Қазақ және орыс тілдерінде, сонымен қатар ағылшын тілінде субтитрлары бар бұл дискінің тұсаукесер рәсімін «Қазақфильм» киностудиясы, «CentauRus Rustem Abdrashev production» және «Меломан» компаниялары ұйымдастырған.
Қазақ хандығының 550 жылдығына орай түсірілген «Қазақ хандығы» киносериалының кинонұсқасы – «Алмас қылыш» фильмі Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша жарыққа шыққан болатын. Бұл ауқымды жобаның идея авторы – Елбасы Н.Ә.Назарбаев. Фильмнің сценарийі Ілияс Есенберлиннің «Алмас қылыш» романының негізінде жазылған.
2017 жылы 5 қаңтарда жалпыұлттық прокатқа шыққан аталмыш толықметражды көркем фильм қазақстандық прокатта 72 миллион теңгеден астам қаржы жинады. Жалпы алғанда 2,5 мыңнан астам сеанс, оның 60 пайызы қазақ тілінде, 40 пайызы орыс тілінде көрсетілді. «Алмас қылыш» тарихи кинотуындысының DVD нұсқасын еліміздің аумағында «Меломан» дүкендер желісі арқылы сатып алуға болады. Одан бөлек, Рүстем Әбдіраш «Қазақ хандығы» сериалының екінші маусымының түсірілім жұмыстары қыркүйек айынан басталатынын қуана жеткізді.
Бағашар ТҰРСЫНБАЙҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ