Көрмеге қазақ даласындағы өркениеттің дамуын паш ететін 136 музейлік жәдігер қойылған. Көрермендер әлемдік өркениетте өзіндік үлесі бар, Ұлы Жібек жолы бойындағы Отырар өңірінен, Отырар қаласы орнынан қазылып алынған бұйымдарды, майшамдар мен дастарқан (б.з. XI-XII ғғ.), қытай фарфорын, темірден жасалған еңбек құралдарын, күміс және мыс теңгелерді, кірпіштер мен көркем кірпіштерді ерекше қызықтады.
Көрмедегі жануарлар бейнеленген бойтұмарлар, әсіресе қой, ит, жылқы мүсіндері, алтын жалатылған кемер белдік, сырға, жүзік, шолпылар секілді зергерлік бірегейлігімен ерекшеленеді. Қостанайлық көрермендер назарын Отырардың кейінгі даму кезеңіне – ХVІІ ғасырға тән, азық-түлік сақтауға және су тасымалдауға арналған ыдыстар, қыш бұйымдары да ерекше назар аударды. Кең көлемде көрсетілген Отырар қыш ыдыстары материалының берік әрі түр-түсі жақсы сақталғандығымен таңғалдырады. Отырар көрмесі осыған дейін Қазақстанның тоғыз қаласын аралапты. Қостанайлықтар енді оны бір айдай тамашалайтын болады.
Нәзира ЖӘРІМБЕТ, «Егемен Қазақстан»
ҚОСТАНАЙ