Нақтылай түссек, маған нақ сол күні КСРО Жазушылар одағы мүшесінің қызыл куәлігін тапсырған еді. Осыған байланысты Қазақстаннан келген достарым Оралхан Бөкеев пен Роллан Сейсенбаев менен ЦДЛ-да (Орталық әдебиетшілер үйі) дастарқан жаюымды талап етіп, біз сол жерде әбден тойлап отырғанбыз. Ол арадан сыпайы өтінішпен шығарғасын да тарқағымыз келмей, ақыры, той-томалағымызды біздің үйге барып жалғастыруды ұйғардық. Жолда менің үйдегі дастарқанымның жұтаңдығы есіме түсті.
Сөйтіп біз түн ішінде Сталин саяжайы маңындағы Фили ауданында құйғыта шарлап келеміз. Таксисті де азапқа салдық. Ол ашулануға айналып, Мәскеудің бұл жағында бірде-бір түнгі сауда орнын білмейтінін айтып тоңқылдады. Сол кезде ішіміздегі ең жасымыз, жүргізушімен қатар отырған Роллан оны өзімсіне иығынан қапсыра құшақтап, өзінің 70-ке келгенше жо- ғалтпаған, қайталанбас шырайлы күлкісімен көмкере, бейбіт райда былай деді.
– Бауырым, мен самбодан Совет Одағының қола жүлдегерімін.
– Оны не қыл дейсің? – Таксист мәскеулік кеудемен шақ ете түсті.
– Ештеңе, – деді Роллан, – Тек сен бізді түнгі дүкенге апарасың. Таңға дейін болса да тасисың бізді. Сен мені ұқтың ба, бауырым?
Ұқты ма, әлде ұқпады ма – бірақ «бауыр» бізді үн-түнсіз Аэропорт метросының қасындағы аэровокзалға әкелді де:
– Осында он екінші қабатта түнгі бар жұмыс істейді, – деп күңк етті.
– Міне, көрдің бе, сен қандай ақылдысың, бауырым, – деп Роллан философиялық түйін айтып, әрі қарайғы жұмысты тез бітіріп, шарапты алып келді. Жастықпен болған іс қой. Үшеудің ішіндегі жасы үлкені менмін. Бірақ Жазушылар одағына өтуде кешеуілдегем – әрине, өз кінәмнан емес. Ал мына жігіттердің екеуі де Қазақстан бойынша бұрыннан одақ мүшелері. Тобықтан қағып, көз жасыңа сенбейтін Мәскеудегі менен гөрі оларға өз төрінде оңайырақ. Сол себептен де мен Жазушылар одағының ең жас мүшесімін. Өзімнің әдеби өмірімнің болашақ симфониясының осынау тағдырлы увертюрасына албырт жастықпен қуануым да содан. Осы қуанышпен жүргенде менің әдебиеттегі жолымды ашуға барынша атсалысқан, Әдебиет институтындағы ұстазым Владимир Германович Лидинге аңсарлы қызыл билетті алғанымды айтып телефон соққанымды мүлдем ұмытып кетіппін. Ол менің жаңалығыма қуанып, өзінің пайымынша, жазушы өміріндегі мынадай ұлы оқиғаның құрметіне «бір тостақ шарап көтеру үшін» маған дереу Переделкиноға келуді бұйырды. Шалдың бүйрегі маған шынымен-ақ бұрып тұратын, семинарға қатысушылардың арасынан мені даралап отыратын. Енді, міне, үлкен Жазушылар одағында мүшелік билетті алған күні мен өзімнің қазақ достарыммен кездесіп қалдым да, солармен тойлап, Лидинмен арадағы уағдаластықты есімнен шығарып алыппын. Оны түн ортасы ауа пәтеріме топырлап келіп, әйелім Владимир Германовичтің мені іздеп бірнеше рет телефон шалғанын айтқанда барып бір-ақ еске түсірдім...
Таңертең үшеуміз бірдей Переделкиноға тарттық – мен қарт ұстаздың аяғына жығылып айыбымды тарту үшін, ал достарым – менің иттігім үшін бар кінәні өз мойындарына алу үшін...
Содан бері қанша су ақты! Мейірбан қарт жазушы Владимир Германович Лидин де бұл өмірде жоқ. Менің өзім сол кездегі Лидиннен көп үлкен көнекөз қартпын. Біздің Оралханымыз да бақи дариясының арғы бетіне өтіп кеткелі біраз жылдың жүзі болды.
Оралхан есімінің қазақша мағынасы да ғажап: Орал, менің ханым.
Оралхан, Ореке! Үйді әлдебір қырсық айналып өтсе, немесе адам бір жаман аурудан жазылып сауығып кетсе – отбасында осыдан соң туған баланың атын Оралхан деп қояды екен.
Иә, сол кезде біз жас едік, қайратты да қажырлы әрі дарынды едік. Біз үшеуміз де Қазақстаннан болатынбыз: Оралхан Алтайдан, Роллан Семейден, ұлы Абаймен бір топырақтан, ал менің туған жерім Түлкібас... Роллан маған Оралхан Бөкеевті алып келіп таныстырды да, оның романтикалық рухтағы, жойқын қуатты хикаяттары мен әңгімелері менің қазақшадан жасаған тәржімаларымның төлбасы болды... «Кербұғы», «Қар қызы», «Ардақ», «Жасын»... Әлі мүлдем жас қазақ жазушысының осынау шығармалары кейін әлем әдебиетінің классикасына кәміл қосылды.
О, қайда ғана кеттің сен, менің нұр дидарлы ханым! Оралхан! Оралшы, ханым менің! Сен қайран қалар едің, сол жолғы «бөтелкелі» түндегі серіктерің үшін, біз үшін қуанар едің. Қазақ әдебиетінің қара нарларының бірі болған, өзің сияқты ірі болған Роллан үшін қуанар едің. Ол Ескі және Жаңа әлемде кеңінен әйгілі. Оның «Шайтанның тағы», «Құм кезген өліктер», «Дүние тас-талқан болған күн» романдары жауһар дүние деп танылып, оған Венгрия, Польша, АҚШ, Жапония елдерінің марапаттарын еншілетті. Роллан Шәкенұлы көп жылдардан бері Қазақстанның бірегей журналы «Аманатты» шығарып келеді. Сөйтіп, өз оқырманына қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде ХХ ғасырдағы әлем әдебиетінің классикалық үлгілерін, Еуропа, Америка мен Азияның бүкіл алдыңғы қатарлы авангарды мен модернін таныстыруда.
Жоғары әдеби мәдениет пен мінсіз талғамның арқасында Роллан Шәкенұлы барлық қазақстандық оқырман назарына орыс, түркі, ағылшын тілді әлемнің ең көрнекті, қызықты жазушыларын, еуропалық, қытайлық, жапондық, латынамерикалық, үнділік сөз зергерлерін ұсына алды. Әдебиеттің ұлы ХХ ғасырының барлық ең ұлы есімдері дара бейнелі, көркем безендірілген көрікті «Аманат» журналының беттерінде және осы аттас баспа кітапханасының тұтас 200 томында сүйіншілеп тартылды. Біздің Ролланның мәдениеттанушылық ерлігінің кереметтей мән-маңызын шын мәнінде де асыра бағалау қиын. Ешқандай кедергіні білмеген, кез келген тығырықтан жол табатын, өз талантының қызық-қуанышын бір-бірімен алғаусыз бөліскен қайран біздің жастық шағымыз-ай десеңші!
Оралхан! Оралшы, нұр дидарлы хан! Өзіңнің аппақ тістерің ақсиған ақжарқын күлкіңмен біздің жұпыны болса да жомарт жас дәуреніміздің дастарханын нұрландыршы! Қара шашты үш жігіт салып ұрып Лидин саяжайының алдына келген Переделкиноның сол бір жазғы таңын бір сәтке болса да елестетші. Бір қарағанда тәкаппарлау көрінер менің ағылшын джентльменіне ұқсайтын мейірімді ұстазымды әуел баста шошытып алған сияқтымыз! Бірақ сосын сен және Роллан – дала қазақтарының экзотикалық екі құбылысы кәрі джентльменді салқын сабырдың саябыр иірімінен суырып алып шықтыңдар. Тіпті бар ғой, оны көңілдендіріп жібердіңдер. Ол құдды балаша мәз болып, жайраңдап күліп берді. Мығым денелі дембелше Ролланды қуақылана иығынан қағып:
– Жас жігіт, спортпен шұғылданасың ба? Қандайымен? – деп сұрады.
Бұған жас жігіт өзіне тән сыпайылықпен, қалың кірпігінің пердесін көзіне түсіре:
– Мен самбодан Кеңес Одағының қола жүлдегерімін, – деп жауап берді.
Содан кейін сен, Оралхан, мэтрдің еңкіш тартқан иығына қазақтың оюлы әсем шапанын жауып, бұл жағдай менің қарт ұстазымның жүрегіндегі өкпе-наздың жұқа мұздағын мүлдем ерітіп жіберді... Ол кісінің де өмірден өткеніне, міне, бес жыл болды, Ореке!
Иә, енді мына дүние жалғаннан біздің әрқайсымыздың көрген сый-құрмет, алған мақтау-марапаттарды тізіп жату қажет емес. Сені қанша мәрте ұлы һәм данышпан деп мадақтайтынының да еш маңызы жоқ. Албырт жастық шағымыздың тамаша күндері қайыру бермей, ырыққа көнбей алыстап кетті. Қамшының сабындай қысқа өмірдің бізге бұйыртқан ең ғажап сыйлықтары сол жас дәуренімізде болатын. Біздің тағдырдан алған, өмір соқпақтарында өзімізбен бірге арқалап алып жүре алмаған ең жақсы жүлделеріміз де сонда қалды. Кездесу, танысу, бір-бірімізді танып-білу қуанышы. Және де ең бір ғажайып, керемет, құдіретті де күшті ерлер достығының, өздерінің ғаламат дарынын қапысыз сезінген жайсаң жігіттердің бір-біріне деген алғаусыз сүйсінісіне негізделген жас дәурен жолдастығының туған сәті осы еді. Иә, Ореке, мұның бәрі біздің шығармашылық жолымыздың басында болды. Иә, біз кездестік те достастық, таныстық та табыстық, біздің ақшуақ ханымыз. Бірақ сен бізді тастап қайда ғана кетіп қалдың, Оралхан? Бұл барып тұрған әділетсіздік қой! Сен енді шынымен де оралмайсың ба, Оралхан?!
Жоқ, сен енді бізге қайтып келмейсің. Себебі, уақытты кері бұрудың мүмкін еместігінен ғана емес. Себебі, біз бірге болған жерлерге қайта айналып келгенде сен баяғы сұмдық ақылман, қалжыңбас Ролланды, еркін күрес пен самбодан қола жүлдегерді таппайсың. Мүшелік билетін жаңа ғана алған және осы қуанышын өзінің қазақ достарына сүйіншілеп жуған Жазушылар одағының «жас» мүшесі – мені жолықтыра алмайсың. Чеховтың көзін көрген, Стефан Цвейгпен досжар болған, Пильнякпен хат жазысқан аса зият, зиялы қарт жазушы Лидиннің де орнын сипап қаласың.
Біздің Роллан өз өмірінде алысқа шырқады. Қазір ол қазақ мәдениеті мен әдебиеті деген аталы ауылдың ең құрметті ақсақалдарының бірі. Ал сенің пәтуәлі пақырың осы ауылда өзіңнің таңдаулы шығармаларыңды ғана тәржімалап қоймай, сонымен бірге Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясының, Әбіш Кекілбаевтың әңгімелері мен хикаяттарының, Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Соңғы парыз» романының және Қазақстанның көптеген басқа да әдебиеттегі саңлақ жігіттерінің аудармашысына айналды. Өзімнің жазған кітаптарым да аз емес, Ореке. Олар да 30 елде әралуан тілдерге аударылған. Осыған байланысты мені оқырмандармен, әлемнің әртүрлі университеттерінің студенттерімен кездесулерге жиі шақырып тұрады.
Сондай күндердің бірінде мені Үндістанға шақырды. Делиде үлкен қонақ үйге орналастырды. Үлкен болғанда да ғаламат, сән-салтанатына көз сүрінгендей. Нөмірде ыстық. Бөлменің тыныс тарылтқан қапырығын абажадай желдеткіш әрең басып тұр. Бір кезде КСРО-да оқыған, басына шалма ораған сақалды жолбасшым әрі аудармашым Сикх Джайван әңгіме арасында тұңғиық сырға толы тылсымның бетін ашты. Ештеңеден хабарсыз, бейқам Джайван маған осы қонақ үйдің нақ осы мені жатқызған нөмірінде орын алған бір қайғылы оқиға жайында айтып берді. Әкімшілік бұл нөмірге, неге екені белгісіз, Кеңес Одағынан, кейінірек бұрынғы кеңестік елдерден келген қонақтарды жатқызуды дәстүрге айналдырған екен. Бұдан бірнеше жыл бұрын қонақ үйге Қазақстаннан келген жазушылар делегациясын орналастырыпты. Солардың ішіндегі бір жазушы мені жатқызған сол нөмірде кенеттен қайтыс болып кетіпті. Оқиғаның қашан болғанын сұрағанымда Сикх бірнеше жыл бұрын деп жауап берді. Мен одан сол жазушының атын білесің бе деп сұрадым. Джейван білмейді екен. Сосын мен мұны отельдің әкімшілігінен білуге болмас па екен деп ізерледім. Алған жауабым: жоқ, болмайды, өйткені, мұндай ақпарат әсіресе қонақтар үшін, өздерінің тыныштығын сақтау мақсатында, құпия болып табылады.
Бірақ енді маған ешқандай анықтаманың қажеті жоқ еді. Ол кезде мен Қазақстан Жазушылар одағының үлкен делегациясымен бірге сапарда жүрген Оралханның Үндістанда үзіліп кеткенін білетінмін. Үндістандағы ең ыстық маусым. Оралханның жүрегі онсыз да нәзік, қапырықты көтере алмай, түнде ұйықтап жатқанда тоқтаған. Сол сапарда болғандардың маған айтуынша, күндізгі қым-қуыт бағдарлама мен кешкі астан кейін жазушылар өз нөмірлеріне тараған, бәрі әдеттегідей болған. Оралхан ештеңе деп шағым айтпаған, күндегіше ойнап-күліп, достарымен әзілдесіп отырған. Ал таңертеңгі асқа келмей қалған. Нөміріне барса, есігі жабық, іштен кілттеулі.
Тағдырдың жазуымен Үндістанда Оралхан қайтыс болған қонақ үй нөміріне тап келгенімді білген сол түні мен алғаш рет оның аруағымен тілдестім. Оған да көп жыл өтті, көп жайларды қайғы тұманы тұмшалап тастады. Дөп басып айта алмаспын, бірақ әңгіме сұлбасы мынадай-ды.
– Есіңде ме, Ореке, біздің Переделкиноға, менің Әдебиет институтындағы ұстазым, қарт жазушы Лидинге барғанымыз? Сонда Лидин үйренісіп, жылы шырай қалыптасып болған кезде сен екеуіңе, қазақтың үкілеген жас жазушыларына қаратып былай деп еді: «Сіздің атыңыз Роллан екен. Белгілі, әдеби есім. Бірақ, әрине, қазақтікі емес. Яғни сізге бұл есімді берген адамдар біздің француздық жазушы досымыз Ромэн Ролланды білетін білімді адамдар болғаны көрініп тұр. Ал сіздің атыңыз, жас жігіт, Оралхан екен. Бұл есімнің қазақша мағынасы қандай?» Сен сонда былай деп жауап бердің: «Мұның мағынасы – вернись, мой хан. Хан бір жаққа, алысқа кеткен. Қайда кеткені белгісіз. Бәлкім, мерт болған шығар. Сондықтан, Оралхан. Орал, менің ханым».
Переделкино саяжайының ауыз үйіндегі әңгіме үзіліп, сәл ғана үнсіздік орнады. Арық, ақ буырыл самайлы қартаң орыс жазушысы жалбырай толқынданған көмірдей қара шашты, сілеусін отты қысық көзді, шықшытты жас қазақ жазушысына қарап қалған. Қарағанда да бір ерекше, жұмбақ сырлы, тұңғиық көзқараспен қадалды. Мен өзімнің дана қарт ұстазымның осындай ерекше қасиетін білуші едім. Иә, бұл Лидиннің сол айтқан нағыз көріпкелдік, көреген көзқарасы болатын... Қарт жазушымен жанар түйістірген Оралхан төтеп берді, көзін тайдырмады. Кенет аппақ тістерін ақсита жарқ еткізген оның жүзінде ғажап күлкі шуағы ойнады.
Қанеки, Роллан Шәкенұлы, біздің ұлы досымызды осынау жаңа самғаған бала бүркіттей балғын шағындағы кербұғы келбетімен есте сақтайық. Өзіміздің де самғауға талпынған кезімізді қаперден шығармайық. Ағынан жарылып, адалын айтсақ, кейін өз өмір жолымызда қанша биіктерді бағындырсақ та, біздің де ең жақсы шағымыз сол жазушылық жас дәуренімізде қалды емес пе!
Анатолий КИМ, Ресей жазушысы
МӘСКЕУ
Қазақ тіліне аударған Қорғанбек АМАНЖОЛ