Ол құрылым бөренелеріне өрмелеп шығып, Қазақстан мен Аустрия Туын орнатты. Павильон басшылығының айтуынша, бұл – екі ел арасындағы ынтымақтастық пен өзара түсіністікті білдіреді. Әлемдегі барлық сегіз мың метрлік шыңдарға оттегі құралынсыз шыққан Мақсұт Жұмаев – Аустрия еліне бұрыннан бері достық ниеттегі жан. Бұл достықтың бастамасы сонау 2003 жылы Гималай экспедициясы кезінде сегіз мың метрлік Нангапарбатқа шығу алдында қаланған. Ол әлемдегі барлық сегіз мың метрлік шыңдарды оттегі құралынсыз бағындырған тарихтағы алғашқы әйел – аустриялық альпинист Герлинда Кальтенбруннермен таныс. 2011 жылы биіктігі жағынан Эвересттен кейінгі әлемдегі ең биік шың – К2-ге «тау патшайымы» Герлинда Кальтенбруннер және қазақстандық альпинистер Мақсұт Жұмаев пен Василий Пивцовтың бірге көтерілуі – үшеуі үшін де әлемнің сегіз мың метрлік шыңдарын бағындырудағы өздерінің жеке бағдарламаларының аяқталуы болды.
Төрт жыл бұрын Мақсұт Жұмаев Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Венаға ресми сапары қарсаңында Аустрияның ең биік нүктесі – Гросглокнер шыңын бағындырып, екі елдің достығы мен өзара түсіністігінің кепілі ретінде Аустрия мен Қазақстан Туын қадаған. Аустрияда тауды еңкейген кәріден, еңбектеген балаға дейін жақсы көреді. Онда 150 жылдан астам уақыттан бері тау демалысы мен табиғатын ұнататын адамдардың «Alpenverein» альпілік қауымдастығы жұмыс істейді. Ұйым мен Мақсұт Жұмаев ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойып, Қазақстанда осыған ұқсас клуб құрған. «Мен Аустрияны оның адам мен табиғатқа қатысты «жасыл» технологиялары үшін қатты сыйлаймын. Қазақстандық альпинистер клубының негізгі мақсаты – адамдарды табиғатпен дұрыс тіл табысуға үйрету», дейді М.Жұмаев. ЭКСПО-дағы Аустрия павильонына келушілер қазақстандық альпинистің «Күш машинасын» бағындырудағы әсерлі шоуына куәгер болып, қазақстандық клубпен, оның аустриялық әріптесі – «Alpenverein» клубымен танысты. Сонымен қатар, альпинистің әлемнің ең биік шыңдарын бағындырғаны туралы, Герлинда Кальтенбруннермен бірге тауға шығуы жайында естеліктерін тыңдады. Мақсұт Жұмаев альпинизм мен «жасыл» технологиялар арасында да байланыс бар екендігін айтты. «Альпинизм табиғатпен байланысты. Осы арқылы біз «жасыл» технология- лар түсінігі бар екендігін жеткізгіміз келді. Бұл – тек адамдар арасындағы ғана байланыс емес, табиғат пен адамзат арасындағы байланыс. Адам табиғатты қалай аяласа, осыдан оның әлемге деген көзқарасын анықтауға болады», дейді ол.
Альпинист «Күш машинасына» шыққан кезде бойында қорқыныш болғанын да жасырмады. «Конструкцияға өрмелегенімде шынымен қорықтым. Себебі, бұл қондырғыны мен тұрғызған жоқпын. Сондықтан ыңғайсыздау болды. Қорқыныш жаңа әрекет жасатады, егер оған берілсеңіз, алға жылжымайсыз. Өзіңізге деген сенім болу керек. Армандарыңызға сеніңіз. Жаныңыз өзгерістерді қаласа, арманыңызға қол созыңыз. Мысалы, менің арманым – әлемдегі ең биік Эверест шыңын арнайы жабдықсыз бағындыру», деген М.Жұмаев келесі жылы оның да реті келетінін әңгімеледі. Оның айтуынша, Эверест шыңына екінші экспедициясын ұйымдастырмақ. «Сол кезде осы ойымды жүзеге асыру үшін бар күшімді саламын», – деп ағынан жарылды альпинист.
Асхат РАЙҚҰЛ
"Егемен Қазақстан"