• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
Қазақстан 21 Шілде, 2017

Күміс тостаған

2649 рет
көрсетілді

Сонау 1970 жылдары «Есік» қорғанына жүр­гі­зіл­ген қазба жұмыстары бары­сында «Алтын адамның» қа­сынан төңкерілген түбінде 26 таңбалы жазуы бар кү­міс тостаған табылғаны бел­гілі. Аталмыш жәдігердің өң­делген нұсқасы қазір бас қа­ладағы Тәуелсіздік сарайы­ның көрме залында тұр.  Бұл бұйымның басты құндылығы – қолданбалы өнер туындысы ретіндегі заттық ерекшелігінде емес, жазуында. Ғылымға «Есік жазуы» деген атаумен  енген бұл таңбалар, өкініштісі әлі күнге түбегейлі толық оқыл­ған жоқ. Бүгінге дейін жазу-таңбаларды отан­дық оқымыстылар – К.Ақы­шев, О.Сү­лейменов, А.Аман­жолов, Б.Төле­шов және ре­сейлік түрколог А.Лившич пен әзербайжан тіл білімі маманы Ж.Гасанов қатарлы 12 адам оқып көрді.  Осылардың ішінде түр­кі­танушы-ғалым Алтай Аман­жоловтың «Аға, саңа очкуқ! Без чөк! Букун ічре (р?) азуқ і» деп оқығаны (қазақ­ша ма­ғынасы: «Аға саған бұл ошақ! Бөтен ел адамы тізеңді бүк! Халықта азық-түлік мол болғай!) бір­шама сөз болғанымен толық мойын­далмады. Оған себеп – көп­теген көне жазу маман­дары «бұл иран-парсы жұр­тына тән жазу» дегенді алға тартуда. Бірақ бұған біз­дің отандық түркологтар келіс­пейді.  Қалай десек де, бұл жазу-таңбаның басты ерекшелігі – ерте заманда қазақ жерін мекендеген тайпалардың жазу-сызуы болғанын дәлелдейтін бұлжымас құжат екендігі. Алда-жалда бұл таңбалар көне түркі руна жазуының «атасы» екендігі дәлелденсе  – бабаларымыздың бұдан 2500 жыл бұрын жазу-сызу мәдениеті болғандығын әйгілейтін аса зор оқиға болар еді.  

Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ, Фото: Орынбай Балмұрат, «Егемен Қазақстан»