Биыл Президентіміз Қазақстан халқына жиырма бірінші Жолдауын арнады. «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» деген тақырыппен таныстырылған бұл стратегиялық құжатта тәуелсіз елдің бүгінгі күнге дейін қол жеткізген жетістіктері сараланып, қауіп-қатерлері айқындалған, кемшіліктеріне орнықты баға берілген. Ал оның дер кезінде, ойдағыдай орындалуы Елбасы мен елдің арасындағы бірлікке, тұтастыққа тікелей тәуелді.
«Кемені қалай атасаң, солай жүзеді» демекші, бұл Жолдаудың да аты затына сай, алдағы күнге қойған межесі биік. Әрі осыған дейін жарияланған жолдаулар жоспарлы істің шашыраңқы болмайтынын, нәтижесі де көңілден шығатынын көрсетті. Оның үстіне, Үшінші жаңғыруға қадам жасап, жаһандық бәсекеде топ жаруды діттеген еліміздің алдыңғы екі жаңғырудан алған сабағы да, тәжірибесі де баршылық. Тек соны ұтымды пайдаланып, Жолдауда берілген тапсырмаларды кезең-кезеңімен жүйелі атқара білсек болғаны.
Десек те, әлем халқын алаңдатып отырған дағдарыс кезінде тұйықтан шығар жолды тауып, ұтыспен шығу оңай бола қоймайды. Мұны Елбасымыз да дұрыс аңғарып: «Болашағын айқындап, сын-қатерлерді күтіп отырмастан, оған табанды түрде қарсы тұра алатын халық қана жеңіске жетеді. Әлемде кезекті, Төртінші өнеркәсіптік революция басталды. Экономиканы жаппай цифрландыру тұтас саланың жойылуына және мүлде жаңа саланың пайда болуына алып келеді. Біздің көз алдымызда болып жатқан ұлы өзгерістер – әрі тарихи сын-қатер, әрі Ұлтқа берілген мүмкіндік», – деп, елді жігерлендіре түсті.
Біз кедергіден кері шегінбей, діттеген биігімізге жетпей тоқтамайтынымызды талай рет дәлелдеген елміз. Айталық, «Қазақстан – 2030: Барлық қазақстандықтардың өсіп-өркендеуі, қауіпсіздігі және әл-ауқатының артуы» деп аталатын Жолдау елімізді әлемнің дамыған елу мемлекетінің қатарына қосса, ендігі меже үздік отыздыққа ілігу болмақ. Бұл Жолдау сол мақсатқа жетудің жолын нұсқауымен құнды. Жаңғырудың «100 нақты қадам» Ұлт жоспары базасында іске асырылып жатқаны белгілі. Ал Ұлт жоспары аз ғана уақыттың ішінде ел өміріне елеулі жаңалық әкелді. Қазақстанның заңнамалық базасы Қылмыстық, Қылмыстық-процестік, Қылмыстық атқарушылық, Азаматтық, Әкімшілік құқық бұзушылық кодекстері секілді көптеген заңдармен толықты. Мұның өзі елдің өркениетті қоғамға, құқықтық ортаға қадам жасағанын көрсетеді. Себебі, заңы мықты мемлекетте азаматтар өз мәселесін жұдырықпен шешпейді, өзара түсіністікпен, заңмен бітіруге тырысады. Кез келген түйткілдің әділдікпен сарапталуына терең мән береді. Қоғамда осындай оң көзқарастың қалыптасуы күштік құрылымдарға, прокуратура органына, сот құрылымдарына деген халықтың сенімін нығайтқаны күмәнсіз.
Ұлт жоспары мемлекеттік қызметтің сапасын көтеруге айтарлықтай ықпал етті. Мемлекеттік қызметкерлерді іріктеуге, сатылап өсіруге, еңбегіне қарай жұмысын бағалауға қатысты қағида өзгерді. Бұл өз кезегінде білімі мен білігіне сенетін жастардың ынтасын оятып, құрылымды сапалы мамандармен жасақтауға көмектесті. Елбасы айтқандай, мемлекеттік қызметшілерді аттестациядан өткізудің пайдалы, дұрыс қадам екеніне аз уақыттың ішінде көз жеткіздік. Яғни, аттестация – қызметкерлерге арналған сынақ емес, керісінше, ізденуіне, талаптануына, біліктілігін үнемі жетілдіріп отыруына көмектесетін тетік. Міне, осы тұрғыдан алғанда жаңа жолдаудың Ұлт жоспарының негізінде жұмыс жүргізуі басталған істердің орта жолда қалмай, өз мәресіне жетуіне жол ашады.
Қарап отырсақ, Елбасының «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауы осы уақытқа дейін тың жатқан талай мәселелерді шешуге талап жасаған. Әрі тапсырмалар негізгі бес бағдарға топтастырылып берілген. «Экономиканың жеделдетілген технологиялық жаңғыртылуы» деп аталатын бірінші басымдығы цифрлық технологияны қолдану арқылы жаңа индустрияларды өркендетуді мақсат етсе, «Бизнес-ортаны түбегейлі жақсарту және кеңейтуге» бағытталған екінші басымдық елдің ішкі жалпы өніміндегі шағын және орта бизнестің үлесін 2050 жылға қарай кем дегенде 50 пайызға жеткізуді мұрат еткен. Ал аграрлық сектор экономиканың жаңа драйверіне айналуы үшін тез арада инвестициялық стратегияны жасап, жыл соңына дейін Жер қойнауы туралы жаңа кодексті қабылдау маңызды. Сонымен қатар, бұл бастамалар еліміздің салық заңнамаларына өзгеріс енгізуді қажет ететіні белгілі. Қазір осы салаға қатысы бар мамандар жаңа заңнамалардың сапалы дайындалуына үлес қосуда. Прокуратура қызметкерлері де өз тараптарынан арнайы жиындар, дөңгелек үстелдер ұйымдастырып, заңнамалық базаның құнды құжаттармен толығуына атсалысып жатыр.
Ғабит МИРАЗОВ, Алматы қаласының прокуроры