• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
ЭКСПО-2017 19 Шілде, 2017

Таңбаға тұнған тарих

668 рет
көрсетілді

Астанада өтіп жатқан ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесі аясында Тәуелсіздік сарайында еліміздегі ең танымал музей-қорықтарының бірегей көрмесі өтті.

Аталмыш көрмеге өздерінің бай мұраларын әкелген ұжымның бірі – «Таңбалы» қорық-мұражайы. Бұл мекеме Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Қарабастау ауылынның маңында орналасқан. Елді мекеннің дәл іргесінде 3800 гектар алқапты алып жатқан «Таңбалы» шатқалы бар. Мұнда қола дәуірінен бастап, біздің заманымызға дейінгі аралықты қамтитын 5000-нан астам петроглиф орналасқан. Бұл мұралар Орталық Азияның жартас өнеріндегі бірегей құндылық болып саналады әрі 2004 жылдан бастап ЮНЕСКО-ның бүкіл әлемдік мұралар тізіміне енген.  Музей қызметкерлері «Таңбалы петроглифтер» атты жылжымалы көрмеге тас бетіне бәдіздеп оймыш­таған таңбалардың әртүрінен экспо­наттар әзірлепті. Атап айтқанда, көрме залына – тауешкі, бұғы сияқты дала жануарларының бейнесі мен тотемдік табыну әрекетіне тән шеңберлі күн­жүйесі сияқты тастағы бейнелермен қатар, қыш ыдыстар, ескі қорымдарға жүргізілген қазба жұмыстары кезін­де түсірілген артефактілер мен фото­деректер, т.б. топтастырылған. Келесі залдағы көрмеге «Сақ мәдениеті» деген атау беріліпті. «Өйткені, мұндағы  жәдігерлер алдыңғы таңбалы тас мәдениетін көне сақ мәдениетімен жалғастырушы экспозиция ретінде бірін-бірі толықтырып тұр», дейді «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің ғылыми қызметкері Әсел Әмірбекова ханым.

Мұнда да Алматы облысы аума­ғынан жаңадан табылған, әлі ғылыми айналымға енбеген жартас бетіндегі суреттер қойылыпты. Барлығы 35 бейне-нысан 5 топқа бөлініп ор­на­ластырылған. Бұл тасбейнелер «Жеті­су өлкесіне тән сақ мәдениетінің идеологиясы мен мифологиясы» атты ғылыми қолданбалы жоба ая­сын­да жинақталып, зерттелу үстін­де көрінеді. 

Үшінші көрме «Ұлытау әлемі» деген атпен ашылыпты. Мұн­дағы басты идеялық мақсат – Ұлытау табиғи-мәдени ландшафтысының ерекшелігін таныстыру екен. Көрме залында – Ұлытау өңірінің тыныс-тір­шілігімен таныстыратын фотокол­лаждар, Талдысай қонысы­ның фото­презентациясы, «Әлемдік тау» архетипі іспетпес сақ обалары мен тас мүсіндер фотодерегі қатарлы дүние­лер қойылған. Бұл тарихи-ақпа­рат­тық құжаттар «Ұлытау» қорық-мұражайының экспози­циясы қорынан жеткізілген. 

Бекен Қайратұлы, «Егемен Қазақстан»

Суреттерді түсірген  Орынбай Балмұрат,  «Егемен Қазақстан»