«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» АҚ өкілі Шынар Әлжанованың айтуынша, бұл бұрыннан қолданыста бар тәжірибе. Маусым айының соңында қабылданған өзгерістер бойынша Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі кодексіне Қазақстан аумағында тұрақты тұратын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ тұлғалар кепілдендірілген тегін медициналық көмек көлемін пайдалануға құқылы деп жазылған. Жалпы, елімізде тұрақты тұрып жатқан шетелдіктердің денін көбіне бұрынғы КСРО мемлекеттерінің азаматтары құрайды. Олардың көбі бүгінде зейнет жасында. Зейнетке шықпағандары осында жұмыс істейді, ел қатарлы салық төлейді. Қазақстанда тұрақты тұру құқығына ие болу үшін олар шамамен 3 млн теңгеге жуық депозит төлеуі тиіс (бұған бұрынғы Қазақ КСР азаматтары мен оралман қандастарымыз кірмейді). Шетелдіктердің сақтандыру жарнасын төлеп, ел азаматтарымен бірге медициналық қызметтерді пайдалану тәжірибесі барлық өркениетті елдерде бар үрдіс. Бұған Литва, Эстония және Еуроодақтың өзге де елдерін мысалға келтіруге болады.
Сонымен қатар, МӘМС шеңберіндегі құқықтар мен міндеттер елімізде Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық келісімдер негізінде уақытша тұратын шетел азаматтары мен олардың отбасыларына да берілген. Олардың қатарында Еуразиялық экономикалық одақ шеңберіндегі жұмыс күшінің еркін жүріп-тұруына қатысты норма да бар. Себебі, Қазақстан өзге мемлекеттермен тығыз саяси-экономикалық байланыс орнатқан мемлекет. Сондықтан біз халықаралық келісім талаптарын да орындауға міндеттіміз. Бірақ олар кепілдендірілген тегін медициналық көмек көлемінің аз ғана бөлігін пайдалана алады. Нақтырақ айтар болсақ, бұл азаматтар айналасына қауіп төндіретін: дифтерия, қызылша, қызамық, көкжөтел, скарлатина, желшешек, эпидемиялық паротит, А, В, С сүзегі (паратиф), полиомиелит, тұмаудың қалыптан ауытқыған түрлері, менингококк инфекциясы, тырысқақ, іш сүзегі, туберкулез, күйдіргінің өкпені қабындыратын түрі, оба, вирусты геморрагиялық безгек, А, Е вирусты гепатиті, малярия сынды аурулардан тегін емделеді.
Ал жоғарыда көрсетілген санатқа кірмейтін өзге шетелдіктер, мысалы, Қазақстан аумағына виза арқылы немесе жұмыс істеуге келгендер ғана МӘМС жарнасын төлемейді. Олар ел аумағына кірмес бұрын жекеменшік сақтандыру полисін сатып алуға міндетті.
Думан АНАШ, «Егемен Қазақстан»