Қазіргі заманның мәселесін зерттеуші батыстық сарапшылардың пікірінше, әлемдік жүйенің онтологиялық негізі интеграция мен прогресс идеяларынсыз қалыптасуы мүмкін емес. Интеграция идеясы бір жағы әлемдік жаһанданудың заманауи негізі болса, екінші жағы осы әлемге имманентті түрде плюрализм қасиетінің де тән екендігін қатар таниды. Қазақстанның рухани өмірінде осы күнге дейін жүргізілген модернизациялық процестер белгілі бір деңгейде осы талаптардың үдесінен шықты деуге болады.
Аталмыш идеялар Қазақстанның ішкі (Қазақстан халқы Ассамблеясы), сондай-ақ сыртқы қарым-қатынастарында (БҰҰ, ЕҚЫҰ, ШЫҰ, ТМД, ЕЭО, ИКҰ, ҰҚШҰ, ЭКСПО-2017 және т.б.) ұтымды қолданылып келеді. Ішкі саясаттан айтар болсақ, бір ғана Қазақстан халқы Ассамблеясының жұмыс істеуі – ұлттық-мәдени плюрализмге лайықты көңіл бөлетін озық конституциялық модельді қалыптастырды. Өз кезегінде БҰҰ тарапынан да оң бағаға ие болып отыр. Ал мемлекетіміздің сыртқы қарым-қатынастағы көпвекторлы саясаты мен интеграциялық процестерде белсенділік танытуы Қазақстанның сенімді әріптес ретіндегі мәртебесін қалыптастырды. Бұл да өз кезегінде айтарлықтай жемісін беруде.
Қоғамдық сана бойынша инструменталды, сипаты бойынша таптық (бай-кедей) мазмұнда қалыптасқан кеңестік Қазақстан үшін азаматтық қоғам орнату сұрақтары әлі де күн тәртібінен түспей тұрған өзекті мәселе. Шын мәнінде «тарихи уақыт» сығымдауға көнбейтін, өзіндік жүріп өтер жолы бар, кездейсоқтық пен заңдылықтардан қатар тұратын бүтіндей әлеуметтік-мәдени құбылыс. Дей тұрғанмен, адамзат жүріп өткен әрбір тарихи кезеңнің өмір сүру уақыты 2,73 есеге дейін қысқарып отыратындығын осы заманғы зерттеулер көрсетіп отыр (С.П.Капицаның сингулярлық теориясы). Уақыт категориясы әлеуметтік контексте оқиғалардың сандық және сапалық көрсеткіштеріне тікелей тәуелді, олардың жиілігінің һәм қалыңдығының өлшемі. Сондықтан да қазақстандық қоғамдық сананы жаңғырту бір жағы – тарихи уақытты механикалық сығымдаудан аулақ болуы тиіс болса, екінші жағы – тәуелсіздік жағдайындағы уақытты, оның төл құндылығына сай оқиғалар легімен толассыз байытып, түбінде жалпықазақстандық азаматтық қоғам орнатуды көздеуі керек.
Жаңғырту процесі – бір мезетте әр түрлі деңгейлерде жүруді қажет ететін, жүйелі өзгерістер енгізуді көздейтін кешенді құбылыс. Экономикалық, саяси, мәдени және құқықтық өзгерістер өз алдына жеке-жеке кеңірек тарқатыла түсуді, тереңірек тамыр жаюды көздеумен қатар, өзара тұжырымдамалық байланыстан ажырап қалмай, оны басты бағдар ретінде ұдайы назарда ұстап отыруды жаңғыртудың басты шарты ретінде алулары тиіс.
Экономист-ғалымдардың пікірінше, жаңғыртудың типі «қуып жетуге» құрылған қазақстандық экономика үшін (себебі 30 дамыған елдің қатарына ену мақсатын көздейді) ұзақ мерзімді әрі арзан несиелерді беру – инновациялық технологиялардың өндіріске енуіне оң әсерін тигізеді деп есептеледі. Әсіресе, ішкі инвестицияны тарту, біртіндеп оның үлесін арттыру түптеп келгенде отандық өндірістің қалыпты дамуына жағдай туғызады. Осы орайда Елбасының рухани жаңғыруға қатысты мақаласында көтерілген «Туған жер» тұжырымдамасы республикалық және жергілікті ауқымдағы іскер азаматтардың өңірлерге инвестиция салуын идеялық тұрғыдан ғана қолдап қоймайды, ол сонымен бірге ұйымдық-құқықтық тұрғыдан механизмдерін жетілдіре түсуді де болжайды деп есептейміз. Бұл дегеніміз кемінде салықтық жеңілдіктер мен шегерімдер жүйесін белгілеуді, жергілікті атқарушы органдар тарапынан ұйымдастырушылық және моральдық қолдауды қамтуы тиіс. Рухани жаңғыруға кәсіпкерлердің, әсіресе шағын және орта кәсіп иелерінің қосатын үлесі де қомақты болмақ.
Соңғы кездері елімізде кәсібі дөңгеленген азаматтардың іскерлік жолын, қиыншылықтары мен жетістіктерін баяндайтын көптеген кітаптар жарық көруде. Мұндай жағымды құбылыстың отандық кәсіпкерлік рухты дамытуда үлесі орасан зор екендігі айтпаса да түсінікті. Сол себепті, әрбір іскер азаматтың жеке тәжірибесімен бөліскен, сол жолда табысқа жеткізген рухани ұстанымдары мен көзқарастары өз алдына кітап болып шығып жатса, рухани жаңғыруға қосқан тұшымды үлес сол болар еді. Мұндай игі істер легі түптеп келгенде ұлттық кәсіпкерліктің дүниетанымдық негіздері мен қағидаларын қалыптастырып, қазақтың кәсіпкерлік рухын бір жүйеге түсіреді. Жүйесін тапқан қазақ кәсіпкерлігінің жолы – іскер азаматтарымыздың қоғам алдындағы мерейін үстем қылып қана қоймайды, ол сонымен бірге өскелең ұрпақты кәсіпке баулуда таптырмас рухани азық, жолашар құралға айналады.
Рухани жаңғыру дегеніміз – тарихи тұрғыдан алғанда, кез келген модернизациялық процестің бастауында тұратын, кертартпа һәм тиімсіз сана болмысына күмән келтіріп, керек болса Раблеше әжуәлап, оны сергітуге бағытталған гуманитарлық һәм ұлттық жоба. Батыс Еуропа ұлты мұндай жаңғыруды Қайта өрлеу дәуірінен бастады. ХV ғасырдың әйгілі мүсіншісі Микеланджеломен қашалған адамның жалаңаш мүсіндері («Давид», «Бостандықтағы құл» және т.б.) – «адамның – Адам» екендігін, өз алдына дербес гуманитарлық құндылық бола алатындығын паш етті. Тегеурінді өнер идеясы – көркем әдебиет образына, одан – құқықтануға ұласып, нәтижесінде «Адам мен азаматтың құқықтары туралы декларация» жарияланды (1789 ж., Франция). Бұл рухани жаңғырудың гуманитарлық ойдан, сана болмысынан бастау алатындығын, сөйтіп қана қоғамдық өмірдің өзге қабаттарына жан бітіп, әлеуметтік өмірдің шындығына ұласатындығын көрсетеді. Бір ғана адам бейнесінің сана сүзгісінен қайыра өтуі – Еуропа ұлтын өнеркәсіптік төңкерістерге бастап, М.Вебердің тілімен айтқанда, мәдени капитализмге алып келді. Сол себепті Елбасы мақаласында көтеріліп отырған мәселелер отандық гуманитарлық ғылым мен шығармашылық ойдың өзегіне айналып, ондағы адамның бейнесі қандай болмақ керектігі туралы идеялар мен көзқарастар жүйесі таным елегінен өтуі тиіс.
Мәселен, Елбасы мақаласындағы қазақстандық «рухани жаңғыру», кемінде өзара байланысты, бірін-бірі болжайтын келесідей төрт мәселенің қисынын қамтиды деп есептейміз. Біріншіден, жалпықазақстандық азаматтық қоғам орнату мұраты айнымас мақсатымыз болуы тиіс. Екіншіден, жалпықазақстандық азаматтық қоғамды мемлекеттік тіл факторы негізінде құру мәселесі. Үшіншіден, жалпықазақстандық азаматтық қоғамды құруда мемлекеттік тілдің интеллектуалды әлеуетінің жетіп-артылатын болуы және соған жағдай туғызу мәселелері. Төртіншіден, жалпықазақстандық азаматтық қоғамның «Мәңгілік Ел» аталатын өркениеттік құбылысқа ұласуы үшін мемлекеттік тілде төл философиялық жүйені қалыптастыру міндеті.
Ал жалпықазақстандық азаматтық қоғам орнату мемлекеттің саяси басшылығының ғана емес, ол сонымен бірге бүкіл қазақстандықтардың ортақ арманы, азаматтық өремен таңдалған жолы болуы тиіс.
Бұл ретте, Елбасымыз көрсетіп бергендей, мемлекеттік тіл – қазақстандықтарды ұйытушы бірден-бір факторға шынайы айналуы қажет. Онсыз, азаматтық ұлтты – қазақстандықтарды қоғамдық санада орнықтыру мүмкін емес. Бұл жоғарыда айтып кеткеніміздей дамудың тарихи сығымдалмаған һәм эволюциялық жолы. Мемлекеттілік пен мемлекет ұғымдарын «Мәңгілік Ел» идеясы арқылы біте-қайнасқан мәндерге айналдырудың табиғи тетігі. Қазақстанның оқыс өзгерістерге бой алдырмай, сондай-ақ, тамырын тәуелсіздіктің мұраттарынан тартатын басты жолынан да көз жазбай, елдің әлеуметтік-мәдени ерекшелігін, саяси ахуалын ескере отырып, азаматтық қоғам идеяларын кезең-кезеңімен, біртіндеп бекітуге кірісуі – мемлекеттілігіміздің баянды дамуының басты кепілі.
Әлемде соғыс өрті мен қақтығыстар өршіп тұрған осы күнгі елдердің бәріне тән ортақ бір белгі бар. Ол – шынайы азаматтық қоғамның пісіп-жетілмегендігі. Сол елдерді мекендеуші халықтардың арман-тілегі бір – азаматтық ұлтқа ұласып, ортақ мәмілеге негізделген бейбіт өмірді орната алмауы. Сондықтан, жалпықазақстандық азаматтық қоғамды орнату – мемлекеттің, бұқара халықтың және ең бастысы, ғылым мен шығармашылық адамдарының қасиетті парызына айналуы тиіс. Бұл ретте Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев атап өткендей, Қазақстанды мекендейтін барлық ұлт өкілдері мемлекеттік тілдің айналасында топтасып, азаматтық ұлт болып ұюымыз керек. Ол үшін барша қазақстандық өз ұрпағының болашағын мемлекеттік тілге сеніп тапсыратындай жағдай туғызуымыз керек. Әлемдік ғылым мен білім жетістіктері мемлекеттік тілде қолжетімді болмай, ортақ Отанымызда тұрып жатқан өзге де ұлт өкілдері ұрпағын қазақ тілінде оқытуға ыхтиярлы бола қоймайды.
Мемлекеттік тілдің ғылым мен білім тілі ретінде дамытылуы – әрбір қазақстандық азаматтың экономикалық мүддесін оятып, бірінші кезекте осы бір прагматикалық үдеден шығатын заманауи мәртебеге ие болуы тиіс. Бұлай болмайынша мемлекеттік тіл факторына ұйыған азаматтық қоғам орнату мұраты кейінге қалып, кешеуілдей береді. Интеллектуалды ұлт жобасы мен азаматтық қоғам идеялары – сайып келгенде бір арнаға тоғысатын, бірін-бірі толықтыратын қазақстандық әлеуметтік-мәдени құндылыққа айналуы керек. Азаматтық қоғам құрып, өмір сүру мұратының негізінде мемлекеттік тіл болып табылатын қазақ тілінің – ғылым тіліне айналуын меңзейтін сарабдал саясат жатыр.
Қазыбек ДАУТАЛИЕВ, «Болашақ» бағдарламасының стипендиаты АЛМАТЫ