Турасын айтсақ Асылзат ақын оқырмандарына махаббат тақырыбындағы лирикаларымен таныс. Шара барысында жүрек түкпірінен сезім қылын шертіп туған жырлар аз оқылған жоқ. Автор «Мұңның қою бояуын малып алып...», «Сізді ойласам кетем неге өрекпіп», «Шыр айналған бақытты сәттерімде» деген өлеңдерімен қатар, «Сіз ғана...», «Мен сізді күліп қарсы алғым келген» сынды жаңа туындыларын да оқыды.
Көпшілік патриоттық тақырыптағы шығармалардан да сусындады. Қазақтың соңғы ханына арналған «Бас», «Кенесарының аруағына мұң шағу», «Кенесары және мен» атты цикл өлеңдері мен «Ата» ұғымы туралы ақ өлең», «Қас сақ астанасы туралы әфсана» деген дүниелері ерекше рух сыйлады. «Əр оқырманым мен тыңдарманым осы кеште оқылған өлеңдерімнен өзін тапса, мақсатыма жеткенім. Астана төрінде тұңғыш рет өткен кешіме елорда əкімдігі мен Мəдениет басқармасының қолдау көрсеткенін айтқым келеді. айналамда жүрген қарапайым достарымның көмегі өлшеусіз. Сондықтан барлығына шын пейіліммен алғысымды айтамын», деді басқосуда Асылзат Арыстанбек.
Кеште автордың «Сіз ғана...» деп аталатын жаңа кітабы көпшілікке таныстырылды. «Бұл – лирикалық кейіпкерден асып, өз кейіпкерін тапқан ақын қыздың батыл қадамы деп ұғыңыз», деген болатын автор туындысы жайында.
Асхат Райқұл, «Егемен Қазақстан»