Олар үшін отаншылдық идеясы қоғамның рухани өмірінде ғана емес, оның қызметінің барлық маңызды салаларында – мәдениет, идеология, саясат, дәстүр-салт бағдарлы деңгейлерде ерекше орын алады. Ендігі жаңа демократиялық бетбұрыста билік өкілеттерінің арасында тепе-теңдіктер мен тиісті арасалмақ құру; туған жер мен Отанға деген теңгерім бірлік пен бітім тұтастығында екенін түсіну, дәйекті түсінушілікке демеушілік ету міндеттері маңызды. Кімде-кім саяси жүйенің тұтастығы мен тұрақтылығын көздесе, діттеген бағдарға парасат пен ерік-жігерді жұмылдыруға бейімделсе, ол іргелі де ауқымды өзгерістердің себеп-салдарын айқындай алатын маман-патриот.
Қазір қазақстандық отаншылдық тәрбиесі туралы, осы ұғымның мән-мағынасы, оның негізгі қағидалары қандай деген мәселелер жиі, әрқалай талқылануда. Оның себептері алуан. Алдымен отаншылдық ұғымының астары тереңде, оның арқауын, мән-мағынасын толық бағалау қиын да күрделі екенін ескерелік. Отаншылдық сезім – бұл қасиетті де тұлғалы сезім. Кеңестік тәрбиеде өсіп қалыптасқан ұрпақ тәуелсіздік пен дәуірлік өзгерістерді келте кесіп қайырған түсініктерді, қысымдарды бастан кешірді. Ал бүгінде мемлекеттіліктің ұлттық тұжырымдамаларын құрастыру қажетін ұғынушылық әр қалыпта өрбуде. Десек те, жадында үлгі ұстаған, талаптыға қолдау тұстаған – шын қағидаға айналуда.
Озық идея мен тәжірибеге жүгіну, нақты ұсыныстарды сауатты сараптау – отандық, азаматтық борыштан, кәсіби жауапкершіліктен туындайды. Азаматтық жауапкершілік демократияның елде орнығуына ықпал ететін шешуші фактор. Жаңа талап кәсібиліктен, тиімділіктен, әділдіктен, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін әрекеттерден туындайды. Президенттік тұғыр, осы ұстанымда. Рухы биік азаматтардың бағы сөнбеген, ал рухы жоғары ел өз ерлерін қорғаған. Азаматтық жаңа деңгейде ұлттық қадір-қасиеттер тұтастанып шыңдалады, қоғам шарттарына енудің өтімді тетіктері ұсынылады. Өйткені, жадында құндылық сақтаған, өзін сабақтап баптаған.
Тәрбиенің маңыздылығы – алдымен адамзаттық құндылықтарды жинақтағанда, халықтың озық тәжірибесін іріктегенде, адамгершілікті жүректе жаңғыртқанда білінеді. Жас ұрпақтың осындай ізгі қасиеттері өз бойына сіңірген, өмірге деген өтімді көзқарасынан, ортадағы қарым-қатынасқа сай мінез-құлықты қалыптастырудан білінеді. Еңбектенудің көзге көрінбес, бірақ ойдан шықпас тынымсыз түрлері, сірә, мұнымен шектелмес. Қазақ халқының тәлімдік қазынасы – тәрбиелі тоқтамның бастауында, халықтың рухани мұрасында. Қазақ халқының мәні зор ой-толғаныстары бесік жыры, айтыс, терме, мақал-мәтелдерде көптеп кездеседі. Рухани құндылықтарды ұрпақтан-ұрпаққа әдептілікпен, сыйластықпен, әділеттілікпен жеткізу – ұлттық құндылықтардың жүйесін құрайды.
«Қазақстанның жолы – 2050» стратегиялық бағдарламасындағы: «Толық өркениетті ел болу үшін алдымен өз тарихымызды, мәдениетімізді бойымызға сіңіріп, содан кейін өзге дүниені игеруге ұмтылғанымыз жөн» – деген ұстаным дұрыс айтылса да, күнделікті тіршілікте әлі де толық ескерілмеуде. Әр саладағы кәсіби маманның міндеті, мақсаты, талаптары дер кезінде дөп ескерілмесе, рет-ретімен жүзеге аспаса, онда патриоттық, ұлттық тәрбиенің қадірі артпайды. Өзіне сенетіндер озық тәжірибені тез игереді, оны өз міндетіне орай оң өзгеріске қолданудан тартынбайды. Ынталылар саяси-мәдени жаңаруға дайын, оң тәжірибені әртараптандыруға бейім.
Ұлттық дүниетанымды игеру – алдымен қазақтың өзіне ғана тән мінезді, жүріс-тұрысын, салт-санасын, ұлттық дәстүр мен тәрбие нысандарын игеру, яғни отандық тарих пен халықтың әлеуметтік тәжірибесін жақсы білу, олардың ұстанымдарын ұлағат тұту. Сонда ғана қазақтың қадір-қасиеттері, дүниетанымы оның рухани тұтастығы мен ұлттық болмысының қайнар көзіне айналып, ұрпақ санасын баурай түседі. Әрбір халық өзінің дүниетанымы арқылы тарихи даму кезеңі мен ойлау жүйесін зерделейді. Ұлттық дүниетаным сіресіп қатып-семіп қалған жалаң ұғым емес, ол халықтың өмір салтының бағдаршамы, мәдени зердесі. Құбылмалы әлемде адамдардың нақты қоғамдық қатынаста қалыптасатын ойлау жүйесі, ойлау салтының рухани жемісі, әдет-ғұрыптардың жүрекжарды жеңісі өрістерін кеңейткен сайын, елдік санада берік орныққан сайын, мұндай жасампаздық ұлттық дүниетанымның қалыптасуына, өзгеруіне айрықша ықпал ететіні беймәлім емес. Сондықтан, кемшіліктің болмағаны – зор табыс, ал кемшілікті елемеу – бардан қалыс екенін ұмытпалық. Қалыстардың ойына креативті бастаулар, инновациялық қарқын жетіспейді. Ондайда тұлғалық әрекет пен тәрбиелік іс тоқырайды, адамның жеке қасиеті мен шығармашылық қасиеттері арасындағы байланыс үзіледі, адамның кісілік қасиеттері ғылыми деңгейде кем талқыланады. Жалаң ұранда – адамның руханилығы қысымға тосқауыл бола алмайды; рухани жаңғыру толыққанды болмыстың, адамгершіліктің көзі, сараланған саналы тәлімнің аясы екенін дәйектей, дәлелдей алмай қаламыз.
Қазақтың даналық рухы – оның жарасты дүниетанымы, қазақ өмірінің болмысымен, шаруашылықтағы тұрмыс жағдайымен, саяси қызмет ахуалымен, халықтың бойына біткен тәлім-тәрбиесімен, халқымыздың керемет бай, әрі терең ойлы асыл тілімен, ұлы мұраларымен тығыз байланысты. Уәжділер іске адал, аманатқа берік, өмірде мойымас адал серік. Адамгершілік пен имандылықты, мейірімділік пен қайырымдылықты, қанағат пен рахымды, саналылық пен ізденімпаздықты, еңбекқорлық пен өнерпаздықты болмысымызда арқау ете алғанда, жас-тарды ғылым-білімге, еңбекке, қайрат-жігерге, сүйіспеншілікке, ұлттың асыл қасиеттерін қадірлеп-қастерлеуге үйреткенде рухымызды асқақтата аламыз. Ұлы ойшылдар ғибратты сөздерін үнемі жас ұрпақтың адамгершіл, ұлттық қасиеттерін қалыптастыруға арнауымен, жеке басының үлгісімен ұлағатты болған.
Рухани жетілгендер сыртқы дүниедегі өзіне ұқсас қоғамдық өлшемдерді ішкі қажеттіліктерге жаратып, ұлттық діл негіздерін қалыптастыруға мүмкіндіктер ашқан. Осыдан дүниетанымның негізгі мәні тек дүниені тану ғана емес, оның адамдар арақатынасының адамгершілік негізде құрылуында деген тың түсінік таралды. Қазіргі түсінікке ұлттық сипат беру – ұлт болашағын ойлаудан туған даралық. Қазақ мәдениетінде, еліміздің ғасырлар бойы қалыптасқан тәрбиеде адами-рухани құндылықтар әлемін жүйелеудің орны ерекше екенін жаңа заманда бар болмысымызбен ұға бастадық.
Ұлтының ұлылығын бойына сіңіргендер ғана тұлғалық қадірге жетті. Олардың мәдениеті алуан түрлілігімен тартымды. Ұлттық мәдениетін меңгерген адам адамзат пен төл мәдениеттің үйлесімділігін, қазақтануды жетілдіреді. Бұл – тәрбиелі болудың, түзу жүрудің, ұсынылған идея мен қағидалардың дұрыстығын дәлелдеудің, өз түсінігін дәл пайымдап, көзқарасын ұғындыра білудің, тыңдаушыларға жағымды ықпал ете отырып, олардың талғамына оң ықпал етудің айғағы.
Ұлттың ұлы мұраты – адами құндылықтарды – білімді, білгірлікті, бірлікті, бітімді, еркіндікті, ықпалдастықты жақтауда, жаңа ұрпақтың рухани серпілісінде, патриоттық сезімінің өлшемдерінде, болашағы зор жаңғырудың әлеуметтік өрісінде. Ұлттық құндылықтaрдың өмiрдeгi рөлi aдaм мeн қоғaм арасындағы үйлесімді қатынастарда мaзмұндaлғaн, адамдық құлшыныста – тұлғалық күшке, әлeумeттiк қарқынға, мәдeни өлшемге айналған. Бұл үш бірдей адамдық құлшыныста рухани жаңғыру – азаматтың жасампаз ісінде, ілгерілеудің үлгілерінде, ізгілікті қоғамға жеткізер амал-әрекетте, адамның бойында өміршең идеяны оятуда, инновацияға жол ашуда, мұрагерлікті ұйымдаса, ұжымдаса игеруде өміршең қолдау таппақ демекпіз.
Жақан МОЛДАБЕКОВ, философия ғылымдарының докторы, профессор, Ы. Алтынсарин атындағы сыйлықтың иегері
АЛМАТЫ