуін қамтамасыз етеді депті. Нақтыланған мәліметтер бойынша, биылғы жылдың 1 тоқсанында еуроаймақтың ішкі жалпы өнімі жылдық мәнінде 1,7 пайызға, Ресейде – 0,5 пайызға, Қытайда 6,9 пайызға өскен. Ал бұған қарап біздің де биыл «жаман болмасымыз» білінетіндей. Оған Ұлттық экономика министрінің сыртқы факторлардың Қазақстан экономикасына жағымды әсерін және экономикамыздың ішкі даму параметрлерінің бірте-бірте тұрақтануын атап өткендігін қосыңыз. Ұлттық экономика министрінің мәліметінше, өткен алты айда еліміз бойынша өнеркәсіпте 7,8 пайызға, ауылшаруашылық өнімдерінің өндірісінде 3,1 пайызға өсім байқалған. Құрылыс жұмыстарының көлемі 5,9 пайызға артып, тұрғын үйлерді пайдалануға беру көлемі 11 пайызға ұлғайған. Өндірістік сектормен қатар, қызмет көрсету саласы мен бөлшек саудада да өсім бары айтылды.
«Еліміздің қаржы нарығында тұрақты жағдай сақталып отыр. Еліміздің халықаралық қоры 2017 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша, Ұлттық қордың активтерін қоса алғанда, 1,9 пайызға артып, 92,4 млрд АҚШ долларын құрады», деді министр. Т.Сүлейменов, сонымен қатар, жыл басынан бері теңгенің нығаю әсерінің жойылуы аясында инфляцияның баяулағанын жеткізді. Биылғы маусымда жылдық инфляция 9,8 пайыздық тармаққа 7,5 пайызға дейін төмендеген. Орташа айлық жалақы номиналды мәнде 1,9 пайызға, яғни 140,8 мың теңгеге дейін өскен. Ал жұмыссыздық деңгейі 4,9 пайыз деңгейінде сақталған.
«Бірінші жартыжылдықта сыртқы және ішкі даму жағдайларының жақсаруы аясында Қазақстан экономикасы өзінің өсуін жалғастырды. Енді осы өнеркәсіп өндірісінің қол жеткен қарқынын ұстап тұру үшін екінші жартыжылдықта салалар бірінші жартыжылдыққа қарағанда неғұрлым жоғары серпінде өсуі керек», деді Ұлттық экономика министрі. Бұл ретте, соңғы 5 жылда ІЖӨ-нің 60 пайызы екінші жартыжылдықта экономика белсенділігінің артуы есебінен қалыптасқанын айтып, оған мысал да келтірді. Мәселен, 2016 жылы ІЖӨ-нің 1,0 пайызға өсуі кезінде бірінші жартыжылдықта өсу 0,1 пайызды құраған, ал екінші жартыжылдықта экономиканың өсуі 2015 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 1,6 пайызға дейін жеделдеген. Сол себептен биылғы жылдың басынан бастап экономика дамуының ағымдағы серпінін сақтау үшін маусымдық факторларды есепке ала отырып, ішкі жалпы өнімнің өсуі 3-тоқсанда 4,1 пайыздан және 4-тоқсанда 4,3 пайыздан төмен болмауы тиістігін алға тартты. Осыған байланысты, мемлекеттік органдар мен әкімдіктердің негізгі міндеті өндірістің қол жеткізген өсу қарқынын сақтау, инфляция деңгейінің нысаналы параметрін қамтамасыз ету, жаңа жұмыс орындарын құру және елдегі әлеуметтік тұрақтылықты сақтау үшін тығыз әрі үйлестірілген жұмыс жүргізу болуы тиіс.
«Жоспар – 106,8 пайыз»
Отырыста бірінші жартыжылдықтағы қаржы саласындағы жағдай туралы Ұлттық банк төрағасының орынбасары О.Смоляков, ал республикалық және жергілікті бюджеттердің шығыс және кіріс бөліктері туралы, ақша-несие саясатының ынталандырушы рөлін қалыпқа келтіру үшін банк секторын сауықтыру шаралары туралы Қаржы министрінің орынбасары Б.Шолпанқұлов баяндады. Б.Шолпанқұловтың мәліметінше, мемлекеттік бюджеттің кірістері трансферттерді есептемегенде, 3407,2 млрд теңгені немесе жоспар бойынша 106,8 пайызды құраған. Республикалық бюджет бойынша кірістердің орындалуы 103,8 пайыз, жергілікті бюджет бойынша 114,3 пайыз болды.
Жиында Премьер-Министр еліміздің биылғы жылдың бірінші жартыжылдығындағы әлеуметтік-экономикалық даму мәселелерін қарау қорытындысын шығара отырып, орталық және жергілікті атқарушы органдарға Мемлекет басшысының экономика өсімін одан әрі қамтамасыз ету үшін берген тапсырмаларын шешу бойынша жүйелі шараларды жалғастыруды тапсырды. «Статистикалық мәліметтер көрсеткіші жаман емес. Бұл ортақ жұмысымыз, Елбасының тапсырмасын орталық, өңірлердегі жергілікті атқарушы органдар бірлесіп атқардық. Өсім, жоғарыда атап өтілгендей, 4,2 пайыз болды. Дегенмен, негізгі жұмыстарды екінші жартыжылдықта атқаруға тура келеді. Біз дәл осы қарқынды ұстап тұруға тиіспіз. Сондықтан босаңсуға болмайды», деді Б.Сағынтаев. Сонымен қатар бюджет қаржысының шығыс бөлігінің орындалуына мониторинг жүргізу қажеттігін атап өтті. «Артта қалып жатқан жайттарды да көріп отырмыз. Әлі де жарты жыл уақыт бар», деді Үкімет басшысы.
7,3 мың пәтер берілді
Үкімет отырысында қаралған келесі мәселе – «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы бағдарламасын іске асырудың аралық қорытындылары туралы Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек баяндады. «Нұрлы жер» бағдарламасын іске асыру халық үшін тұрғын үйдің қолжетiмдiлiгiн қамтамасыз ету мақсатында биыл басталды. Бағдарлама халықтың әлеуметтік жағынан осал топтары үшін жалға берілетін тұрғын үй салу, жеке тұрғын үй құрылысын дамыту, тұрғын үй құрылыс жинақтары жүйесі арқылы өткізілетін несиелік тұрғын үй салу, жеке құрылыс салушыларды тұрғын үй салуға ынталандыру, ипотекалық кредит берудің қолжетімділігін арттыру сияқты бес бағыттан тұрады. Инвестициялар және даму министрлігінің мәліметінше, бірінші жартыжылдықта барлық көздер есебінен 5,5 млн шаршы метр немесе 47,7 мың пәтер мен үй пайдалануға берілген. Бұл 2016 жылдың осы кезеңінен 11 пайыз жоғары. Мемлекеттік қаражат есебінен «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 7,3 мың пәтер пайдалануға берілді.
«Тұрғын үйлерді пайдалануға беру жағынан Астана мен Алматы қалалары озық келеді. Астанада 1,5 млн шаршы метр баспана пайдалануға берілсе, Алматы 928 мың шаршы метр тұрғын үй салды. Бұдан бөлек, Маңғыстау мен Оңтүстік Қазақстан облыстарын атап өткен жөн», деді Ж.Қасымбек. Министрдің айтуынша, басқа аймақтарда да тұрғын үй құрылысының жандануы байқалады. Алайда Алматы мен Павлодар облыстарында баспананы пайдалануға беру жұмысы баяу. «Қазіргі кезде салынып жатқан құрылыс нысандарын уақытында тапсыру үшін аймақтарға 33 млрд 800 млн теңге аударылды. Соның 29 млрд 300 млн теңгесі игерілді. Жалпы, республика бойынша 3 633 шақырым инженерлік желілер тарту жоспарланып отыр. Әкімдіктердің қазіргі мәліметіне сәйкес, осы уақытқа дейін 1 436 шақырым желі тартылды», деп атап өтті министр. Айта кетсек, тұрғын үй салу үшін жарық, су және тағы басқа инженерлік желілер болуы шарт. Бүгінде сол желілерді салу жағынан Қарағанды, Оңтүстік Қазақстан, Ақмола мен Батыс Қазақстан облыстарында жұмыстар баяу жүруде екен.
Отырыста бағдарламаның төрт бағытын іске асыру туралы «Бәйтерек» холдингінің басқарма төрағасы Е.Досаев баяндады. Ал өңірлердегі жағдай туралы Солтүстік Қазақстан және Павлодар облыстарының әкімдері Қ.Ақсақалов пен Б.Бақауов есеп берді.
Жұмыс жандана түсуі тиіс
Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев «Нұрлы жер» бағдарламасының жүзеге асу барысын талқылау қорытындысында Инвестициялар және даму министрлігі мен «Бәйтерек» холдингіне халықтың қажеттіліктері мен азаматтардың оны сатып алуға дайындығын ескере отырып, бөлінетін қаражатты және тұрғын үй құрылысы көлемін жоспарлауды бақылауға алуды тапсырды.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша, «Нұрлы жер» бағдарламасын іске асыру аясында бөлінетін қаражатты мақсатты жұмсауды қамтамасыз ету және жеке құрылыс салушыларды тарту бойынша жұмысты күшейту қажеттігін тілге тиек етті. Премьер-Министр әкімдерге бюджет қаржысына қарай бермей, жеке меншік құрылыс саласын дамыту мәселесін де назардан тыс қалдырмауды ескертті. Үкімет басшысының айтуынша, өткен аптада Президент Нұрсұлтан Назарбаев бұған дейін бөлінген 210 млрд теңгені қайта тарату шарасын мақұлдады. Енді, ол ақша әкімдіктерге кредиттік баспананы салу үшін аударылатын болады. «Ол қаражатты дұрыс айналдырып, «револьверлік» әдіспен құрылысқа қайта салып отырған жөн. Бірақ жеке меншік құрылыс саласын да ұмытпау қажет», деді Үкімет басшысы.
Облыс әкімдіктеріне «Нұрлы жер» бағдарламасының барлық бағыттары бойынша жұмысты жандандыру, жаппай құрылыс салатын жерлерді алдын ала анықтау және таяу жылдарға тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарларында қарастырылған көлемде жобалау-сметалық құжаттар жасауға жергілікті бюджеттен уақытылы қаражат бөлуді қамтамасыз ету тапсырылды.
Динара БІТІК, «Егемен Қазақстан»