• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
Оңтүстік Қазақстан 20 Шілде, 2017

Таңқурай жегің келсе Қазығұртқа кел

361 рет
көрсетілді

Қазығұрт – таулы аудан. Әйгілі «Қазығұрттың басында кеме қалған, ол әулие болмаса неге қалған» деп сан ғасырлардан бері халық аузында айтылып келе жатқан әпсана өңірі енді бағбандарға таңсықтау таңқурай өсіре бастады.

Осындағы жол бойындағы бұлақ басын қуалап қонған «Жіңішке» ауылдық округіндегі «Нұр-Айдар» шаруа қожалығы үш жылдан бері аса дәрумендерге бай таңқурай өсіріп келеді. Әуелде бәрі эксперименттен басталады ғой. Еркін Шерәлиев деген азамат таңқурайдың пайдасы, оның тау­лы жерге жақсы өсетіндігін білгеннен кейін өсіру жолдарын әбден зерттеп үй іргесіндегі 7 сотық жеріне егіп көргісі келеді.

Көкөністің басқа түрін өсіріп жат­қандар көп, ал таңқурайға маман­дан­ғандар аз. Пайдасын да есептей бер­мейді. Бұл Еркінге қол болған. 7 сотық жерден бірталай несібе айырған соң 3 гектар суармалы жерді 49 жылға несиеге алып, тағы да таңқурай еккен. Осылайша, бітік өнімнен күн сайын 200 килоға дейін жинайтын болған.

– Таңқурайдың килосын 700 теңгеден сатып жатырмыз. Бұл жеміс дақылының әр түбі 2-3 килодан өнім береді. Ал маусымында 1 гектардан 12 тоннаға дейін жеміс жинауға болады. Жиын-терім жұмыстарына 20-ға жуық ауыл тұрғындары тартылып, әрқайсысына күніне бір кило терсе 150 теңгеден ақы төлеп жатырмыз. Жұмысшылардың тамағы тегін.  Мұндағы жұмысшылар күніне орта есеппен 2000-3000 теңгенің көлемінде ақша табады, – дейді қожалық төрағасы Еркін Шерәлиев.

Негізінен таңқурай бұталы көпжылдық өсім­дік саналады. Жабайы түрде азғана болса да кө­леңкелі жерде жақсы өседі.  Осыны ескерген қожалық ауыл іргесіндегі қыратты аумақты арнайы таңдапты. Қожалық алдағы уақытта жеміс көлемін 1,5 гектарға ұлғайтамын деп отыр.  Шаруаның жұмыс жоспарына разы болған облыс әкі­мі Жансейіт Түймебаев ау­дан басшылығына Қазы­ғұрт ауданындағы таулы ауыл округтерінде таң­қу­рай плантацияларын ұлғай­туды тапсырды.

Жақсы жаңалық журна­листердің жазбасы, түсірі­лімі арқылы Оңтүстіктің бар­лық аудан, қалаларына тез тарап кетті. Оңтүстік дихандары өзге өңір­лерге қарағанда, еңбекқорлығымен ерекшеленеді. Енді олардың бір тобы таңқурай өсірудің қыр-сырын үйрену үшін «Нұр-Айдар» шаруа қожалығы мен өзінің мекенінің арасын айдау жолға айналдырып жіберді.